«Жас қанатта» қанаты қатайған

1055

0

Жыр елі атанған біздің өлкеде жастайынан өнер жолында шыңдалған таланттар баршылық. Солардың бірі Руслан Садықовтың  өзіндік тыңдарманы қалыптасқан. Алғаш рет «Әнші балапан», «Таңшолпан», «Жас қанат» байқауында өнерімен көзге түсті. Саз әлемінің сахнасына келген жиырма жылда көптеген табысқа қол жеткізді.

Әнші сахнадағы 20 жылдығына  орай Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында ән кешін өткізіп, тыңдармандарын қуантты. Әнді жанына серік еткен тамаша дауыс иесі талай мәрте Сыр елінің атын асқақтатып, халықаралық деңгейдегі байқауларда марапат биігінен көрінді.

Ән кешінде облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов құттықтау сөз сөйлеп, Алғыс хат табыстады. Талантты әншінің шығармашылығын жоғары бағалап, ән әлемінде өзіндік орны бар екенін атап өтті. Сонымен қатар «Қазақстан» РТРК» АҚ облыстық филиалының директоры Ж.Қарабала мен Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Д.Байдушев алғыс айтып, құрмет көрсетті.

Сыр перзентінің ән әлеміндегі жолы «Жас қанат» байқауынан бастау алған. Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнін ерекше нақышта орындап, көрермен  көзайымына айналды. «Күміс қанат» иегері атанды. 2002 жылы Белорусьтің Витебск қаласында өткен халықаралық «Славянский базар в Витебске» конкурсына Қазақстанның атынан қатысып, байқауға шығыс елдерінен барған алғашқы қарлығаш атанған. Эстонияның Таллин қаласында ұйымдастырылған I халықаралық «Эду-2004» әншілер конкурсында лауреат атанды. Құрметті консул Аду Лукастың қабылдауында болып, қазақ мәдениетінің дамуына қосып жүрген үлесі үшін Құрмет грамотасымен марапатталуы да – әншіге көрсетілген ерекше құрметтің бірі.

Сондай-ақ, 2005 жылы Феодосияда өткен халықаралық «Крымская волна» ән байқауында қазақтың халық әні «Назқоңырды» орындап жүлделі 2-орынды иеленіп, лауреат атанған.

Әншінің репертуарындағы туындылардың жөні бөлек. Ол Серік Меңдіқұловтың «Жастық шақ», ақын, композитор Д.Торғаеваның «Бауырларыма» атты әніне бейнебаян түсіріп, тыңдармандарының ыстық ықыласына бөленді. Р.Гайсиннің «Күтемін сені» атты әніне түсірілген бейнебаян көрермен көңілінен шықты. «Таң аруы» атты үнтаспасы жарық көрді. Мұның барлығы – әншінің өнерге деген шынайы сүйіспеншілігінің дәлелі.

Руслан Садықовтың  ән додаларында жеткен жетістігі көп. Өнер  жолындағы еңбегінің арқасында «Дүние таланттары одағының» мүшелігіне қабылданып, сый-құрметке ие болды. Ол  – Қазанғап  атындағы  Қызылорда музыкалық колледжінің және Қазақ Ұлттық музыка академиясының түлегі. Бүгінде әншінің өнердегі жеткен жетістіктері бағаланып, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Алдағы уақытта өнер жолындағы еңбегі еселеніп, ән әлеміндегі орны биіктей беретініне сенеміз.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<