«Ұлардың дауысы»

1231

0

А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Қызылорда «Жастар театрының» «Ұлардың дауысы» атты поэзиялық қойылымының премьерасы өтті.  Оған Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев қатысты.

Салтанатты шарада алдымен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерманның 5 томдық таңдамалы жыр жинағының тұсаукесер рәсімі болды. Ғанибек Қонысбекұлы ақынды мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жапты. Ақын өз кезегінде кітаптарын қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне сыйға тартты.

Креативті шығарма  «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, жырау, профессор Алмас Алматов пен ҚР Мәдениет қайраткері, ақын, режиссер-сценарист Оңталап Нұрмахановтың шығармашылық одағынан туындаған.

Қойылым қиял құшағындағы бала Жүрсін бейнесінен бастау алып, оның қалыптасу жолын театр әртістері өлең арқылы жеткізді. Спектакльдің негізгі бөлімінде сахнада көрініс табатын бәйтерек – өмір ағашы. Оның жапырақтары ақынның 70 жасқа дейінгі сәулелі сәттері мен мұңды мезеттерін, жеңісі мен жеңілістерін, тәңір қосқан қосағы – Бақытжамалмен бірге кешкен ыстық та суық, ащы да тәтті тіршілігін бейнелейді.

Өзгеше туынды көрерменді тереңіне бойлатты деуге болады. Ұлытаудың бөктерінде дүниеге келген ақынның өмір жолын сол жерді паналайтын қасиетті құс ұлармен ұқсастыра бейнелеуі тегін емес. Себебі ұлар – тек қана биік шыңдарды мекендейтін адам баласының көзіне түсе бермейтін киелі құс. Қойылымда ақынның жүрек тебіренісі, қорқынышы, қуанышы – бәрі-бәрі ұлар құспен сырласу арқылы көрініс табады. Ақынның  өзгеге ұқсамайтын өміржолы, ұлт руханиятының дамуына қосқан үлесі зор. Әсіресе айтыс өнерінің  жандануына, халық арасында насихатталуына, жас ақындарды танытуға жасаған еңбегі бір төбе.

– …Ұлар, ұлар келдің бе? Бабаларың?…Не дейсің? Жоғалттың дейсің бе? Кім алғанын қайдам? Зерттелмей кетті-ау…Оқылмай кетті-ау. Қалдырған қашап қазына… Ей ұлар құс! Ұлытаудың арын, биігін, ықылымнан күзеткен ұлар сен емес пе едің? – деп жігіт Жүрсін мұңаяды.

Оның рөлін  актер Мақсат Серіков ойнады. Жары Бақытжамалдың қолдауын, жолдасының жүрегін үнсіз ұғуын, ыстық махаббатын театр артисі Динара Нұрлыбай шебер орындап шықты. Бала Жүрсіннің бейнесін Ерали Жақсығұлов сомдады. Музыкамен көркемдеген ҚР Мәдениет саласының үздігі Сәбит Ұлықпан, суретші Жарқынбек Қоспаев, бимен көркемдеуші Ақмарал Қойшығұлова, режиссердің көмекшісі Ілияс Өтетілеу болды. 

ҚР Мәдениет қайраткері, ақын, режиссер-сценарист Оңталап Нұрмаханов:

–    Біздің театр Жүрсін Ерман болмысы арқылы ұлттық руханиятымызды, болмысымызды кім екенімізді жеткізгісі келді. Жүрсін ағамыз – жоғалғанымызды тапқан, айтыс өнерінің жұлдызын жаққан тұлға. Сол үшін де құрметтейміз.  Оның шығармаларын газет-журналдардан оқып өстік. Ақынды қолдайтын да, қорғайтын да жан-жары, өмірлік серігі. Әйел деген ақиқатты ұлықтағымыз келді. Ана деген болмысымызды қасиеттегіміз келді. Осы жетістікке жету үшін ақынның шығармашылығына бас сүйеп, иық тіредік, – деді.

Қойылым соңында Жүрсін Молдашұлы туындыға оң баға беріп, шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған қала әкімдігі мен қалалық мәдениет бөліміне ризашылығын білдірді.

–       Сыр бойы маған бөтен емес. Шаңына аунап өстік. Ыстығы мен шөліне шыдап ержеттік. Өмірдің бір белесін артқа тастап, толысқан шағымызда келіп, қуанып жатырмыз. Алмас Алматов пен Оңталап Нұрмахановқа рахметімді айтамын, – деді мерейтой иесі.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<