Нәзік болмыстың иесі

1294

0

Жан-жақты қарым-қабілеттің иесі Жансая Жәнібекқызы бірнеше салада өз жолын тапқан жан. Аудандық құрылыс бөлімінде еңбек жолын бастаған ол бос уақытында өнерін дамытып келеді. Той-бизнес саласында биік талғамымен дараланып, нәзік болмысымен ерекшеленген Жансая Төреманованың өнеріне ел риза. Бүгінде ол – аудандағы той ұйымдастырушысы. Көбіне қыз ұзату, бесік той, тұсаукесер мен шағын мерейлі мерекелерді заманауи нақышта жүргізеді. Асабалық өнерде жүргеніне бес жылдан асқан.

– Алғаш ұжымымдағы Наурызбай Битасов ағаның қыз ұзату тойын жүргізіп бердім. Осы шара менің қарым-қабілетімді ұштап, сұраныс көбейе бастады. Аптасына 2-3 тойға тапсырыс алып, мұқият дайындық жасаймын. Барынша той иесімен ақылдасып, көңілде қаларлық сәт сыйлауға тырысамын. Әр шара мен үшін үлкен жауапкершілік пен ізденіс жолы іспетті. Бір мәтінге байланып қалмаймын, әр тойға әртүрлі сөз саптауға асығамын. Сондықтан болар, көпшілік менің шығармашылығымды бағалайды, – дейді ол.

Осы күнге дейін 300-ден аса қыздың ұядан ұшқан сәтіне куә болып, ұзату кешін ұйымдастырды. Көпшіліктің пікірінше, ол өз ісіне тиянақты әрі қолжетімді бағада қызмет көрсетеді.

Жансая Төреманова – одан бөлек бесаспап аспаз. Тәтті бәліштер мен табиғи таза сусындарды жасап, желідегі парақшасына жүктеуді де ұмытпайды. Үстіне ілген көркем киімдердің көбін өз қолымен әрлеген. Косметикалық талғамы да бір тақырыпқа арқау боларлық. Үй жиһазын таңдау, қонақ күту, бала бағу, үй жануарларына күтім жасау, қазақша салт-дәстүрлер тақырыбында салынған жазбаларын оқып, көп ақпарат алып, осыншама дүниені жасай алу да екінің бірінің қолынан келмесін сеземіз.

Бес перзентін жетілдіріп, жұмысын дөңгелентіп отырған ананың шапшаңдылығына ілесу де мүмкін еместей. Жолдасы Ағманов Нұрлан жарының өнерін қолдап келеді. Атасы Таңат пен енесі Пернекүл де баталарын беріпті.

Аудандық келіндер сайысын жыл сайын ұйымдастырып, ел ішіндегі елеусіз жүрген нәзік жандылардың дара қасиетін көпшілікке танытып жүрген де осы Жансая. Қайырымдылық жолында да толағай тіршілігімен танылды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, мұқтаждарға жариясыз-ақ өз жәрдемін беруде. Жансаядай арамызда қаншама қыз-келіншектер бар. Адал еңбекпен нәпақасын тауып, үлгілі ісімен алға озып, жан-жағына нұрын төгіп, халықтан алғыс алып, өніп-өскен Жансаяның еңбексүйгіш қасиеті көпке үлгі.

Мақпал МАРҚАБАЙ.

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<