Бұған дейін елімізде қобызшылар ансамблі болмаған. Қарағайдың түбінен қайырып, үйеңкінің түбінен үйіріп алғаш қобыз жасаған Қорқыт атаның елі Қызылордада биыл қобызшылар ансамблі құрылған еді. Өнер иелерінен елдің жаңалық күтетіні рас. Ансамбльдің дайындық жұмыстары карантин жағдайында қалай жүргізілді? Алғашқы концерт қашан өтеді? Тыңдарманның көкейіндегі қазіргі сауал осы.
Күнделікті қарбалас тірлікте жабырқаған, қатайған көңілді сөзсіз жібітіп, баянсыз, у-шу дүрмектен ала қашып, алысқа жетелейтін қазақ күйінің орны бөлек. Әсіресе, аттың дүбірі, домбыраның күмбірі, қобыздың үні естілсе елең ететін қазақ үшін. Сондықтан карантин басталысымен онлайн режимде дайындық жүргізген ансамбль шығармаларды күнделікті бейнежазба етіп дайындап, әлеуметтік желілерде жариялап отырды. Осылайша Ықыластың «Жез киігі», Әлқуат Қазақбайдың «Шабыт», «Тілеп сарыны», жетігеннің сүйемелдеуімен орындалған «Аққу» күйі үйде отырған тыңдарманның алаң көңілін басып, ұлттық өнерге сусындатты. Ал, қалың жұрттың көңілінен шығып үлгерген қобызшылар Айнуза Бегімсалова, Тоқтар Ағыраев, Айдана Рүстембек жеке онлайн лекция-концерт ұйымдастырды.
– Соңғы бір жарым ай өнер иелері үшін де оңай болмады. Қазір ансамбльдің құрамында 20 қобызшы, жетігенші, концертмейстер бар әрі барлығы да жас. Сондықтан бұл қиындықты олар оңай еңсерді. Репертуарымызда Қорқыттың «Қоңыр», «Бәшпай», «Сарын» күйлері, Арман Жайымның «Әз Тәукесі», Махамбеттің «Жұмыр қылыш», Нұрғиса Тілендиев, Ғайни Бұлтаеваның шығармалары, «16 қыз», «Жайдарман», «Ақ баян» әндері бар. Сондай-ақ, ұлттың ұлы тұлғасы Абай әндерінің болуы заңдылық. 175 жылдық мерейтойына орай Ермұрат Үсеновтің «Абай әндеріне фантазиясын», «Желсіз түнде жарық ай», «Амалым жоқ» туындыларын да ұлтқа жанашыр, ойы зерек тыңдарман үшін даярлаудамыз, – деді ансамбль жетекшісі Салтанат Пұсырманова.
Бүгінде төтенше жағдай аяқталысымен алдағы концертке дайындық басталып та кеткен. Әбігерге салған індеттен әлем сауығып, ел аман болса ансамбльдің алғашқы жеке концерті қыркүйек айында өтпекші.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<