Білезік атауының этимологиясы

3040

0

Музейдің қазақ ұлтының рухани асыл дүниелерін жинақтап, өлкеміздің кешегісі мен келешегін жалғап отырған рухани-мәдени мекеме екені баршаға мәлім. Облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі құнды жәдігерлер – халықтың тарихы, мәдениеті және өнерін қамтитын талай замандардың куәлары және халықтың сан ғасырлар бойындағы тірлік-тұрмысының айқын айғағы, әдет-ғұрыптардың тайға таңба басқандай іздері.

Музей қоры және экспозициясындағы этнографиялық жәдігерлерді зерттеп, оларға ғылыми сипаттама беру барысында, зерттеліп отырған заттың атауына еріксіз назар аударасыз. «Осы зат неге осылай аталды екен, халқымыз не себепті осылай атап кеткен екен?» деген сауал сананы билеп алып, ой тұңғиығына алып кетері рас. Қазақтың тұрмыс-тіршілігінен ақпар беретін этнографиялық жәдігерлер, оның ішінде әшекей бұйымдар атаулары біраз дүниені ашып, айтып берері анық.

Бүгін біз қазақ зергерлерінің ең көп жасайтын әшекейлерінің бірі – білезік сөзінің этимологиясы туралы айтпақпыз.

Білезік – әйелдердің білекке салатын алтын, күмістен жасалған сәнді бұйымы. Білезік – білектің қол басына жалғасқан жері. Бұйымның білезік аталуы сол әшекей тағылатын дене мүшенің атауымен үндес болуы да ықтимал.

Атаудың тағы бір нұсқасы барлығын назарларыңызға салғым келеді. Білезік сөзі білек пен жүзік сөздерінің кірігуі арқылы жасалуы да бек мүмкін. Білек – қолдың басы мен шынтақ аралығы, жүзік – қолға салатын сақина. Сайып келгенде, «білекке тағылатын жүзік» деген мағынада «білекжүзік», кейіннен осы екі сөз кірігіп, халық арасында білезік атанып кеткен. Білезікті қыз-келіншектер де, орта жастағы әйелдер мен үлкендер де қолға салады.

Әйгерім БЕКҚҰЛИЕВА,

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің  

бөлім меңгерушісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<