Шөмішбай шыңы

320

0

Он үш жасында сол кездегі аудандық «Социалистік Қазақстан» газетінде «Ана» атты өлеңімен ақындық жолға түскен Шөмішбай Сариев содан бері қаламы қолынан түспей, өлең өлкесінде өзгеге ұқсамайтын өзіндік тіл, өзіндік жыр байлығымен өзгеше өрнек салып, әдебиет әлемінде өрлеп те, ерлеп те келеді.

Отыздан астам кітаптың, бес жүзден астам саз сөзінің авторы, Арал перзенті, ақиық ақын Шөмішбай Сариев жуырда  «Халықтың сүйіктісі» сыйлығын иеленіп, тағы бір марапат шыңына көтерілді. Нақты айтсақ, халықаралық аталым бойынша бұл сыйлықты беру – Астанада үлкен оқиғаға айналып келеді. Биыл оған ұсынылған 150 тұлғаның 15-і ғана лауреат атанды. Бұл  іске электрондық жүйеден басқа лауреаттарды анықтауға Халықаралық ұйым – Радио-телеарналардың Еуразиялық академиясы да атсалысыпты.

«Халықтың сүйіктісі» атағын беру рәсімі Астанада осымен жетінші рет өткізіліп отыр. Бұрын көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерлеріне, депутаттарға, бизнесмендерге, дәрігерлер мен ұстаздарға, танымал спортшыларға беріліп келсе, биыл әдебиет саласы енгізіліп, «Алтын дәуір» аталымы бойынша жерлесіміз Шөмішбай Сариев еліміздің ақын-жазушылары арасында алғашқы болып лауреат атанды. Сонымен бірге жас талантты әнші Даниэлия Төлешова, «Дара жол» жобасын жүргізушісі теле-журналист Дана Нұржігіт, Халық қаһарманы С.Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қордың төрағасы, іскер азамат Махмут Нәлібаевтар да марапатталды.

Алғашқы жылдары бұл марапаттар мемлекет қайраткерлері Иманғали Тасмағамбетов, Дариға Назарбаева, Әсет Исекешов, Ерлан Қарин, Айгүл Соловьева, желтоқсан қаһармандарының бірі  Нұрлан Сабильяновтарға де берілген болатын.

– Тағдырыма ризамын, – дейді ақын Шөмішбай Сариев, – ақын болып қазақ атты қаһарман халықтың өткені мен бүгінін жырлап келемін. Дүниежүзілік ақындар фестиваліне барғанымда Парижде «Дала желі» кітабым француз тілінде басылып шықты. Америкада жарық көрген «Ұлы дала энциклопедиясына» жеті ақынның бірі болып еніп, өзім көрмеген жерге өлеңім жетті. «Теңізден соққан жел» атты кітабым Үнді елінде хинди тілінде жарық көрді.

Иә, осындай атақты адамдардың қатарында тұру мәртебесі Сыр перзенті Шөмішбай Сариевке де бұйырғаны, ол жерлестері, біздер үшін де үлкен мақтаныш.

Олай болса, шығармашылық шабыт шалқарындағы Шөмішбайды айтулы  атағымен құттықтай отырып, марапат шыңына қанатың талмай қырандай шарықтап шыға бер демекпіз.

Жұмабай ЖАҚЫП, 

Қазақстанның құрметті журналисі.