Өркениет көшінде өнер бағалы

1142

0

Қазақ өнерінің кең қанат жайып, жер жаһанға танылуына Сыр елі мәдениетінің де сүбелі үлесі бар. Соның ішінде 45 жыл тарихы бар Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің еңбегін ерекше айтуға болады. Өнер шаңырағынан білім алған түлектер бүгінде ел аумағынан асып, әлемнің әр түкпірінде ұлт өнерінің мәртебесін асқақтатып жүр.

Айталық, Азат Мәлік Венгрия Опера театрының солисі.  Айгерім Алтынбек Италия мемлекетінің Парма қаласын магистратурада оқып жатса, Нұрай Шалман Италияның Пезаро қаласындағы Дж Россини атындағы консерваторияның  4-курс студенті.  Ал Олег Ким Оңтүстік Кореядағы Ұлттық  Өнер университетінің  магистранты. Айтпақшы, әлемді талантымен мойындатып, күллі Еуропаны қазақ әніне құштар қылған Д.Құдайбергеновтің ұстазы М.Әйтімов те осы колледждің түлегі.

Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінде бүгінде 125 оқытушы қызмет атқарады. Оның басым бөлігі жоғары және бірінші санатты білікті мамандар. Өнер жолына өмірін арнаған тәжірибелі мамандардың тынымсыз шығармашылық еңбегінің нәтижесінде «Халық аспаптары», «Аралас хор», «Қыздар хоры», «Домбырашылар», «Қобызшылар», «Баянистер» ансамблдері және «Сыр сұлуы» би ансамблі жемісті еңбек етіп келеді. Сондай-ақ, жас таланттарды дер кезінде кәсіби өнерге баулу мақсатында 2011 жылы колледж жанынан балалар музыка мектебі ашылған болатын. Бұл күнде мұнда білім алып жатқан жүздеген жас өнерпаз түрлі жанрлар бойынша өнер байқауларында жоғары жүлделерді иеленіп жүр.

Сонау 1977 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің бұйрығымен шаңырақ көтерген оқу орны осы күнге дейін қаншама асуларды артта қалдырды. Иә, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы өтпелі қиындықтар өнер шаңырағын да шарпып өткенін айтпасқа болмайды. 1996 – 1997 жылдардағы оңтайландыру саясатымен облыстағы педагогикалық және музыкалық колледж біріктіріліп, бір ғана гуманитарлық колледж болды. Ақиқатқа жүгінсек, бұл – ақылға сыймайтын іс. Алайда сол кездегі ел экономикасындағы дағдарыс, қаржылық қиындықтар  соны талап еткен болар. Десек те, бұл жағдай білім сапасына ғана емес, өнер ұжымының әлеуметтік-психологиялық ахуалына да айтарлықтай кері әсерін тигізді. Олай болатын себебі, мемлекеттік тапсырыс көлемі екі есеге дейін қысқарып, білім алушылар саны күрт азайды. Соның салдарынан кейбір бөлімдер жабылып қалды. Ал жұмыссыз қалған мамандар жан-жаққа көшіп кетіп жатты. Енді ғана құрылған камералық оркестрдің құрамы азайып, жұмысын тоқтататын жағдайға келді.

Ал 1999 жылы облыс әкімі Б.Сапарбаевтың ерекше ықпалымен, музыка колледжі қайтадан дербес өнер шаңырағы болып құрылды. Кезінде іске аспай қалған көптеген жұмыстарды қайта қолға алуға тура келді. Солай болды да. Оқу процесіне қатысты материалдық-техникалық базаны жабдықтау мәселесі кезең-кезеңімен шешімін таба бастады. Студенттердің сапалы білім алуы үшін  әлеуметтік қолдау шаралары да әрдайым басты назарда болды. Нәтижесінде, қазір колледжде 100 орындық жатақхана, 100 орындық мәжіліс залы, 23 мыңға жуық кітап қоры бар кітапхана, 30 орындық оқу залы бар. Бүгінде, яғни 2022-2023 оқу жылында 324 студент білім алуда.

Айта кетейік, облыс әкімдігінің қаулысымен аталған оқу орны 2019 жылы «Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны» болып  өзгертілді, яғни «жоғары» деген мәртебе берілді. Әр жылдарда орын алған осындай өзгерістерге қарамай, іргелі шығармашылық ұжым үлкен ізденіспен еңбек етті. Талай талантты өнер иелерін тәрбиелеп шығарды.

ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, колледж директоры Кеулімжай Ботабаевтың еңбегімен 2007 жылы облыстық филармония жанынан Тұрмағамбет оркестрі, ал 2014 жылы  камералық оркестр   құрылды. Жалпы филармония мамандарының 90 пайыздан астамы осы музыкалық колледждің түлектері. Сондай-ақ, осында оқып, арнайы музыкалық білім алған түлектер Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында, Қазақ ұлттық музыка академиясында оқуын жалғастырып, жоғары білім алып, елге келіп қызмет етіп жатыр. Бұл да өнер ұжымындағы өзара сабақтастықтың бір көрінісі.

– Сыр өңірінде дәстүрлі халықтық өнер кеңінен дамыған. Сондықтан «Тұрмағамбет» оркестрін құруда аса көп қиындықтар кездескен жоқ. Мамандар жеткілікті, ұлттық киімдер мен аспаптар алуға облыс әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілді. Ал камералық оркестрді құру қиынға соққаны рас. Себебі, үрмелі аспаптарда ойнайтын мамандар тапшы, бірнеше аспаптар жетіспейтін. Мысалы, қазір камералық оркестр құрамында өнер көрсетіп жүргендер – музыкалық колледждің 3-4 курс студенттері. Олар оқуын бітірген соң өз қалауымен жоғары оқу орындарына түсіп, жан-жаққа кетіп қалады. Осыдан соң оркестр құрамын қайтадан жасақтауға тура келеді. Хор ұжымына қатысты да осы мәселені айтар едім. Сондықтан келешекте филормония жанынан кәсіби камералық оркестр және хор ұжымын құрғанымыз дұрыс болар еді. 

Аймақ тұрғындарының есінде болар, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Абай» операсы Сыр елінде тұңғыш рет сахналанды. Алайда пандемия кезі болғандықтан операны онлайн қоюға тура келді. Қойылымда облыстық филармонияның, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының артистері, камералық оркестр, «Томирис» би ансамблі, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің «Ән салу» бөлімінің студенттері мен аралас хор ұжымы қатысты.

Күрделі жанрдағы классикалық өнер туындысын өзіміздің өнерпаздар шебер орындап, көрерменге жеткізе білді. Осы орайда алдағы уақытта оперетта, мюзикл жанрлары бойынша да жұмыс жасау қажет деп ойлаймын. Өйткені бұл музыкалық-сахналық  жанрлар операға қарағанда жеңілдеу, сонымен қатар, кез-келген көрерменнің қабылдауына лайық, – дейді К.Ботабаев. 

Бір маңызды деректі айта кетейік, биыл музыкалық жоғары колледждің құрылғанына 45 жыл болса, ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері К.Ботабаевтың осынау оқу орнына басшылық жасап келе жатқанына 25 жылдан асты. Осыған қарап-ақ, оның музыка өнері бойынша жас таланттарды тәрбиелеуде, сол арқылы Сыр өңірінің мәдениеті мен өнерінің дамуына қаншалықты еңбек сіңіргенін бағамдай беруге болатын шығар…

Әңгіме барысында білгеніміздей, оның мамандығы – виолончель аспабында ойнау. Бұл аспапта ойнауды бала кезінен армандайтын. Сол арманына жетті. Алайда ол оқу бітіріп келіп, алғашқы еңбек жолын бастаған жылдары бұл аспап мұнда жоқ болатын. Тіпті атын естігенде көп адам таңғалатын еді. Сондай-ақ, басқа да көптеген музыкалық аспаптар жетіспейтін.  Өнер үйренсем, талантымды шыңдасам деп келген жастарға бұл жағдай қиын соғатыны белгілі. Сондықтан колледж басшысы бұл мәселеге барынша мән беретін. Соның нәтижесінде қазір колледжде музыкалық аспаптың барлық түрі бар.

К.Ботабаев – А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыка мектебінің алғашқы түлектерінің бірі. Әңгіме иіні осыған ойысқанда, ол қазақ музыка өнерін дамытуда әйгілі композитордың еткен еңбегі ұшан-теңіз екенін айтты.  Мысалы, қазақ балалары үшін музыка мектебінің іргесін қалау – А.Жұбановтың идеясы. Неге дейсіз ғой? Себебі, қазақ музыкасын зерттеуші, көрнекті ғалым А.Жұбанов сол алпысыншы жылдарда  еліміздің әр өңірін аралап жүріп, музыка өнерінің айналасында көбіне өзге ұлт өкілдерінің басым екенін, ал қазақ балаларының кәсіби білім алудан аса хабары жоқтығын аңғарып,  арнайы мектеп ашуды ойға алады. Осылайша елімізде алғашқы музыка мектебінің іргетасы 1964 жылы қаланды. Ал кейіпкеріміз К.Ботабаев 1965 жылы осында бірінші сыныпқа қабылданды. Бұл мектептен білім алған түлектер қазір еліміздегі айтулы өнер ұжымдарында еңбек етіп, әлемнің үлкен сахналарында өнер көрсетіп жүр.

Атап айтар болсақ, Қазан қаласындағы Татар ұлттық консерваториясының профессоры З.Салихова, М.Әуезов атындағы академиялық драма театр актері Ғ.Құлжан, «Астана-Опера» солисі Б.Жанұзақ, Н.Сағынтай, А.Әбілда,  Астана мемлекеттік филармониясының әншісі Ш.Тыныштық, А.Ораз, Абай атындағы Алматы академиялық опера және балет театрының солисі Т.Рахметов, Шымкент опера және балет театрының солисі Г.Ахетова, облыстық филармония әншілері М.Мақұлбеков, С.Тасбергенова,  Ғ.Бекмұрзаев, «Отырар сазы» оркестрінің дирижері М.Әмзе, Батыс Қазақстан облысының халық  аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Е.Нұрымбетов, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының «дәстүрлі өнер» факультетінің деканы Т.Тоқжанов, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогика университетінің профессоры Е.Мұстафаев,  халықаралық конкурстардың жүлдегері «Ұлытау» тобының домбырашысы Е.Әлімбетов, Р.Баекеев, эстрада жұлдыздары М.Сәдуақасова, А.Кішкенбаев, С.Ибрагимов – осы оқу орнының түлектері екенін мақтанышпен айтар едік. 

Осыдан бес жыл бұрын оқу орнының 40 жылдығына орай жарық көрген «Әлемдік музыканың ұшқыны» деп аталатын естеліктер жинағын парақтап отырсақ, КСРО халық артисі, қазақ бұлбұлы Б. Төлегенова, ҚР халық артисі, Еңбек Ері, профессор А.Мұсаходжаева сынды  белгілі тұлғалар өнердің қара шаңырағы – Қазанғап атындағы оқу орнының шығармашылық жетістігіне жоғары баға берген екен.

Өркениетке бет алған бүгінгі дәуірде өнердің бағасы биік. Оған қойылатын талап пен талғам да  жоғары. Хас талантты халық жазбай таниды. Оның бір дәлелі деп халықтық музыка, поп-музыка, поп-опера, классикалық музыка жанрларын қатар меңгерген Димашты айтуға болады. Сөзімізді қорытындылай келе, осынау жарты ғасырға жуық уақыт аралығында өнердің сара жолында өзіне тән биікті бағындырған шығармашылық ұжымның алдағы алар асуына шүбәсіз сенім арттық.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<