Жаңа маусым ашық

1059

0

Қызылордада театр маусымы ашық. Оның шымылдығы Ерсайын Төлеубайдың «Абай» спектаклімен түрілді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова карантин талаптары басқа мәдени нысандар сияқты театрға да тән екенін жеткізді.

Атап айтқанда, көрермен саны 50-ден аспауы тиіс. Келушілер өнер ордасына медициналық маска­мен ғана кіре алады. Әлеу­меттік қашықтықты сақтай отырып жайғасады. Жеңілдетілген карантин жағдайында көпшілікпен қайта қауышқан шығармашылық ұжым жаңа маусымда бірнеше қойылымды сахналағалы отыр. Олар – Қайрат Жүнісовтің «Ға­шықтар хикаясы» комедиясы, Дулат Исабековтің «Жүзжылдық махаббат» драмасы, Хұсейн Әмір-Темірдің «Ешкімге керегі жоқ ауыл» пьесасы. Одан бөлек, қараша айында Думан Рамазанның «Абылай ханның арманы» спек­таклі қалың жұртшылыққа жол тартпақ.

Брифингте театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейн Әмір-Темір пандемия кезінде үйде бо­лып, киелі қарашаңырақты, көрер­менді сағынған артистердің қызу да­йындыққа кірісіп кеткенін атап өтті. Өйткені кез келген қо­йы­лымның табысты болмағы жан-жақты дайындыққа тікелей байланысты.

Баспасөз жиынында өнер сала­сындағы өзге де жетістіктер, ат­қарылған жұмыс туралы айтылды.

– Өткізілген шараларды өздеріңіз онлайн түрде әлеуметтік желілер мен Youtube-тағы «Сыр шаңырағы» арнасынан тамашалап жүрсіздер. Осы орайда мәдениет, өнер ұйымдары мен қызметкерлері арасында ұйымдастырылған респуб­ликалық «Рухани қазына» онлайн фестивалінде өңірден 5 үздік анықталды, – деді басқарма басшысы.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<