Қос ішектен төгілген сырлы сарын

1419

0

Қазақтың ғұмырына нәр беріп, алдынан жарқыраған ай, шуағын шашқан күндей болған, жауға шапса семсеріне күш берген құдіретті күй өнерінің орны бөлек. Күйді де, күйшіні де өмірге алып келген, оған ұзақ ғұмыр, мәңгілік мансап, биік тұғыр берген – халық. Сондықтан болар күй халықпен бірге жасап, ғасырды ғасырға жалғап келеді.

Сыр өнерінің қарашаңырағына айналған облыстық филармония түрлі концерттер мен конкурстарда қазақ өнерін паш етіп жүрген талантты өнерпаздарымен мақтанады. Сол дарын иесінің бірі – қазақтың қара домбырасы мен қасиетті күй өнерін құрметтеген Айбек Жүсіпов. Кішкентайынан қасиетті домбыраның қадірін ұғынып, өнегелі әкенің тәлімді тәрбиесін, өнер жолында өресі биік ұстаздардың алдын көрген ол бірнеше мәрте халықаралық, республикалық және аймақтық конкурстардың жеңімпазы атанған.

Жастайынан тұла бойды түршіктіріп, аса зор сезіммен тыңдарманның алпыс екі тамырын идіретін төл аспапта ойнауды үйренген. Күйге деген құштарлығы арманын арқалатып Қазанғап атындағы музыкалық колледжге алып келді. Мұнда талай өнер адамын дайындаған Махамбет Мәмбетназаровтан білім алды. Колледжді тәмамдаған соң Қазақ Ұлттық өнер академиясына қабылданып, күйші, профессор, композитор Орынбай Дүйсеннің шәкірті атанған. Қазір  облыстық филармонияның «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінде домбырашы болып қызмет атқарады. Айтуынша өнерге деген таланты әкесінен дарыған. Ол кісі де күйшілік өнерді жанына серік еткен әрі ұстаз болып, шәкірт тәрбиелеген.

– Әкем 6-сыныпқа өткенімде өзі жұмыс істейтін Қорқыт ата атындағы Өнер мектебіне оқуға берді. Үш жыл сонда  білім   алдым.  Одан соң 2004 жылы музыкалық колледж, 2012 жылы Өнер академиясының түлегі атандым. Қазір фольклорлық ансамбль құрамында халықтың ықыласына бөленуім әкемнің қолдауының арқасында жүзеге асты, – дейді ол.

Күй – жан дүниенің зар-мұңын, тіршіліктің сан қырын жеткізеді. Ал күйші әсем үннің тыңдарманға ой салуына ықпал етеді. Кейіпкеріміздің домбыра тартқанды өзіндік мәнері бар. Оның саусақтары домбыра мойнында билейді десек, артық айтпаған болар едік. Ата-бабадан қалған қасиетті аспаптың күмбірін тыңдаушы құлаққа байыпты жеткізуінің өзі туған жердің топырағынан нәр алған талантын тағы бір айқындайды.

– Қазір жастардың домбыраны үйренуге деген ынтасы молая түскенін байқауға болады. Бұл дегеніміз оның құндылығы бұрынғыдан да артқанын білдіреді. Әлбетте, бұл – қуантарлық жайт. Үйренуге ниет білдіруші жастардың саны көбейіп қана қоймай, оқытушылардың кәсіби деңгейі де артуда. Қадыр  Мырза-Әлі айтқандай: «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген рас. Қанша ғасыр өтсе де, бұл аспап өзінің бірегей құндылығын ешқашан жоймайды, – дейді ол.

Қазақтың төл аспабы саналатын домбыраның сан түрі бар. Пішіні өзгерсе де, үні өзгермейтін тарихы бай, көненің көзі саналатын аспаптың әрбір қазақ үшін орны ерекше. Айбекте қасиетті қара домбыраны бір сәтке де жанынан тастамайтынын айтады. Бүгінде ол филармония ұжымымен бірге сахнада өнер көрсетіп жүр. Гастрольдік сапармен шетелге шығып, домбыраның үнімен әлем жұртшылығын таңғалдырып келеді.

– Бала кезден Нұрғиса Тілендиев, Қаршыға Ахмедияров сынды күйші-композиторларды көріп, туындыларын тыңдап өстім. Қазір Қазанғап, Жалдыбай, Әлшекей, Құрманғазы, Дина т.б күйшілердің шығармаларын орындап жүрмін. Сол арқылы халықтың алғысына бөленіп, көрерменнің көзайымына айналдым. Мұның барлығы – қасиетті қара домбыраның арқасы. Өмірлік ұстанымым – халықтың төл өнерін еш өзгеріссіз халыққа жеткізу, – дейді ол.

Қазір ол №267 мектеп жанынан ашылған көркемдік-эстетикалық балалар  орталығында дәріс береді. Өзі секілді домбыраны жетік меңгергісі келетін жастарға көмектесіп, өнер жолына қадам басуға ықпал етеді. Бүгінде шәкірттері түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.

Домбыраның өкініш пен мұңды, қуаныш пен сағынышты баяндайтын ерекше үні бар. Әсерлі үнді естір құлаққа жеткізе білу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ойы жүйрік, санасы сергек Айбектің қанында бар күй өнерін дәріптеп келе жатқанының өзі әке жолын жалғастыру, қасиетті ата-баба рухын келер ұрпаққа жеткізу десек жөн болар.

Қазақтың атын әлемге асқақтатып, халық өнерін келешек ұрапаққа насихаттау – кейіпкеріміз үшін өте маңызды. Он саусағы домбыра құлағында жүгіре жөнелгенде, арманының иесінен алыстамағанын байқауға болады. Алдағы уақытта асқақ армандары орындалып, төл өнердің биік шыңынан көрінуіне тілектеспіз.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<