«Туған жердің тылсым сырын ұғып көр»

1566

0

«Қазақтың Қадыры» деген құрметті атқа ие болған Мемлекеттік сыйлықтың және «Тарлан» сыйлығының иегері, Қазақстанның Халық жазушысы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының «Дала дидары» атты әдеби-сазды көшпелі өнер ұжымы Сыр еліне келді. Шығармашылық ұжым Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында «Қадыр жолымен…» жобасы аясында концерт ұйымдастырды.

Мерекелік кештің мақсаты – шалғай жатқан аудан, ауыл тұрғындарына, сондай-ақ өзге өңірлерге Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығын кеңінен насихаттау және рухани байланыс орнату.

Әр дәуір өз ақынын тудырады десек, Қадыр Мырза Әлі шығармашылығы – көркем тілмен жазылған шежіре. Ақынның поэзиясы сан қырлы. Ол Отан, дәуір, халық, елге, жерге сүйіспеншіліктен бастап, барлық жақсылық атаулыға сүйсініп, адал еңбек, пәк махаббат, биік адамгершілік, туған табиғатқа деген немқұрайлылыққа дейінгі барлық әлеуметтік саланы қамтиды.

Концерт барысында қарымды қаламгердің қанатты сөздері, қағытпа қалжыңдары айтылып, ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалды.

– Ой орманынан бастау алып, абыз ақыннан аңыз ақынға айналған тума талант жырының жанашырлары көп. Оған кешке жиналған көрермен қауым дәлел. Бүгінгі іс-шараны ұйымдастырған шығармашылық топқа алғыс білдіремін. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін. Өнерлеріңіз өрге жүзсін, – деді облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов.

Кеш барысында Қайрат Какимов «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру» әнін орындады. Жаңылсын Хасанова ерекше сазды дауысымен «Өмірің өз қолыңда», «Тамды аруы» әндерін орындаса, Дастан Есентеміров пен Ернар Өмірәлі «Тамаша», «Жар» әндерін бірге шырқады. Халықты ерекше тебірентетін Шәмшінің әуеніне жазылған «Сыған серенадасын» Мәди Сабыров, Асылбек Ислямов айтты. «Жауынгер мекен – Жымпиты» әнін Мейірхан Аюпов орындап, концерт соңында рухты көтеретін «Атамекен», «Өз елім» әндері шырқалды.

Айта кетейік, ақынның 80 жылдық мерейтойына орай ашылған мәдениет және өнер орталығы бірнеше жылдан бері жүйелі жұмыс істеп келеді. Бауыржан Халиолла басқаратын  орталықта мерекелік концерттер, әдебиет пен өнер өкілдерінің шығармашылық кештері, ғылыми конференциялар өтеді. Батыс өңірінің қылқалам шеберлерінің туындылары қойылған галерея жұмыс істейді. Арнайы музейде ақын өмірі мен шығармашылығынан толық мағлұмат бар.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<