«Театр – тағдыр, тұмарым»

1852

0

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Хұсейін Әмір-Темірдің 80 жылдығына арналған «Театр – тағдыр, тұмарым!» атты шығармашылық кеш өнер иесінің өзі ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында өтті. Салтанатты шарада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мерейтой иесін құттықтап, саладағы абыройлы еңбегін атап өтті.

– «Тәуелсіздігіне 30 жыл болған еліміздің рухани байлығын арттырып, төл өнерімізді халықаралық деңгейде танытуда өнер өкілдерінің өзіндік алар орны ерекше.

Қазіргі таңда Сыр елінде мақтаныш етіп айтатын өнердің тұғырлы тұлғаларының тұтас ансамблі бар. Солардың сапында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал режиссер, талантты сахна майталманы Хұсейін Жүсіпұлы Әмір-Темірдің есімі ерекше аталады. Еліміздің бірнеше театрында қызмет етіп, туған жерге деген перзенттік парызын өтеу үшін Қызылорда драма театрына келген Хұсейін ағамыз бүгінде қазақ театр өнеріндегі өр болмысты талант иесіне айналып отыр.

Хұсейін ағамызды Сыр театрының ғана емес, жалпы қазақ өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқан қайраткер деп танимыз, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы мерейтой иесіне Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстап, иығына шапан жапты.

Мерейтой иесін КСРО және Қазақ КСР Халық артисі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық артисі Талғат Теменов құттықтап, маэстроның театр өмірінде қалдырған өзіндік қолтаңбасы мен жоғары репертуарлық талғамын атап өтті. Тағдырын театрмен тоғыстырған талант иесінің еңбегіне ерекше баға берді. Ал, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтауын министрліктің жауапты қызметкері Гүлнафис Мырзашева жеткізді. Сонымен қатар, қазақтың көрнекті жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабеков және С.Вургун атындағы Әзірбайжан Мемлекеттік орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Мирбала Салимли мерейтой иесіне бейнеқұттықтау жолдады.

Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрының артистері, Самал Байсейітова мен Мақсат Мақұлбеков бастаған Сыр өнерпаздары режиссердің өмір жолы мен қызметіне арналған сахна қойылымдарын, ән композицияларын орындады.

Хұсейін Әмір-Темір қазақ театр өнерінің өркендеп, дамуы жолында өлшеусіз еңбек етті. Ол отандық театр сахналарында түрлі жанрдағы 200-ден аса спектакль қойған. Одан бөлек, бірнеше туындылары шетел театрларында қойылып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Өнер иесі шығармашылық жетістіктері үшін кеңестік Мәдениет министрлігінің, 2 мәрте Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің, Қызылорда және Алматы облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

Кеште мерейтой иесі өмірімен ұштасқан өнер жолы туралы шағын естелік айтты. Қиындығы мен қызығы қатар өрілген осынау өнер  соқпағында қадірін арттырып, халыққа танытқан қара шаңырағына, көңілі көлдей көрермен қауымға риясыз алғысын білдірді.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<