Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойына орай қандай іс-шаралар өтеді?

1329

0

15 тамыз – композитор, Қазақстанның Халық артисі, ҚР Гимнінің авторы Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Мәдениет және спорт министрлігі бүгін танымал композитордың 90 жылдығына орай онлайн режимінде бірқатар іс-шара өткізеді, – деп хабарлайды Egemen.kz.

Мерейтойлық күн Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі дайындаған Шәмші Қалдаяқов әндерінің халықаралық фестивалінің онлайн-көрсетілімінен басталады.

Шәмші Қалдаяқовтың туған жері Түркістан облысында 14 тамызда сағат 15.00-де композитор өмір сүрген, қалпына келтірілген мұражай-үйінің ашылуы өтеді. Сонымен қатар, танымал композитор ескерткішіне гүл қою салтанатты рәсімі өтеді.

Айтулы күні «Концерттік-гастрольдік орталық «жыл соңына дейін жалғасатын «Менің Қазақстаным» Халықаралық музыкалық челленджін бастайды. Оған белгілі қазақстандық артистер, актерлер, спортшылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жақын және алыс шетелдерден келген қандастар қатысады.

Министрліктің YouTube-арнасында «Жаз әуендері» жобасы аясында Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Ән падишасы – Шәмші аға» концертінің премьерасы көрсетіледі.

Ұлы музыканттың шығармашылығын сүйетіндер Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының «Қазақ вальсінің королі» концертін тамашалай алады.

Мерейтойлық іс-шаралар тізбегін Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырған «Қазақ вальсінің королі – Шәмші Қалдаяқов» онлайн-көрмесі жалғастырады. Сонымен қатар, Ұлттық кітапхананың әлеуметтік желілерде ресми парақшаларында «Менің Қазақстаным»онлайн-концерті көрсетіледі.

Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана көрермендерге «Ән-аға» әдеби-музыкалық кеші, сонымен бірге «Қазақстанның Халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл»атты музыкалық бейнетаспа ұсынылады.

Айта кетейік, Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойына орай Қазақстан суретшілерінің шығармашылық жұмыстары негізінде тұңғыш рет «Шәмші әлемі» мультимедиялық онлайн-көрмесі ұйымдастырылады.

Республикалық мұражайлар мен кітапханалар әлеуметтік желідегі парақшаларында көрермендер назарына композитордың өміріне арналған виртуалды көрмелер мен онлайн-дәрістер ұсынады.

Сондай-ақ, 15 тамызда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығы туралы режиссер, сценарист, әнші-композитор Оралбек Сарбасовпен музыкалық онлайн-сұхбат өтеді. Эфир көрермендері арасында композитордың өмірі мен шығармашылығына арналған Muzei Time сауалнамасы ұйымдастырылады.

17 тамызда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі қорының мұрағаттарынан Шәмші Қалдаяқовтың мұрасы туралы бейнесюжет көрсетіледі. 26 тамызда «Қазақ музыка тарихындағы бірегей тұлға» видео– экскурсиясы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы «Қазақ вальсінің королі-Шәмші Қалдаяқов» виртуалды көрмесі оқырмандар мен көрермендер назарына ұсынылады.

23 қазанда Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі «Вальс королі» концертін көрсетеді. Осы айда Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театры көрермендеріне композитор шығармаларының концертін тартулайды. Ал қараша айында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы композитордың шығармашылығына арналған мерейтойлық концерт өткізеді. Сондай-ақ, қараша айында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Saz & Soul» вокалдық-аспаптық тобы көрермендерін әлеуметтік желілердегі онлайн-концертпен қуантады.

Айта кету керек, композитор Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойына орай Түркістан облысында жыл соңына дейін эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн-форматта өтетін 100-ге жуық іс-шара жоспарланған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<