Қазақстанда Қожа Ахмет Ясауи туралы телехикая көрсетіледі

1498

0

«Qazaqstan» телеарнасы 19 сәуірден бастап Түркияда түсірілген Қожа Ахмет Ясауи туралы телехикаяны көрермен назарына ұсынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркия тарапы түсірген бұл телехикая «Мавера» деп аталады. Мавера – (араб тілінде «көрінетін әлемнің көрінбейтін арғы жағы» деген мағынаны білдіреді) көне Османлы тілінде қолданылған сөз. Қазақша «тылсым әлем», «қарсы жақ», «басқа дүние» деп аударуға болады.

Режиссер Йүджел Хүдавердінің бұл фильмі тартымды әрі қызықты оқиғаларға толы. Ясауи туралы телехикаяны түріктер жаңа форматта түсірген. Онда Қожа Ахмет өмірінің көпшілік біле бермейтін қырлары, жалпақ жұртқа беймәлім кезеңі көбірек суреттеледі. Сондықтан да бұл телехикая Қазақстан көрермендері үшін де қызықты болары хақ.

Телехикаяда Ясауидің Арыстанбаптан алған құрма дәнегінің құрма ағашына айналу оқиғасы, дәруіштер хикаясы, тарихтағы алғашқы Алып-ерендер оқиғасы тартысты беріледі. Естеріңізге сала кетсек, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның таяудағы Түркияға жұмыс сапары барысында Қожа Ахмет Ясауи өмірі туралы телесериал премьерасын Қазақстан мен Түркияда бір мезгілде көрсету туралы уағдаластыққа қол жеткізілген болатын. Сонымен қатар екі ел арасында түркі жұртына ортақ тарихи тұлға – Қорқыт ата туралы бірлескен сериал түсіруге уағдаластық жасалған еді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<