Junior Eurovision 2020 байқауында Қарақат Башанова екінші орын алды

776

0

Junior Eurovision XVIII ән байқауында Қазақстан намысын қорғаған Қарақат Башанова екінші орын алды. Ол осы байқауда «Forever» әнін шырқаған еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Францияның атынан қатысқан Валентинаға бірінші орын бұйырса, үшінші орынды испаниялық Солеа иеленді. 2020 жылғы Junior Eurovision байқауына Беларусь, Франция, Грузия, Қазақстан, Мальта, Нидерланды, Ресей, Сербия, Испания, Украина, Польша және Германия елдерінің өкілдері қатысты. Пандемияға байланысты тікелей эфир кезінде шоу жүргізушілері Польшада болды.

Еуропалық хабар тарату одағы (ЕВС) биыл жыл сайынғы «Junior Eurovision 2020» халықаралық ән байқауының финалы жаңа форматта ұсынылатынын жариялады. Бұл шешімнің басты себебі – COVID-19 пандемиясы. Барлық финалистердің денсаулығын сақтау мақсатында байқауда орындалуға тиісті әндер сайысқа қатысушы елдің жергілікті студиясында орындалды. Айта кетейік, ересектер арасында өтетін «Евровидениенің» тағы бір айырмашылығы, Junior Eurovision ән байқауына қатысушы елдерге өз өкілдерін қолдауға рұқсат етіледі. 18-ші Junior Eurovision ән байқауының жеңімпазы қазылар алқасының дауыс беруі және онлайн-дауыс беру арқылы анықталды.

Дауыс беру жүйесі дәстүрлі негізде: 50% қазылар алқасының шешімі және 50% онлайн дауыс беру нәтижесіне байланысты. Онлайн дауыс беру junioreurovision.tv сайтында 2 кезеңде өтеді. Дауыс берудің бірінші кезеңі 28 қараша күні сағат 01:00-де ашылды және 29 қараша күні конкурс финалының тікелей көрсетілімі басталғанға дейін жалғасты. Дауыс берудің екінші кезеңі барлық қатысушылардың музыкалық қойылымынан кейін басталып, 15 минутқа созылды.

Қазақстан Junior Eurovision ән байқауына алғаш рет 2018 жылы қатысты. Онда Данэлия Төлешова «Өзіңе сен» әнімен алтыншы орынға ие болды. 2019 жылы Ержан Максим «Арманыңнан қалма» әнімен екінші орынды (қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші) иеленді.

Қазақстанның бұл халықаралық байқауға үшінші рет қатысуы «Хабар» Агенттігінің Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) қауымдасқан мүшесі болуының арқасында мүмкін болды. Еске сала кетейік, 26 қыркүйекте өткен ұлттық іріктеу финалына еліміздің түкпір-түкпірінен келген он екі бала қатысқан еді. Олардың арасында Алматы облысы Рысқұлов ауылынан келген Қарақат Башанова жеңіске жетті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<