Саз әлемінің саңлағы

7

0

Фото: Облыс әкімдігі

Биыл Сыр бойының саңлақ перзенті, қазақ музыка өнерінің көрнекті тұлғасы,  композитор, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Құрмет» «Парасат» ордендерінің иегері Кеңес Дүйсекеевтің туғанына 80 жыл толды. Өнер иесінің өміршең туындылары қазақтың ән әлемінде әлі күнге үздіксіз қалықтап келеді. Соның жарқын көрінісі, туған жерінде «Саз әлемінің саңлағы» тақырыбында композиторды еске алуға арналған үлкен концерт өтті.

Концертке облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, Еуропалық одаққа мүше елдердің елшілері, Парламент Сенатының, Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ, композитордың жары Баян Дүйсекеевa, баласы Нұркен Кеңесұлы қатыс­ты.

Концертте Қазақстанның Халық артисі Роза Рымбаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Жұба­ныш Жексенұлы, Мәдина Сәдуақасова сын­ды таны­мал эстрада жұлдыздары және композитор К.Дүйсекеев атындағы әншілер байқауының жүл­дегерлері өнер көрсетті. Әншілерді Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе жетек­шілік ететін жергілікті  симфония оркестрі мен Saz&Soul танымал музыкалық тобы сүйемелдеді.

Дарынды композитор Кеңес Дүйсекеев – 200-ден астам әндердің, «Толғау» симфониясы­ның, «Жалаңтөс батыр» симфония поэма-кар­тина­сының, «О, дүние» кантатасының, «Жыл мез­гілдері» романстар циклінің, тағы басқа сим­фониялық шығармалардың авторы. Ол белгілі ақын Шөмішбай Сариевпен  тұрақты шығар­машылық байланыста болған. Қос автордың шы­ғармашылығы арқылы өмірге келген «Домбыра туралы баллада», «Сәлем саған, туған ел!», «Қарағым-ай» секілді туындылар бүгінде халық арасында кең таралып, тыңдарман қауымның жүрегінен орын алды. Бұдан бөлек, «Ойлан, балам», «Өкінбе сен», «Ғашықтар жыры», «Анаға хат», «Өмір, өмір» әндері – қазақ эстрадасындағы қайталанбас туындылар.

– Алғаш сахнаға шығып жүрген кезімде композитор «Еркеледің, сен», «Сәлем саған, туған ел!», «Домбыра туралы баллада» әндерін менің дауысыма арнап жазған еді. Бүгінде менің сахнаға шыққаныма 50 жыл. Демек, бұл әндердің де шырқалып келе жатқанына осынша уақыт болды деген сөз.

Керемет дарын иесі Кеңес ағамыз өмірден өткенімен, оның артында қалған музыкалық шығармалары әлі де елмен бірге жасап, келер ұрпаққа жетеді деп сенемін, – дейді Қазақстанның Халық артисі Роза Рымбаева. Сондай-ақ әнші Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе жетекшілік ететін жергілікті симфония оркестрінің сүйемелдеуіне алғысын білдіріп, халықтың қошеметіне ыстық ықыласын жеткізді.

Композитор К.Дүйсекеев шығармашылы­ғы­на арналған «Саз әлемінің саңлағы» атты еске алу кеші жоғары деңгейде өтті. Әдеттегідей, кон­церттік бағдарлама Роза Рымбаеваның орындауындағы «Сәлем саған, туған ел!» әнімен қорытындыланды. Өмірінің мәнін музыка әлемінен тауып, қазақ өнеріне өлшеусіз қазына қалдырған талант иесіне деген халықтың қошеметі ерекше болды. Кеш соңында өнер ұжы­мына облыс әкімінің ықылас гүлі табысталды.

Айта кетейік, бұған дейін композитордың өмірі мен шығармашылығын ұлықтауда Астана қаласында музыкалық кеш өтсе, Қызылорда қаласында «Туған жер» атты халықаралық әншілер байқауын өткізу дәстүрге айналған.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»