БАЙСАЛОВТЫҢ «БОРАНДЫ БЕКЕТІ»

682

0

Жақында көркемсурет галереясында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Жайлаубай Байсаловтың «Боранды бекет» атты жеке шығармашылық көрмесі өтті. Оған облыстың зиялы қауым өкілдері, қылқалам және қолөнер шеберлері, қоғамдық қор мүшелері, ардагерлер, студенттер мен қала тұрғындары қатысты. 

Көрме барысында ҚР Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасы Аманкелді Кененбаев, суретшілер Рахым Шегебаев, Иассауи Ағытаев Жайлаубай Байсаловтың еңбек жолы мен шығармашылығы жайында кеңінен айтып берді. Облыстық тарихи өлкетану музейі директорының орынбасары Ж.Ахме­то­ва көрменің жастар үшін маңыз­ды­лығы зор екенін жеткізді.

– Жеке көрме өткізуді көптен бері ойлап жүрген болатынмын. Дайындық та біраз уақыт бұрын басталды. Көрмеге 60-қа жуық жұмысым қойылды. Мұнда 1980 жылы алғаш салынған суреттерім де бар. Сонымен бояуы әлі кеуіп үлгермеген туындылар да ілінді.  Бұл шығармаларымнан 2012 жылы Қастеев музейінде де көрме ұйымдастырылды, – дейді суретші.

Сондай-ақ, суретші көрменің аты не үшін «Боранды бекет» аталғаны жайында кеңінен әңгімелеп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Қылқалам иесі тіршіліктің мың сан бояуларын ішкі дүниесімен үндестіріп, өзіне тән әдемі иірім тапқан. Әрбір туындысынан ұлттық болмысымызды анық көруге болады. Қылқаламға қызығушылығы ерте оянған ол осы уақытқа дейін талай белестерді бағындырды. Жайлаубай Жұмамұратұлы 1976 жылы Шымкент қаласындағы Ә.Қастеев атындағы көркемсурет учили­ще­сінде білім алды. 2005 жылы Бай­қоңыр қаласындағы ҚР Прези­денті өкілдігіне 10 жыл толуына орай өткен шарада «Алтын адам» сыйлығы берілді. Ж.Байсалов көп­теген республикалық және ше­телдік көрмелерге қатысқан. Сурет­ші­нің жұмыстары Франция, Англия, АҚШ, Ресей мен Германияның мұра­жай­лары қорларында сақталуда. Ав­тор­дың шығармашылығы табиғат, натюрморт, портрет, анималистік жанрларға арналған. Әрбір туын­ды­сының өзіндік боя­уы, өрнегі бар.

Көрмеге жиналғандар суретшінің шығармашылығымен кеңінен танысып, ерекше әсер алды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<