Руханияттың қайнар бұлағы

645

0

Өнер саласының қызметкерлері – өткен мен бүгінгі мәдениетті ұштастыратын, ұлттың рухани болмысын көпке танытатын еңбек иелері.  Ерекше дарын иелерін көрсе бағасын биіктетіп, қошеметін аямайтын халықпыз. бұл орайда Үкімет те сала қызметкерлерінің мерейі үстем, жағдайының дұрыс болуына мүдделі. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет және өнер қызметкерлерінің  жалақысы  35 процентке артты.

Тәуелсіздік төл мәде­ниеті­міздің тамырына қан жүгіртіп, әдебиет, мәдениет және өнер саласының дамуына жол ашты. Елдің рухани байлығын еселеген саланың 30 жыл ішінде қол жеткізген табысы толайым.  Мың­жылдық мәдениетіміздің қанат жаюына арқау болып, жас таланттарды жарыққа шығар­ған сала жыл сайын жақсы жаңа­лықтармен сүйіншілеп келеді.

Осы жылдар ішінде Сыр елінің дарынды жастарын біріктірген өнер ұжымдары жасақталып, олар қазірдің өзінде өз қолтаңбаларын қалыптастырды.

2001 жылы облыстық филар­мония жанынан «Томирис» би ансамблі құрылды. Ансамбль АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Өзбекстанда өткен фестивальдарда өнер көрсетіп, қазақ биін дүйім жұртқа танытты. Атап өтерлік тағы бір жетістік, 2007 жылы ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 125 жылдығына орай облыстық филармония жанынан Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі құрылды. 2009 жылы облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы жанынан балалар студиясы ашы­лып, оған Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орде­нінің иегері Қаракөз Ақдәулетова жетекшілік етті. Соның арқасында талантты жас­тар жарқырай көрініп, әлем сахна­ларында ән шырқады. Студияның жас шәкірттері жыл сайын халықаралық «Славянский базар», «Донок», «Фестиваль-Фазиси», «AMANAT music», «DIAMOND VOIСE» сынды конкурс-фестивальдарда топ жарып келеді.

Мәңгілік өнердің мәнін қобыз сарынынан іздеген Қорқыт атаның қалдырған мұрасы әлем халқы үшін құнды. 2018 жылы Қорқыт мұралары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Мұнан кейін Сыр өңірінде баба мұраларын насихаттау жұмыс­тарының жандандануы заңдылық. 2019 жылы облыстық филармония жанынан «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі құрылып, мәдениет үйлері мен клубтарда қобыз үйірмелері ашылды.

Сол жылы Н.Бекежанов атын­дағы қазақ музыкалық драма театрына «академиялық» мәртебе берілді. Сыр елінің бас театры – алпыс жылдан астам уақыт халықтың рухани қажеттілігін қамтамасыз еткен, көрермен көңілінен шығып, сені­міне ие болған руханият ордасы.

Былтыр Сыр елінің мәде­ниет саласы үшін айтулы жыл болды. Карантинге қарамастан өнер ұйым­­дарының қызмет­кер­лері жұмысты онлайн жал­ғас­тырып, концерттер мен қойылымдар, музейлік жобалар, түрлі деңгейдегі мәдени шаралар «Сыр шаңырағы» Youtube каналында тұрақты түрде көрермен назарына ұсынылды.

Айтыстың ақтаңгері атан­ған Мұхтар Ниязов алғаш рет «Алтын домбыраны» 2012 жылы ұтып алса, 2016 жылы екінші рет Сыр елінің қанжығасын майлады. Өткен жылы «Абай тағылымы – Тәуелсіздіктің тірегі» атты рес­публикалық айтыста Мұх­тар ақын тағы да топ жарып, үшінші мәрте «Алтын домбыра» иегері атанды. «Алтын домбыра» салтанатты түрде Сыр еліне әкелініп, облыстық тарихи-өлкетану музейіне құнды жәдігер ретінде қойылды. Ал, жыршы, Сыр сүлейлерінің ізбасары Күнсұлу Түрікпен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын иеленді.

Сондай-ақ, Сыр елін­де тұңғыш рет Абай Құнан­бай­ұлының 175 жыл­дық мерейтойына орай жер­гілікті өнерпаздардың қаты­суымен «Абай» операсы сахналанып, тұ­саукесері өтті.

Егемендік алған 30 жыл ішінде өнердің өрістегені, әлем сахналарына айқара жол ашылғаны белгілі. Мұның барлығы – тума таланты мен дарынын ел болашағымен байланыстырып, өнер жо­лында қызмет еткен жан­дардың өлшеусіз еңбегі. Жалпы, тәуелсіздік алған жыл­дар ішінде облыс бойынша типтік жобадағы 31 клуб, 6 музей, бір кітапхана мен мемлекеттік архив құрылысы ел игілігіне берілгенін айта кету керек.

Ұлттың болмысын айшық­тап, жетістігін жарқырата көр­сететін шығармашылық өкілдері, мәдениет және өнер қызметкерлері үшін биылғы жыл да аса маңызды. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ауқымды шаралар легі үздіксіз ұйымдастырылуда.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<