Қазақ киносы және Абай

889

0

Абай өз заманында халқына көп нәрсе ұқтырамын деді, ұқпады, өзі айтқандай «қайран сөзім қор болды тобықтының езіне» дегені бір тобықтыны ғана емес, жалпақ жұрты қазағына айтқаны еді. Қазақ қоғамында өмір сахна болса, «мыңмен жалғыз алысқан» тартысты сол сахнада Абай тудырған еді. Бұл – өмір шындығы. Тұрсын Жұртбай ағамыздың: «Өмірдегі шындық біткен жерден, көркем шындық басталады» – деген сөз бар еді. Осы айтылғандай Абайдың драматургиядағы соның ішінде кинодағы көркем шындығы қандай еді, енді қандай болады дегенге біраз ой жүгіртсек.

Абайдың көркем бейнесі жалпы драматургияда театр сахнасында біршама көрініс тапқанымен, кинодағы көркем бейнесі өткен ғасырдың ортасында түсірілген «Абай әндері» атты көркем фильм, одан кейін аттай қырық жыл өткенде Абайдың жастық шағы туралы А. Әмірқұлов «Жас Абай» деген көркем туындысын көрермендерге ұсынып көрді. Кино негізінде Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романынан желі тартып көрген, көрерменнің ыстық ықыласына бөленсе, құлашын кеңге жаймақшы болды, бірақ межелі жеріне жетпегендей болды-ау деймін қайтып қарасы көрінбеді. Содан бері киногерлердің ешқайсысы ұлы Абайға жүрегі даулап бармады. Кезінде Шәкен Айманов «Атаманның ақыры» көркем фильмнің жұмысы аяқтағаннан кейін осы ұлы тұлғанның көркем бейнесін қолға аламын деп жүргенде өмірден мезгілсіз озып кетті дегенді өнер саңлақтарыңың айтқанын құлағымыз шалып қалып еді.

Шындығында, «Абай әндері» көркем фильмінде Шәкен Аймановтың сомдаған Шәріптің бейнесі тартыстың негізгі факторыларының бір бола отырып, рөлдің ширатылуы (тартыстың күшейуі) басқалардан дараланып тұрды. Осы көрністердің өзінде Шәкен ағаның ұлы тұлғаның бейнесін басқа бір қырынан көрсеткісі келгені сезіліп тұрғандай.

Аталмыш фильм қазақ қоғамының сол бір кезеңдердегі кино өнерінің әлі жетіліп үлгермеген балаң кездері болғандықтан ба кинематографиялық заңдылық тұрғысынан қарағанда кино-спектакальге көбірек ұқсайды. Кинотуындының стильдік концепциясы, режиссурасы, актерлердің ойындары сахна өнерімен үндес келіп жатқандай сезіледі.

Кинотуындының жалпы тақырыптық мазмұны сол дәуірдің көзқарасы бойынша феодалдық таптың озбырлық іс-әркетіне жастардың махаббат еркіндігі, өз бостандығы үшін күресуі болса, кинотуындыны жасаушылардың негізгі идеясы кертартпалықты әшкерлеп, ажал аузынан екі жасты арашалап алып қалған Абайдың әрекеті арқылы ұлы тұлғаның көркем бейнесін дарлауды мақсат еткен.

Бітім-тұлғасы молынан пішілген сыртқы бейнесі басқалардан дараланып келіп, ауыл сыртындағы биіктеу төбеге жастар арасына Абайдың жайлап келіп жайғасумен кино басталады. Кинода жастардың арасындағы жаңашылдық леп, іс-әрекеттің барлығы да Абайдың айналасына жинақталып өткен қоғамның тыныс-тіршілігімен үндесіп жатыр.

Казіргі жағдаймен алғанда, нақты реалдық жағы кемшін түсіп жатқан жайттарды сол қоғамның қатаң талабынан деп түсінуге болады.

Бұл жағдайда қазақтың өзінің ата салты бар. Басқа әулетке ақ босағаны аттап келін болып барған қыз бала қандай жағдай болмасын барған жеріне «балдай батып, судай сіңуге» тиесілі. Егер күйеуінен ерте айырылып, басына қиын күн туған жағдайда жесірін қаңғыртып жіберу қазақ үшін екі талай дүние. Болмасқа амал таусылғанда ғана ақ, адал келіннің өз қалауымен басына азаттық беріледі. Мұндай өмір шындығы Абайдың өз басында да болған. «Жүрек қалауы, әйел теңдігі» деп көңіл қосқан адамына ешкімнен сұрамай ере жөнелу тек өткен қоғамның көзқарасы ғана «әйел теңдігі осылай болу керек» дейді.

Осыдан келіп, қазақ драматургиясында Абайға байланысты театр сахнасында болсын, кинода болсын, кино дегенде «Жас Абайды» айтпағанда, (бұл кинода Абайдың бейнесі толық ашылды деп айта алмаймыз) ауызға аларымыз осы «Абай әндері» фильмі. Бұлардың көпшілгінің ішкі пішіндері өзгелеу болғанымен мазмұны, тақырыптық идеясы сол әйел теңсіздігін қаузайды.

Ендігі жерде, қазақ қоғамы ел болып, Ұлы Абаймен сілкініп ояануды мақсат тұтты. Жоғарғы жақтан Абай туралы кино түсіріледі деп айтылып жатыр, деректі фильмдердің жөні бір басқа, көркем фильмдер қалай болады, толықметражды көркем фильм бола ма, әлде телевизиалық телесериал бола ма, мемлекеттің тапсырысы бойынша қаражат бөлінетін болғандықтан білек сыбанып қолдарын ысқылап отырғандар баршылық сияқты. Түсірер фильмнің қайтып айтсақ та биліктің нұсқауымен болатыны хақ. Қалай болса да көрермен халық Ұлы Абайдың ғибратын ұғынып, рухын бойға азық, жанға қуат алса болғаны.

Тумай жатқан дүниенің ту сыртынан не айтамыз, дегенмен де ұлы тұлғаның көркем бейнесін киногерлер қай қырынан алып қарар екен дегенге келгенде, тарихи тұлғаны түсірушілер көп жағдайда сол тұлға туралы көркем әдебиетті іздейді. Бұл тұрғыдан алғанда Абай туралы керек десеңіз төрт кітап, яғни роман-эпопея бар. Әлемдік кинода көркем әдебиеттің желісімен түсірілген фильмдер жетерлік, алысқа бармай-ақ Лев Толстойдың «Анна Каренина», Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» сияқты роман-повестерінің желісімен түсірілген көркем фильмдер, отандық көркем шығармалардың желісімен түсірілген С. Мұқановтың «Ботакөз», Ә. Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романдары, М. Әуезовтың «Қараш-Қараш оқиғасы» повесінің желісімен түсірілген фильмдерді атап айтуға болады.

Осылай болғанымен, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман–эпопеясын кино тілінде сөйлетуге күні бүгінге дейін ешкімнің тісі батып бармады.

Абай әркімге оңай шағылатын жаңғақ емес, даншпан ақынды аузына алып, «алла қаласа бітіре саламыз» деушілер баршылық рас, алладан бұйрықсыз еш нәрсе болмайды. Бірақ, бұл екінің бірінің айта салатын сөзі емес.

Абай:

«Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз қол емес.

Ынталы жүрек шын көңіл,

Өзгесі хаққа жол емес.» – деп данышпан ақының өзі айтқандайын, Алла деген салмағы жоқ сөз болса, ақынның айтқанындай:

«Мансап іздер мал құмар,

Бәрі мақтан іздеген.

Мақтанынан не туар,

Ыза қылып өзгеден» – дегені.

Абайға барам деушілер тек мансап пен ақша үшін оған құр мақтанды қосып алса, пендешіліктің биік денгейіне жеткендері. Абайға бару – әділеттің хақ жолымен жету деген сөз.

Осы жағдайда киногерлер кинематографияда Абайдың жанды мүсінін қалай жасап шығара алады? дегенге келсек:

Киногерлер әуел баста, М. Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясына бір соқпай өтпейтіні белгілі. Бұдан басқа түрен салып, төте тартар түзу жолды көріп тұрғанымыз жоқ.

«Абай жолы» роман-эпопеясы – ұлы ақынның адам болып, азамат болып жаңадан қалыптасып келе жатқан балаң кезден бастап, өмірден озған шаққа дейін бақандай қырық бес жыл, төрт кітапқа арқау болған және данышпан жазушы М. Әуезовтің шығармашылық өмірінің жиырма жылын сарп еткен бірегей туынды.

Осы кезеңдерде ақынның адам ретінде, ақын ретінде, ірі тұлғалық қалыптасулары сол жарты ғасырға таяу уақытта қазақ қоғамымен бірге өмірдің барлық саласында ойы-қыры, қия-қалтарыстарымен өрлеп суреттеледі Бұл туындыда ұлы ақын арқылы арғы ғасырдың екінші жартысында, өткен ғасырдың басындағы кешегі өткен қазақтың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, ой-санасы және бүкіл рухани болмысы сайрап жатыр.

Эпикалық туынды бастан-аяқ тартысқа, қарама-қарсы жақтардың күресіне құрылған және олар өсу-өрбу, қимыл-қозғалыс үстінде бір ізді дамып отырған. Болып жатқан оқиғалар қазақтың кең сақара даласында адамдар арасындағы әр түрлі шиеленістер, айтыс-тартыс, барымта, жер дауы, жесір дауы, жеңу мен жеңіліс, алдау-арбау, жағыну мен жалыну, зорлық-зомбылық, реніш-қуаныш, қасірет-қайғы осы арқылы жұлын-жүйкеңе түсетін ауыр салмақтардың барлығы – кең жазира дала сахнасында қойылып жатқандай суреттеледі. Ал сюжеті мен құрылысына келер болсақ, Мұқаңның керемет шеберлігінде төрт кітаптың өн бойында образ жасауда бірде-бір артық кеткен штрих деталдарды көрмейсің, бәрі де мінездеу мен даралаудың үлгісін көрсетіп тұр. Әр образ өз дәрежесінде типтік деңгейге көтерілген. Бас кейіпкер дараланып, өсу, өрбу үстінде көрініс тауып отырады. Дәл осы жағдайды Ғ. Мүсіреповтің роман-эпопеясындағы образдарды қолмен қойып, сахнада роль үлестергендей, былай келтіргені бар еді. «Сүйіндік – жалтақ, Байдалы – табанды, қырыс адам. Бөжей – сыр бермес, Қаратай – жеңген топтың қасында… Майбасар, Жұмағұл, Тәкежан, Қамысбайлар – патша үкіметі жасаған болыстың маңындағы мансапқорлар… Зере – ел анасы, Ұлжан – оның жалғасы. Сары апаң – үстем рудың әрқашан өзімдікі дұрыс дейтін кеуделісі…Құнанбай – сонша сұм, сонша аруақты, сонша бір кесек образ! Абайдың өзін алатын болсақ – бұл бұқара халықтың тартқан жапа, көрген қорлық, төккен жасынан туған, ел тілегіне жаңа жолдар, ел болашағына жаңа бақыт іздеген әзір таппаған бірақ қайдан табатынын дәл сезіп болған ел басы, замана жасы. Құнанбай – елдің тоқырап қалған, өз биігінен аса алмаған ой болса, Абай – елдің алысты болжай алған, ілгері сүйреген ойы. Осыдан-ақ киногерлерге оқиға желісі, адамдар тартысын, образдарды мінездеу мен даралауды Мүсірепов дәл тауып бергені көрініп тұрғаны анық.

Дегенмен де әр шығармада прототип пен образдың арасындағы болатын өзгешіліктер, тарихи оқиғалардың көркемдік ерекшеліктерге байланысты өзгертулердің болатын заңды құбылысты осы тарихи туынды да аттап өтпеген.

Абай да ет пен сүйектен жаратылған адам ретінде шынайы өмірде болмыс бітімі, мінез-құлқы, жүріс-тұрысының қандай еді. Осы жағдайда Абайдың туған баласы Тұрағұлдың әкесі жайлы естелігінде: «Мен әкемді танығанда әкемнің жүзі ашық, ажары сыртында, көзі өткір, ашуы да, қуануы да жылдам ширақ жан еді» – деп келетін Тұрағұлдың әкесі жайында айтуына қарағанда Абай сауықшыл, дарқан дастарқаны мол, әңгімешіл, адамдардың бір тәуір мінезін көрсе, малшы-жалшы демей қалжыңдасып отыратын жанға ұқсайды. Ал, ол еш уақытта іші сүймейтін адаммен әңгімесі жарасып отыруды қош көрмейді екен. Қандай бір әңгімесі жарасып, ойнап-күліп отырып қитығына тиген жағдайда тез ашуланатын. Онысын білетін ет жақындары одан абайлап, именіп отырады екен.

«Ұйқысы шағын, жалпы халықтан кеш жатып, ерте тұру – әдеті. Төсегінің алдына қалың көрпе төсетіп, бір жағынан үлкен жастық қойғызып, көйлекшең, басқа киім кимей, жастығын шынтақтап, кейде бауырына басып отырушы еді» – деп келтіріпті Тұрағұл естелігінде. Абайға қандай бір шаруамен келген адам шаруасын тура айтып шештіріп алмаса, сөз соңында немесе сылбырап, мәймөңкелеп тұрған жанды жақтырмайды екен. Ондай адамды кейде сөзін де алмай ұрсып-ұрсып қуып жіберген кездері де болыпты.

Абай шаруаға қырсыз, малға сонша қызықпаған, малының санын жорамалдап ғана білетін, бақташы мал бағатын адамдарына сенім артып жүре беретін жанға ұқсайды. Жүйрік ат, қыран бүркітке қатты қызығатын, біреудің жақсы ат, қыран бүркітіне қызықса несі болса да аямай беріп, соны қалап алатын дейді Тұрағұл әкесі жайында әңгімеде. Абайдың адами қасиетінің ерекшелігі өзіне сенім артқан тақыр кедейлерді мал дәулетті болдырып, бөлек шығарып қыстау, жайлауларын қалаған жерлерінен бөліп беріп отырған. Ал сенімнен кеткендерді маңынан аластатқанымен, сонша қанғытып жібермейді екен. Оларға да азын-аулақ мал, қыстау-жайлауларын көрсетіп беріп отырған екен.

Абайдың өмірбаянынан сыр шерткен Мұхтар Әуезовтың келтірген деректерінде Кеңгірбайдан кейін ырық бермей келе жатқан Ырғызбайлар болысы да, болыс емесі де түгелімен бақ-мастыққа салынып, орынсыз жуандық, орайсыз тентектігі молаяды. «Ырғызбаймын» деу еркелік пен тентектік және жуандыққа кепілсіз, шексіз берілген билет сияқты болады. Осыдан келіп, ел жуандары мен Абайдың туыстарының арасында зор тартыс, тың егес туады. Жақындары пәлені бастап алып, салмағын Абайға әкеп тастайды. Кінәсіз болса да пәле басы Абай болып шығады екен. Тіпті, кейбір кездерде шектен шығып кеткен оқиғалар болыпты. Мысалы Шыңғыс өңіріне болыс болған Ысқақтың жай адамдарға қол көтеруі және оның әйелінің кезіккен қостан семізді өз еркімен жықтырып ала беруі жай халықтың Ырғызбай тұқымдарына өшпенділіктері одан әрі өршіді дегенді келтіріпті.

Осы жағдайды мысық табандап күтіп отырған Оразбай, Жиренше, Күнту, Абралылар халықты отқа май құйғандай лаулатып өршітеді екен.

Осылайша күрмеуі көп күрделі заманның тыныс-тіршілігін заңғар жазушы өз биігінен елеп-екшеп, қазақ топырағына алғаш рет роман-эпопея түрінде алып келді.

Роман-эпопея өз заманында теңдесі жоқ туынды болғаны рас, бірақ бүгінгі күннің биігінен қарар болсақ заманның ағымына бас имеске амал жоқ, қайшылықты дүниелер де кездеседі.

Абайды да, Мұхтарды да көп зерттеген алаштанушы, белгілі ғалым, Абай мен Мұхтар туған топырақтың төл перзенті Тұрсын Жұртбай ағамыз: «М. Әуезовтың «Абай жолы» төрт кітапта өмірде болған бір шындық жоқ, оның бәрі көркем шындық, өмірдің шындығы біткен жерден көркем шындық басталады. Бұл кітаптағының бәрі жазушының қиялындағы көркем шындық» – дегені бар еді.

Ал көркем туындыдағы Абаймен қатар өрілетін негізгі кейіпкердің бірі – Құнанбай. Құнанбайды жазушы типтендіріп, дараландырып алу арқылы дәуір сұлбасы бірінің заманы өтіп, бірінің жаңадан туып келе жатқанын көрсетуді мақсат етті. Құнанбай – шынайы өмірде тарихта болған күрделі тұлға. Кітаптағы пенделігінен шынайы өмірдегі адамшылығы басым жан. Абайдың өмірдегі жалғыз ұстазы Құнанбай болғанын Тұрсын Жұртбай ағамыздың былай келтірген жері де бар еді:«Құнанбай дүниеден озды, Абай солай жалғыздығын сезінген. «Құнанбайға қарсы болды. Абай мен Құнанбайдың арасында үлкен қайшылықтар болды» барлығы – бос сөз. Ол – көркемдік шындық, Әуезовтың шындығы» – деген еді.

Өмірдегі шындық пен көркем шындықты Мұхтардың қалай қиюластырғаны туралы Тұрсын Жұртбай ағамыздың келтірген деректерінде Қодар мен Қамқа оқиғасы кезінде Абай дүниеге келмеген ал, романда сол оқиғаны Абай көріп, шошынып ауырып жатқаны, әкесінен алғаш көңілі қалғаны суреттеледі. Бұл жазушыға не үшін керек болды? Көркемдік желісін әсерлеу үшін ғана болған нәрсе. Романның тағы бір жерлерінде Базаралы Тәкежанның 800 бас жылқысын барымталаған. Сол үшін екі рет жер аудырылады, оны жер аударқан кітапта Құнанбай болғанымен, шынайы өмірде Абайдың ісі. Құнанбай 1851 жылдан кейін ешбір билікте болмаған. Сол кездегі билік Абайдың қолында болған. Ал романда Абай мен Базаралы керемет дос болған жандар. Тағы, осы кітапта Масақұл соғысында Абай аралық елші болып жүргені суреттеледі. Өмірдегі жағдай бұл соғыс 1845 жылы қыркүйектің 10-16-сы аралығында болып өткен, ол кезде Абай – жаңа туған, қырқынан да шықпаған бала. Осылайша жазушының қолынан туған көркемдік пен шынайы оқиға қамшышың өріміндей жымдасып кеткен.

Сөз соңында айтарымыз, роман-эпопеядағы осы сияқты сансыз оқиғалардың кино тілінде қиюы мен қисынын тауып, Ұлы Абайдың сом тұлғасы көрермендердің көзайымына айналып жатса, кино жасаушыларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Енді бір жағынан Әуезовтің романды тудырған заманның өзі – керағар заман. Заманның қисынсыз талабын қиюын келтіре жасап шығарған Мұхтардың жанкештілігі қайда жатыр. Осы үшін талай қиындықтарды бастан кешірді. Сан азаппен келген Мұхтардың дүниесін киноның шарты осындай деп оңды-солды шашып тастаса, аруақ алдында біріміз емес бүтін ел болып масқара болғанымыз. Себебі арысы Абай, берісі Мұхтардың аруақтары кешірмейді.

Авторы: Ғазиз Өлдұлы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<