Көне кебеже

1966

0

Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінде көненің көзіндей кебеже сақтаулы тұр. Ол шамамен 1896 жылдары жасалған. Кебеженің өзгелерден артықшылығы оны жасау кезінде бірде-бір шеге қолданылмаған. 

Мұражай қызметкерінің айтуынша, бұл азық-түлік сақтау­ға арналған. Жаз жайлауда, қыс қыстауда көшіп жүргендіктен ұсақ-түйек заттардың шашылмай түгел жетуі үшін осындай мүліктер пайдаланылған. Ертеректе Шағала есімді ауқатты кісі қызы Әсемді ұзатқанда қыз жасауы ретінде арнайы тапсырыспен жасатыпты. Әйткенмен, жылжыған жылдармен бірге ұстаның да есімі бізге жетпеген.

– Қазақ даласындағы кәмпескелеу заманында Әсем әлгі кебеженің ішіне азық-түлік толтырып, төркініне жіберген. Ағасының қызы Мұнай көзі кеткенше «Әсемнің дүние­сі» деп сақтап келген екен. Бұл кебеже бертінге дейін Мұнайдың баласы Темірхан Өмірде болған, – дейді музей қыз­меткері Гүлнар ­Нұрта­заева.

Қазақы ою-өрнектермен безендірілген кебеже әлі күнге көнермеген. Қолданысқа жарайды. Музейде мұнан өзге де тарихи құнды жәдігерлер жетерлік.

Қармақшы ауданы.

Суретті түсірген

Ерсін ӘБЛӘКИЕВ. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<