Домбыра-дастан

1116

0

Апта аяғында облыстық филармонияда бірнеше дүркін республикалық конкурстардың лауреаты, «Қазақ мәдениетінің қайраткері» медалінің иегері, күйші-домбырашы Болат Күзембаевтың «Домбыра-дастан» атты шығармашылық кеші өтті. Концертте Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі және оның көркемдік жетекшісі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Самат Аблаев, бас дирижері, «Құрмет» орденінің иегері Кеулімжай Ботабаев және тағы да басқа белгілі күйшілер өнер көрсетті.

Замана зарын сөзбен емес, күймен жеткізген қазақ өнерінің заңғары Мүсірәлі, Дәулеткерей, Құрманғазы, Мәмен, Сейтек, Дина, Науша, Қали сынды күйшілердің мұрасын жалғастырушы өнер иесінің кеші дәулескер күйші Қазанғап Тілепбергенұлының «Күй басы – Ақжелең» шығармасымен  бастау алды. Өнерсүйер көрермен мұнан соң кеш иесінің орындауында Құрманғазының «Төремұрат», Шал Мырзаның «Бұғының күйі», Сүгірдің «Қосбасар», Жантөренің «Шалқыма» күйлерін тамашалады.

Күй өнерінің хас шебері болып қана қоймай, бойындағы асыл қасиетті шәкірттеріне дәріптеген Болат Күзембаев 2006 жылдан бастап орта мектеп қабырғасында ұстаздық етіп, шәкірттерін өнерге баулуда. «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» деген бар. Салтанатты шарада ұстаз бен шәкірттің өнердегі үндестігін тамашалауға да мүмкіндік туды. Бұл жолы ол өзінің шәкірті, Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Нұрасыл Болатовпен бірге «Ерке сылқым» күйін нақышына келтіріп орындады.

Онан соң сахнада Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі халық композиторлары мен шетел композиторларының шығармаларын ел назарына ұсынды. Ізінен  «Әлқисса», «Қуаныш», тағы да басқа күйлер тартылып, салтанатты шара Құрманғазының  «Сарыарқа» күйімен түйінделді.

Орайы келгенде айта кетейік, 2002 жылы Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі «Халық аспаптары» бөлімінің домбыра класы бойынша күйші Әбжәлел Бекембаевтан дәріс алып бастаған Болат Күзембаев 2012 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Дәстүрлі музыка өнері» бөлімін ҚР Мәдениет қайраткері, күйші-композитор Төлепберген Тоқжановтың класында тәмамдайды. Қазіргі таңда облыстық филармонияның Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің артисі қызметін атқарып, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Ресей мемлекеттерінде және  Астана, Алматы, Ақтөбе, Өскемен қалаларында өткен Қызылорда облысының мәдениеті мен өнер күндерінде оркестр құрамында өнер көрсетіп келеді.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<