Саз бен әуен сиқыры

43

0

А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Сыр бойының төлтума өнерін, ұлттық фольклорын, ұлт өнерін әлемдік сахналарға көтеріп, көрермен көзайымына айналған Қызылорда облыстық филармониясының «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің құрылғанына  10 жыл толуына орай концерт өтті.

Шарада  ансамбль тыңдарманын түрлі жанрдағы музыкалық шығар­ма­лармен сусындатты. Кеш барысында облыс­тық мәдениет, архивтер және құ­жат­тама басқармасының басшысы Мира Әбуова ұжымды құттықтап,  аймақ басшысының алғыс хатын табыс етті.

Шынында, өнер иелерінің кәсібилігін көре тұра, өлшеусіз еңбекті елемей кету мүмкін емес. Олардың теңдессіз шеберлігіне қарап, біз де тамсандық. Ансамбль осыдан он жыл бұрын ұлттық фольклорды насихаттау мақсатында құрылған. Репертуары ауқымды. Бүгінде оның құрамында 13 өнерпаз бар. Олар облыс көлемінде өткізілетін облыстық, республикалық, халықаралық мәдени шараларға атсалысып келеді. Сонымен бірге түрлі байқау, конкурстарға қатысып, үздіксіз ізденіс арқасында топ жарып жүр. Атап айтатын болсақ, ұжым Алматы қаласында өткен республикалық «Ғасырлар сазы» дәстүрлі музыкалық фестивалінде дипломант атанған. Аймақта ұйымдастырылған халық­аралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық-музыкалық өнер фес­тивалінде «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы мен облыс әкімінің арнайы сертификатын иеленген. Биыл Ақтөбе қаласының 150 жылдығы және Ғ.Жұбанова атындағы облыстық  филармонияның 75 жылдығына орай өткен «Jubanovtar ayeni» халықаралық ұлт аспаптар оркестрлері және ансамбльдердің фестиваль-байқауынан бас жүлде алды.

Бұдан басқа да жетістігі көп. Қуантарлығы, соңғы жылдары ансамбль Өзбекстан, Ресей, Түркия, Лондон елдерінде гастрольдік сапармен болып, төл өнерімізді паш етті. Бұл қазақ мәдениетінің асқақтағанын көрсетеді.

Мөлдір Қалымбет.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз