«Асыл мұраның» асуы

1411

0

Мәдениет және өнер саласы қызметкерлері мен ұйымдарының ІІІ республикалық «Рухани қазына – 2020» байқауында жерлесіміз Әйгерім Бекқұлиева үздіктер қатарынан табылып, 500 мың теңге сыйақыны иеленді. Ол дайындаған «Асыл мұра» тележобасы «Үздік музейлік онлайн жоба – 2020» номинациясын жеңіп алды.

Байқауға республика бойынша 50 музейден өтінім түскен. Оның 13-і түрлі номинациялар бойынша жеңімпаздар көшін бастады. Фестивальдің мақсаты – мәдениет қызметкерлерінің, оның ішінде музей қызметкерлерінің мәртебесін көтеріп, тәжірибе алмасу алаңына айналу.


– «Асыл мұра» бағдарламасы­ның алғашқы хабары атадан ба­лаға мирас болған қазақтың зер­герлік өнеріне арналып, музей қо­рындағы әшекей бұйымдар кол­лекциясының тарихы, семанти­касы және зергерлік бұйымдар атау­ларының этимологиясы туралы толық мәлімет берді. Өн бойында қазақтың ұлттық болмысын айқындайтын элементтер өрбіген жобаның әр санында Наурыз тойы, ұлттық қолөнер, дәстүрлі музыкалық аспаптар, ар­хео­логиялық экспонаттар мен қаз­­ба жұмыстары қамтылды. Біз мұ­нымен тоқтап қалмай, әрі қа­рай да Ұлы даланың жасампаз қырын айшықтап, тарихына тоқ­тала береміз. Біздің елдің тарихы бір кітап, бір хабарға сыймайды. Сондықтан, бұл – тоқтаусыз тіршілік, – дейді автор.
Облыстық музейде жұмыс іс­тейтін маман жастар үшін тәр­биелік маңызы зор мәдени ша­ра­лар ұйымдастырумен қатар, музей­ішілік жобалар жасап, рес­публикалық ғылыми-танымдық, ғы­лыми-практикалық конфе­рен­цияларға қатысып жүр. Респуб­ли­калық байқаулардан жүлделі оралған сәттері аз емес. «Музей құры­лымы. Әлеуметтік-мәдени мәр­тебесі. Қызметі» атты облыстық ғылыми-танымдық конференцияда «Музей құндылықтарын зерттеу. Ұлттық әшекей бұйымдар атауларының этимологиясы» та­қы­рыбында тың ғылыми деректер ұсынып, ең үздік баяндамашы атанды.

– «Музей мен білім кеңістігінің интеграциясы», «Дәстүрлі, ара­лас және заманауи музей құры­лымы» сынды мақала­ларым ғылыми жинақтарға енуде. Облыс музейлері ішінде ұйымдас­тырылатын жобалар аясында жас өрендердің ой-өрісін дамыту, сөз тереңіне үңіле білуге баулу мақсатында «Әр есімде терең сыр, есіміңнің мәнін біл» атты жобам мектеп оқушыларының арасында кеңінен талқылауға ие болды. Ал биыл номинацияға ие болған «Асыл мұра» тележобамның шоқтығы биік. Өйткені, бұл бір менің ғана емес, ұжымның, телеарна еңбегінің еленуі, – дейді Ә.Бекқұлиева.


Жобаны облыстық тарихи-өлке­тану музейі мен жергілікті «Qogam TV» телеарнасы бірлесе орындап келеді. Бұл жерде «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу бөлімі қызметкерлерінің еңбегі зор. Жобада қазақтың бас ақыны Абай туралы да, музей қорында сақталған маңызды экспонаттар да қамтылған.


– Қазақтың ұлттық киімдерінде оның этникалық тарихы мен эко­номикалық, әлеуметтік және та­биғи ортаның ерекшеліктерінен ту­ындайтын көне дәстүрлері бой көрсетеді. Қандай киім болмасын, онда халықтың әсемдік талғамы, өмір салты, өткендегі хал-ахуалы да суреттеледі. Музей қорында сақтаулы Сыр өңірінің өнер қайраткерлерінің киімдер коллекциясы «Асыл мұраның» жетінші хабарында толық қамтылған. Музей қорында сақтаулы әр жәді­гердің тарихынан, оқиғалық желі­сінен, жасалу технологиясынан, авторларынан мәлімет беру және қазақ ұлтының материалдық емес құндылықтары болып табылатын салт-дәстүрлерді насихаттауды мақ­сат еткен тележоба көрерменнің көзайымына айналып үлгерді. Бұл – үлкен мақтаныш, – дейді ол.
Ұлттық құндылықтарды жұрт­шылыққа насихаттауда Әйгерім Бек­құлиеваның еңбегі зор. Сонымен бірге ол – біздің басылымның тұрақты авторы.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<