Шымылдық алдындағы ой

1097

0

Театр әлемі шымылдықпен ашылып, шымылдықпен жабылады. Сол ғажайып перде қатпарында кереметтер кілті тұр. Оның арғы жағында, сиқырлы сахна шаршысында он сегіз мың ғаламның құбылыстары тоғыса, ғасырлар толқындары мен адамдар тағдырлары буырқана қайнап жатқанын көрер едің. Мен білетін сахна ғажабы кім-кімнің де жан әлеміне осылай жол ашады.

Сол сырлы әлемге жан беріп, қан жүгіртетін театрдың ақыл-ойы, сана-сезімі, жүрек тынысы – режиссер.

Ғасыр сахнасында шымылдығын түсіргелі тұрған биылғы 2020 жылы, 80 деген ғұмыр биігіне табан тірей көтерілген Сыр бойының атпал азаматы, танымал тұлға, облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, белгілі режиссер Хұсейн Жүсіпұлы Әмір-Темір болмысы мені осындай ойларға бастайды.

Сыр бойы, Тереңөзек топырағының жиде-тоғайын көлеңкелеген алақандай ауылда, қауындық пен күріш қарықтарында кетпені бұлғақтап, су жетелеп жүретін қара сирақ сары баланың алдында біраз арман биіктері, нобайы мәлімсіздеу сан тарау өмір жолдары жатқаны рас еді. Зұлмат соғыстан кейінгі өмір қысаңдарындағы ұрпақтың ең әуелі ойлайтыны – тіршілік қамы ғой. Ол кезде «театр, актер, режиссура» деген қиял да жетіңкіремейтін әлденелердің мұраты ойда болды ма екен?! Әйтсе де, тұлпар болар тайдың, ертеңі бар баланың талап-талпынысында, байқағанға, бір нышаналар белгі беріп тұрары анық. Мектеп жасынан қазақ әдебиеті, әлемдік әдебиет жауһарларына қаныға жүрді ол. Қолы қалт еткенде – У.Шекспир, Ж-Б.Мольер, Лопе де Вега, Абай, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Вахтангов кітаптарын жата-жастана оқу әдеті болды. Ол кездің театры да, киносы да, тіпті, бүкіл рухани әлемі сонау сарғыш парақтары сыбдырлаған жарықтық кітаптар беттерінен сезімтал көңілді шақырып тұрары рас еді.

Кітаптар жас көңілді ойға бастайды, арманға алаулы талпыныс, қиялға қуатты қанат бітіреді. Қай уақыт, қай кезең, қанша бір ғылыми-техникалық үдерістер дәуірлей берсін, қасиеті ортаймайтын, еш солғын тартпайтын, өшіп-сөніп кетпейтін көркем кітап кереметі деген феномен сондай.

Сол кәусарлардан сусындаған жас Хұсейнді тағдыр театр ғажабы, сахна стихиясы деген қызық әлемге бастады ақыры. Бір шаңырақтың жалғыз ұлы – еркесі, солайша, қазақы көңілге әлі де тосындау бір кәсіптің соқпағына тәуекел қадамын салды. Басқа да өмір-талаптың жолдары мүмкін еді… Бірақ, тағдыр кесімі дейміз ғой, анығында, сонау бала шақтың көңілде ұялап, жүректе жапырақ жайған алаулы арманы сондай алуан бояу­лы, өзіндік бір сиқырлы дүние, анығы, У.Шекс­пирше айтсақ, «бүткіл болмыс – театр» деп мойындалған ғажайып әлемге бастады. Бұл тағдыр табалдырығының сәтін сарабдал театр сыншысы, Қазақстан өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Әшірбек Сығай кейін былай бейнеледі: «Ең алғаш Ақмешіт шаһарында шымылдық көтерген кәсіби драма ұжымының зор даңқына алыста жүріп ерекше масаттанатын. Сәбира Майқанова, Роза Бағланова, Сейфолла Телғараев туған, Иса Байзақов, Қажымұқан Мұңайтпасов, Әміре Қашаубаев, Нартай Бекежанов, Жұмат Шанин жер басып жүрген киелі топырақта туғанына көңілі марқайып, өзгеше мақтанатын. Кей кездері сол дәстүрдің мұртын бұзбастан сол бір таңғажайып нұрлы да сырлы әлемнің өн бойына бар болмысымен еніп кетуді қиялына күндіз-түні тиек еткені де рас. Тәтті қиял құр тастамасы хақ екен. Өнер атты үлкен Орданың құпия қақпасына имене енген…»

1963 жыл, 23 жастағы жас талпыныстың алғашқы актерлік дебюті – сол талаптың бастауы болды. Қандай да бір даңғыл жол – соқтықпалы соқпақтан басталған. Республика консерваториясында, театр өнері майталманы Асқар Тоқпановтың сынды мектебінен өткен Х.Теміровті С.Сейфуллин атындағы Қарағанды театрының сахнасы шақырды. Актер өнері сонан бастап, кәсіби деңгейде жалғасын тапты. Арқа сахнасында талай-талай айтулы тұлғалар бейнесі актер Хұсейннің тек өзіне ғана тән интерпретациясында сомдалып, сахна үлгісіне айналды. Бұл дәстүр кейін Сыр бойының киелі топырағында жалғасты. Сыр сахнасында көз де, көңіл де тұшынарлықтай Кеңгірбай, Қобыланды, Еспембет, Есен сияқты тұлға-бейнелер галереясы толыға берді.

Актер – режиссердің, жақсы болса, сырлас-мұңдасы. Бірақ, кейіпкер жанын, сахна сырын қанша жерден сезінсе де, екінің бірінде, актер режиссер «бақшасына» аяқ сала бермейді. Режиссердің шын табиғатында сахнаның көркем болмысын, көкейтесті үнін тереңнен ашу талабы – өмір, өнер мұратына айналып, маңдай алдыда биік тұрмақ. Елді мо­йындатқан талай суреткер тағдырында сәтімен басталған ғұмыр-жол болған десек те, бұндай өрістеу іргетасында талмас ізденіс, бейнетті еңбек, міндет жауапкершілігін сезіну мен сондай салмақтарды қайыспа­й көтерудің соқтықпалы соқпақсызы жататыны анық. Үлкен мақсат, зор тәуекел жеткізеді бұған.

Қандай бір тұлғаны болмасын сомдай қалса, ойы да, бойы да таңдаған кейіпкерін сахнада жарқыратып жіберетін актерлік өнерден Жаратқан Хұсекеңді кенде қылған емес. Бірақ «өмір» атты сахнаның «сахна» атты шаршыдағы астарлы-қатпарлы болмысын тереңірек ашу, салқын санадан өткізе ыстық жүректерге жеткізу мақсаты оны дегдар режиссураның қиын міндетін жалынан тартуға шақыра берді. Өнер мұратын терең ұғынудан, көңіл-қабырғадағы көп ой-талқыдан өтіп, әбден піскен тағдырлы таңдау болды бұл.

Мәскеудің іргелі білім ордасында, Жоғары режиссерлік курста екі жыл оқып, дәрежесі биік театрлар сырын жақсы ниетте «іштен шалып», талай өнер саңлақтарымен емен-жарқын сыр бөлісті. Жас талап көп қазына жинады сол сапар. Солай, қазақ театр кеңістігіне құнарлы білім қуатын бойға жиған, үлкен мақсатпен қанаттанған, өзіндік бір соны серпін іспетті жаңа режиссерлік ұмтылыс келіп еді.

«Мен сырбаз қалып пен таза өнегені талап ететін театр мамандығынан асқан міндетті білген емеспін» дейді Дени Дидро. Осы айтқан дегдарлық ұстаным Хұсекеңнің мұнан арғы өмір, өнер жолдарының бағдаршамы болды десек, қателеспеспіз. Жас қуат Сыр топырағында «Еңлік-Кебек», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Ақан сері-Ақтоқты» сияқты арда туындыларды өзіндік жаңа реңкпен алға шығарды. Әсіресе, даңғайыр ­Шекспирдің күрделі де қордалы «Король Лиріне» құлаш сермеу – жас режиссер үшін кейінгі мәйекті өмір-тәжірибе қазынасын ашқан бір тәуекелді қадам болған еді. Қиянға ұмтылып, шыңға көз тікпеген жастық – жастық па?! Талантты актер Тұрсынжан Айнақұлов екеуі сондай бір іске тәуекел етті. Уильям Шекспирдің «талабы», дәлірегі, сол ақсақал өресінен төмен шықпай, әлемдік шедеврді өз биігінде жарқырата білудің толағай-намыс өз талабы бұндайға дәті барғанның «қан-сөлін» сығып алғандай еді. Сүреңді күндер, уайымды түндер дегенді шынайы міндет адамы өз басына өзі «тілеп» алады. Онсыз ой орайына келіп, жұмыс діттеген жерден шықпайды. Бұл міндет те сол қатардан еді. Сахнаның әр сәті, әр деталі, классиктің екі-үш астардан тұратын әр реплика-ләмі, сезімдер шарпысуы, терең психологизм, күрт те тосын өмір коллизиялары Шекспир деңгейінде, сонау ортағасырлық замана ауанында, тарихи-психологиялық шындық үлгісінде орайласа орындалып жатты. Сүркіл бейнеттің зейнетіндей нәтиже еді бәрі. Әсіресе, актерлар қауымы үшін кәсіби шыңдалудың бір мектебі түрінде болды осы жұмыс. Сол уақытта, облыстық ­театрлар деңгейінде осы іспетті әлемдік классика үлгісін ойдағыдай жүзеге асыру – жастық тәуекел барған бір үлкен ерлік еді.  

Жауһарлар өмірге жеңіл жолдармен келмейді.

Сондай, сыны салмақты қадамдар болашақтың қарымды қимыл, кең тынысына жол ашады. Солай болды да. Мысалы, А.П.Чеховтың «Апалы-сіңілілі үш қыз» пьесасы қазақ театры сахнасына алғаш рет Х.Әмір-Темірдің қойылымында жарық көрді. Драматург И.Эркеннің «Сау басыма сақина» туындысы Венгер республикасы Мәдениет министрлігінің қола жүлдесіне ие болып, спектакльдің режиссерлік шешімі КСРО Бүкілодақтық театрлар фестивалінің лауреаты атағын жеңіп алды. Сыр бойындағы театр шаңырағының сахна-төрінде М.Әуезовтің «Түнгі сарын», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», Ш.Хұсайыновтың «Біздің Ғани», Қ.Мұхамеджановтың «Жат елде», Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы», С.Жүнісовтің «Қызым, саған айтам…», Д.Исабековтің «Әпке» пьесалары өмірдің нақты бейнесіне айналып, тірі тыныс, жан жылуымен көрермендер жүрегіне жол тартып жатты.

Режиссердің күлтексіз талабында актерлар қауымы талай сынды кезеңдерді бастан кешті. Театр дегеніңіз – актердің сахнадағы сөзі, қас-қабақ қағысы, жүріс-тұрысы ғана емес, көптеген күрделі компонент-бөліктерден тұратын құбылыс. Театрдың «киім ілгіштен басталатыны» мойындалған ғой, бірақ, сахнадағы әр деталь, көркем безендіру, сазды сарындар, табиғат үндері қойылымға әр беруші ғана емес, идеяның көкей үнін жарқыратып ашуға септесетін құрамдастар. Осындай күрделі әлемнің әр саласында өз ісіне бекем мамандар, шеберлер ұжымы қалыптасты… Сахна төріне жастар көптеп тартыла бастады. Өмір көрген үлкені бар, өнер жолында жаңа тәй басқан жасы бар – ынтымақты қауым, жарасымды актерлік ансамбль бой түзеді. Мұның бәрі, түптеп келгенде, Н.Бекежанов атындағы Сыр бойы өнер ордасын республика және одан да тысқары жерлерде еңсесі көтеріңкі, танымал, беделді ұжым мәртебесінде мойындату бақытына жеткізді.

Шаңырақ абыройы – адал тірліктер игілігінен құралады.

Режиссерлік ізденіс-талаптарында Х.Әмір-Темір Қызыл­орда театрындағы еңбектеріне қоса, Талдықорған, Алматы, Шымкент, Орал сахналарына жол тартып, әртүрлі жанрдағы, әртүрлі стильдегі 200-ден аса спектакль қойған екен. Қазақ, орыс, шетел классикасының әлемдік жәдігерлерін, қазіргі қазақ драматургиясының маңдайалды туындыларын өз талғамында таңдап, көрермен көзіне үкілеп ұсыну нәтижесіз болған жоқ. Рес­публика, шет елдер көрермендері бұл еңбектерді өз нәмінде бағалай білді.

Әсіресе, Жетісу төрі – Талдықорған сахнасында жалғасқан өнер жолы өзіндік бір белес. Тағдырдың бұралаң бұрылыс­тары әртүрлі жағдайлармен, Хұсекеңді сүйікті жары Әлия Арысбайқызымен осында алып келген. Өмір басқа салған қандай бір сын болса да, өнер деп соққан жүрек өзгеше бір тірлік-кәсіпті қаузап кетуі мүмкін емес екен. Сондай сәтте өнер мұратын дарынсыз, ұсақ күңкілшілдердің өресі тар интригаларынан жоғары қойды, биіктік, дегдарлықпен оларды жеңе білді. Қажас-қысасқа түсіп, өз тектілігінде төмендемеді… Жаңа ортада да хас шеберліктің тізгіні тартылып, танабы тарылған жоқ. Жалынды жастар ортасында Ж.Аймауытов, Б.Майлин, ­М.Әуе­зов классикаларынан бастап, Т.Әліпбай сияқ­ты заманауи авторлар сөздерін сахнада сөйлетті. Ал, бірнеше жарқын бейнелерді сахнада сомдаған Әлия Талдықорғанның «Ең әдемі келіншегі» атанды… Қызмет соңында, Жетісуда Хұсейннің сынды мектебінен өтіп шыңдалған, режиссерға алғысты бір шоғыр талант өкілдері қалып еді.

Сахна табыстырып, театр батасын берген екі жас – Хұсейн мен Әлияның – ару қыз, арманшыл актриса, шынайы талант иесі Әлияның – жұп өмірі Сыр бойындағы қарашаңырақтан басталған болатын. Құстың қос қанатындай жұпты жарасымға Жаратқан бұйыртқан ғұмыр соңына дейін бірге самғау жазылғандай еді. Тағдыр соққылары кейде аса қатал… Сол қытымыр тағдыр алдымен екеудің жалғыз арысы – Оспан-өренді қапияда алды. Дос-жаран, ұжым, ағайын қайғыны бірге көтерісті, қам көңілді шүкіршілікке келтірді. Бірақ ана жүрегі, нәзік әйел жаны қайғы зілін жүректен өшіре алмаған екен, ұзақ сырқаттан кейін Әлия да бұл өмірден бақиға ұзады… Қара шаңырағы – театр, ет-жақындары – актерлар, Хұсекең бақиға ұзаған қимастарының рухи өмірін, орындалмай кеткен армандарын қажырлы еңбегімен ақтап, өмір жолын ары жалғады. Шүкіршілік, жалғыз емес. Екі қызы мен немересінің ақжолтай тілегінде, тілекшілігінде жалғасқан өмір… 

Бейнет зейнетке жеткізеді. Өмірде ақиқатпен үндесіп жататын әділдік сөзі бар. Өнерге арналған ғұмыр-жолдың бел ортасында-ақ суреткер КСРО Мәдениет министрлігінің, екі рет Қазақстан Рес­публикасы Мәдениет министрлігінің, Қызылорда және Алматы облыстары әкімдігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған еді. Режиссердің өзіндік қолтаңбасы туралы «Советская культура», «Театральная жизнь» сияқты сол кездің одақтық басылымдары мен ел газет-журналдары жазып жатты. Сахна өнерінің сейістері – М.Қаратаев, Б.Құндақ­баев, ­Ә.Сығай, С.Қабдиева «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Қазақ әдебиеті» беттерінде режиссер еңбегін тереңнен саралай білді. Х.Әмір-Темір 1976 жылы Минск шаһарында өткен театрлар фестивалі, 1981 жылғы Берлин фес­тивалі, 1984 жылғы Душанбе фестивалі, 1988 жылғы Кишиневтегі Ион Друцэ фес­тивальдарында Қазақстан, Қызылорда ­театрларының өнер тәжірибелерін ортаға салды. Германия, Чехословакия, Польша театрларында тәжірибе жинақтады.

2005 жылы қазақ драматургиясының көшбасшылары Ж.Аймауытов пен Б.Майлиннің «Аласапыран» спектак­лімен Қазан қаласының 1000 жылдығы фестиваліне, 2012 жылы Түркияның Конья қаласындағы «Мың тыныс, бір үн» фестиваліне сол ел драматургі Т.Нардың «Төбекөз» спектаклімен, 2013 жылы тағы да Қазан қаласында өткен ­театрлар фестиваліне қатысты. Мұндай алқалы жиындарға еленген, елеу­лі еңбектер ғана шақырылады ғой. 2015 жылы Қазақстанның Ұлыбританиядағы күндері аясында Лондон жұртына ­Д.Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесуі» спектаклін ұсынған Сыр театрының ұжымы кірпияз Еуропа көрерменін тіпті тәнті етіп қайтты. Асылы, тұманды Альбионда бұл ­театрдың асығы алшысынан түсе берген жайы бар: 2018 жылы Шотландияда өткен тағы бір «Фриндж» халықаралық өнер фестиваліне Х.Әмір-Темір сахналаған «Ақбаян» спектаклі қатыс­тырылып, режиссердің есім-сойы Шотландияның «Алтын Кітабына» хатталды. Ал, өз еліміздегі жеңісті жолдар да осал түсіп жатпаған еді: Астана шаһарының 20 жылдығы мен Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналған Талдықорғандағы Қазақстан және Орта Азия елдерінің VІІ Халықаралық фестиваліне Х.Әмір-Темір сахналаған Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» драмасымен қатысып, үш бірдей номинация олжасын қанжығаға байлады. Театр ұжымы – «Ұлттық авторлардың үздік драмасы» номинациясымен, актер Б.Алпысбаев Жүргеновтің әкесі Қара ролін сомдауда «Ең үздік екінші пландағы ер адам бейнесі» номинациясымен, актер С.Әбдіразақов Т.Жүргенов бейнесін шебер сомдаған артист номинациясымен марапатталды. Былтыр күзге салым Қызылорда облысының мәдениеті мен өнері күндері аясында «Нарком Жүргенов» драмасы Өзбекстан рес­публикасы, Ташкент көрермендеріне ұсынылса, кеше ғана Семейде өткен Қазақстан халық артисі Ә.Өмірзақованың ғасыр мерейтойына арналған ел театрларының фестиваліне режиссер сахналаған драматург Е.Төлеубайдың «Абай» трагедиясымен қатысып, Абай рөлін сомдаған актер Б.Темірбеков сол сахна жүлдесінің жеңімпазы атанды.

Жоғарыдағы тақ-тұқ мәліметтер қатарына енбей қалған ұжым өмірінің мәнді нюанстары қаншама?! Бәрінің нақты тү­йіні: театр шаңырағындағы игі бастамалар – жақсы дәстүрге ұласқан, жолдар мен жылдар жарқын жеңіс, толымды жеміс­тер әкелген.

Қызыл саясат кезінде «Теміров» боп жазылып жүретін Хұсекең бірде, әкесі мен анасының неке куәлігін тауып алады. Өшкені жанғандай қуанады. Ол қағазда әкесінің тегі «Жүсіп Әмір-Теміров» екен. Саясат салған, қуғын-сүргін өкшелеген уақыт кезінде «Теміров» деуге мәжбүрлеген ғой. Хұсекең солай әулет шындығымен қауышты. Сонан бері ол «Хұсейн Әмір-Темір».  

Өз жобасында, алты томнан тұратын ғұмырнамалық, өнернамалық кітаптар сериясының төртеуі дүниеге келген. 80 жыл ғұмыр, 57 жыл сахна әлеміндегі жолдар – соның бәрінің шырғасын шығармай түп-түгел хатқа түсірген ғұмыр-баян бұл. Қомақты дүние. Адам, актер, режиссер, драматург, ұстаз, қайраткер қолтаңбалары сайрап жатыр мұнда…. Соңғы екі кітап басылымға дайындалу үстінде. Сол алтаудың бесіншісіне шебер «Өнер-әлем» деп айдар тақса, ең соңғысын «Шымылдық» деп атаған сияқты. Сахна сөзін тұжырымдайтын сәт «Шымылдық» деп аталады.

Х.Әмір-Темір Сыр театрының ғана емес, жалпы қазақ театр өнерінің өркендеуіне зор үлес қосқан шебер, суреткер. Тынымсыз ізденіс, жаратылыс берген шығармашылық қуат, өзіне де, өзгеге де табанды талапшылдық әр жылдары жоғары бағаланып, Х.Әмір-Темірге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Құрмет» ордені және «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атақтарын еншілеген. Ел, халық көңілінен шыққан лайықты бағалар.

Ол жоғары өнер биігіне көтеріле алған суреткер.

Жақында осы жолдар авторы сол шебермен бірге облыс әкімі ­Г.Н.Әбдіқалықованың қабылдауында болды. Ыстық ілтипат, жылы лебізде аймақ басшысы сексеннің сеңгіріндегі Х.Әмір-Темірдің шығармашылық ғұмыр-жолын биік бағалап, иығына шапан жапты. Мына қысаң уақыттың бір шығысында, шебердің мерейтойын лайықты атқарып, басылымға дайындалып жатқан соңғы екі кітабының жарық көруіне демеушілік жасауға уәде етті. Зор еңбек өз деңгейінде бағаланды. Сол қабылдауда мен, өз әріптестері арасында «шебер», «мэтр» атанған Хұсейн Әмір-Темірді «корифей» нәмінде атауды ұсындым. Неге сондай атты атақты еншілемеске! Бұл дәреженің арнайы дипломы жоқ. Өз мұратының «қара жұмысынан» бастап, нешеме оты мен суынан өтіп, шеберлік қана емес, сұңғыла сарабдалдыққа жеткен рухани дәреженің философиялық мәні, мәртебесі ол! Өз таңдау тағдырының неше шиырынан өтіп, қалыптасқан хас майталманға қарата айтылатын сөз.

Сахна бедеріндегі 57 жыл! Хұсекең бүгін де сол бекем тұғырда. Жас деген, «пашпорттағы» бір тамшы таңбамен санаса тоқырамайтын, жылдар өткен са­йын жосынға салған алмастай жарқырай түсетін бір қасиеттер болады. Сондай өмір, өнер өнегесінің бірі. Бірегейі. Сонау әлемдік ойшылдың дуалы аузымен айтқан «Өмір – үлкен театр» болса, бұл шебер осы екі стихияның ғажайып үйлесімін өмірі жарастырумен келген тұлға.

Ғұмырдың қоңыр күзіндегі Хұсекең – Хұсейн Әмір-Темірдің қазіргі сәтін сахна шымылдығы алдындағы ойлы сабырға ұқсатамын мен. Мәуелі мерзім. Байыр­қалы кезең. Өнерде өрістеген, өнер деп өткен бір ғұмырнаманың Тұжырым-Шымылдығы алдындағы ойлы сәт…

Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ,

жазушы,

қоғам қайраткері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз