Бала тұлғасының қалыптасу баспалдағы

1550

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерді мемлекеттік тапсырыс негізінде ұйымдастыру жобасы жүзеге асырылып отыр.


Бұл жаңалықты бізге облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ержан Жеткерұлы жеткізді.


– Аталған жоба 4-18 жас аралығын қамтитын балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын дамыту, оларға рухани мәдени бағыт беру, жеткіншектердің бос уақытын мазмұнды және тиімді ұйымдастыруға зор мүмкіндік береді, – дейді ол.

Мұнан әрі басқарма өкілі үйірмелердің нақты жай-күйін баян етті.


Облыс бойынша 2021 жылға мемлекеттік шығар­ма­шылық тапсырысқа 240 үйір­меге топтасатын 1522 бала қамтылмақ. Бұл үшін облыстық бюджеттен 100,1 млн теңге қаржы қаралған.

Жобаның артықшылығы өнім беруші ретінде оған білім беру ұйымдарынан басқа, меншік нысанына, ведомостволық ба­ғыныстылығына қарамастан заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер де ат салыса алады.


Қағидаға сәйкес, республика көлемінде 58 үйірме түрі бекітілген. Атап айтқанда: балаларды көркем қимылға, тұлға сымбаттылығына бейім­дейтін «Би» үйірмелері (ұлттық, балет, бал билері, заманауи билер, хорео­гра­фиялық ансамбль) жұмыс жасайды. Сондай-ақ, балалар көркемсурет бағытындағы «Бейнелеу өнері» үйірмелері (кескіндеме, сурет салу, графика, көркем фотосурет, керамика және мүсін, мүсін­деу) мен қолөнер, сәндік бұйымдар жасау бағытындағы декоративтік-қолданбалы шығармашылық үйірмелеріне (тоқу және кілем тоқу, кесте, бисер тоқу, ағаш ою, киіз басу, макраме, тері илеу, өңдеу, т.б) қатыса алады.


Қазіргі кезде балалар үшін қызығушылық туғызатын «Театр және кино жанры» үйірмелерін (актерлық өнер, қуыршақ, режиссерлық өнер, бейнетүсірілім және монтаждау, компьютерлік графика) ашу жасөспірімдердің эстетикалық талғамын арттырып, әсемдікке баулиды.

Сонымен бірге балаларымызды заманауи бағытта белгілі бір кәсіп түріне бағыттайтын «Заманауи арт-студия» үйірмелерін құру (әрлеу, грим, дефиле өнері, киімді тігу, пішу, флористика, икебана) күн тәртібіне енген.


Сыр өңірі – қашаннан да талантқа бай, өнер дарыған өлке. Осы бағытты жандандыра түсу үшін болашақ ән бағының бұлбұлдарын қанаттандыратын «Вокал» үйірмесі (эстрадалық вокал, хормен ән салу, халық әні, т.б.), түрлі аспапта ойнау, орындау бағытындағы үйірмелер де (пернелік, ішекті, үрмелі, ұрмалы, домбыра, баян, оркестр және аспаптық ансамбль) белсенді жұмыс атқармақ.


Өлкетану, туған жер тарихын танып білу бағытындағы «Музей ісі» бойынша және (өлкетану, археология, мәдени мұраларды реставрациялау, гид), балаларды ақындық пен шешендік өнерге тәрбиелейтін «Әдеби жанр» үйірмелері (айтыс, поэзия, проза, көркем оқу, шешендік өнер) жүргізіледі.


«Білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз» дейді халқымыз. «Өнер қонады» деп одан бойды аулақ салуға болмайды, нағыз дарындылар мен дараларды көптің ішінен уақыт өзі бөліп алып шығады. Ал, баланың бойына өнер ар­қылы қадір-қасиет сіңіру аға буынның алдыңғы орында тұра­тын парызы болмақ.


Бұл ізгі іске мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі – жарқын болашағымызға жасалып жатқан құтты қадамдардың бірі.


Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<