Талантымен топ жарған

1375

0

Биыл – «Балалар жылы». Мемлекет басшысының бұл бастамасы бүгінгі жас өркеннің шығармашылығын дамытуға ерекше қолдау болды. Еліміздің барлық өңірінде балаларға арналған өнер байқаулары өтіп жатыр. Сыр елінің талантты бүлдіршіндері де талай додаларда топ жарып жүр. Солардың бірі – Халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегері Ержігіт Сармырзаев. Жуырда Тасбөгет кентіндегі С.Майқанова атындағы Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен жас таланттың «Мен де жұлдыз боламын!» атты жеке концерті өтті.

Ержігіт 10 жаста, №257 орта мектептің озат  оқушысы. Ол – бірнеше мәрте халықаралық және республикалық ән байқауы, мәнерлеп оқу сайысының жүлдегері. Түрік елінде өткен 12 мемлекеттен жиналған «Мен де жұлдыз боламын!» атты мегабайқауда 1-орын иеленіп, Болгария елінде өтетін ән байқауына жолдама алды. Сондай-ақ, биыл Алматы қаласында өткен «Әрқашан күн сөнбесін!» атты балалар арасындағы ән байқауына қатысып, вокал жанры бойынша бас жүлдені жеңіп алды.

Осылайша Ержігіт тек Сыр өңірі ғана емес, қазақ елінің намысын қорғап келеді. Сонымен бірге, ол – С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің өнерпазы, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының тұрақты оқырманы. Бір бойында бірнеше өнері бар талантты бала Ержігіт Сармырзаевтың алғаш рет ұйымдастырылған жеке концерті көрерменнің көңілінен шығып, ыстық ықыласына бөленді. Концертті оның вокалдан дәріс беретін ұстазы Асхат Таңатаров жүргізді. Сондай-ақ, қазақ эстрадасына танымал әнші-сазгер Үкітай Ерниязов жас өнерпаздың шығармашылық жетістігіне тәнті болып, ән шашуын арнады.

«Мен де жұлдыз боламын!» деген Ержігіт қазіргі қазақ эстрадасының танымал әндерін нақышына келтіре орындады. Одан бөлек, белгілі қазақ ақындарының күрделі шығармаларынан монолог оқыды. Жасынан өнерге баулып, қатарға қосқан анасы Динара Сармырзаевамен бірге ән шырқап, ана мен бала арасындағы сүйіспеншілік көрерменді де сүйіндірді.

Концертте жас таланттың шығармашылығына қолдау танытып жүрген М.Ықсанов атындағы колледж оқытушысы Гүлмира Жақыпова, «Ел-Арай» қоғамдық қорының төрағасы Асхат Байдәулетов және мектептегі ұстаздары ақ тілектерін жаудырды.

Иә, ойын баласы үшін 10 жасында жеке концерт беру – үлкен жауапкершілік. Сондықтан «Балалар жылы» аясында Сыр мәдениетін көтеруге өз әлінше үлес қосып жүрген осындай жас жеткіншектердің өнерін насихаттау өте құптарлық іс. Ертеңіне сенетін Ержігіттің алдына қойған арман-мақсаты көп. Оған жетеріне ұстаздары зор сенім артып отыр.

Сондай-ақ, өнерлі өренді Тасбөгет кентінің әкімі Семсер Сыздықов қабылдап, алғыс білдірді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<