Қос ішектің күмбірі

2348

0

Бабалардың үнін бү­гінгі ұрпақпен жалғаған домбыраны шертпейтін  қазақ бұрын болмаған. Әр шаңырақтың төрінде ілулі тұратын аспапты өз дәрежесінде ойнау үшін туабітті қабілетпен бірге арнайы білім керек. Мағжан Абдулла есімді кейіпкеріміз ұлттық аспапты ойнауға үш жасынан қызығушылық біл­дірген.

Әжесі немересінің бо­йындағы ерекше қа­білетті аңғарып, кіш­кентай домбыра сатып әкелген екен. Ойын­шық домбырасын дың­ғыр­лат­қанына мәз бол­ған Мағ­жанды ата-анасы ар­найы домбыра үйірмесіне білім алуға береді.

– Өзімнің бала кездегі орындалмай қалған арманым домбыра тарту еді. Ұлым Мағжанның өнерге деген қабілеті кішкентайында байқалды. Үйде әжесінің домбыра шертіп, арасында ән айтатыны бар. Мамандығы басқа салада болса да, өнерге біртабан жақын. Анамның жанында жүріп, бірге домбыра шертетін. Сондықтан көп ойланбай Мағжанды жеті жасқа толғанда қаламыздағы М.Қалауов атындағы өнер мектебіне бердік. Үйірмені үздік аяқтап шықты. Алдағы уақытта да баламыздың өнерден алыстағанын қа­ламаймыз. Қазір басқа да аспаптарда ойнауды қолға алуда, – дейді әкесі Руслан Бейбітов.

Өнер мектебінінің 5-сынып оқушысы Мағжан 2018 жылы «Жеті өнер» II  Халықаралық балалар мен жастар шығармашылық фес­тиваль-конкурсында 3-дәрежелі лауреат, V рес­публикалық «Ақ­жел­кен» өнер-білім бай­қауында 2-орынды иеленген. Ал 2019 жылы «Қазақстан үміті» рес­пуб­ликалық жас өнер­­паздар байқауында «Ас­­папта орындаушылық»  өнер домбыра номинация­сында 1-дәрежелі дип­ломмен марапатталған. Мұ­­нан өзге «Қазақстан та­лант­­­тары», «Дала са­зы» рес­­публикалық жа­рыс­тарда бас жүлде, бірінші орынды ешкімге бермеді. Халық­ара­лық өнер сайыстарында да жүлдесіз қалмады. Өткен жылы «Жарық жұлдыз» атты халықаралық өнер бәйгесінде «Аспапта ойнау» жанрында 2-дәрежелі дип­ломмен марапатталды.

Талантты бозбала не­бәрі 13 жаста. Қос ішекті күм­бірлеткенді жаны сү­йетін жас өрен, әсіресе, Құрман­ғазының күйлерін орын­дағанды жақсы көреді. «Мен «Балбырауын» кү­йін орындағанда ерекше шабыттанамын. Домбыра маған рухани күш береді» деген өнерпаздың отты көздерінен ұлтын шексіз сүйетін ұрпақты көрдік.

Оның үлкен сахна төрі­нен көрінуіне жетек­шісі Же­ңіскүл Сейт­қа­сы­мова­ның сіңірген еңбегі орасан.

– Болашағынан көп үміт күтетін оқушым Мағ­жанды әрқашан мақтан етемін. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демей ме? Таланты бар осындай оқушылармен жұмыс істеу өте оңай. Ұлтымыздың қасиетті домбырасын шер­тіп, оның қоңыр үнін естіп өскен  ұрпақтың еліне, туған жеріне деген құрметі бөлек болмақ, – дейді үйірме жетекшісі.

Иә, Мағжандай талантты ұрпағымыз барда, домбыраның үні өшпейді!

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<