Жеті жұрттың тілін білген

62

0

Қазақ қызының Париж  тұрғыны атанғанына сегізінші жыл. Бүгінде ол күллі әлем таңырқай қарап, құрақ ұша ұмтылатын әйгілі мұнарада қызмет етіп жүр. Өзі Моңғолияда туып, төрт жасында тарихи отанына көшіп келген. Қазір ата-анасы мен туыстары ел астанасында тұрады. Бір қызығы, жеті тілге жетік қыз болашақ жарымен әлеуметтік желі арқылы танысыпты. Айсұлу Түркия қазағының өзіне ана тілін үйретуге қа­тысты өтініш хабарламасын оқыған сәтте оған тәнті болғанын айтады.
Осылайша, орта білімді де, жоғары білімді де Қазақстанда алған Айсұлу Төлек кәрі құрлықтағы қандасына қазақ тілін үйретуге риясыз ниетпен кіріседі. Онлайн таныстықтың соңы уақыт өте келе үлкен сезімге ұласады. Жігіт Қазақстанға бірнеше мәрте келіпті. Ақыры, 2012 жылы қазақ аруы Франция қазағына тұрмысқа шыққан. Тойдан соң жас отбасы Парижге аттаныпты.  
Париждегі Эйфель мұнарасы –  әлемдегі ең көрікті нысан. Бұл кереметті көзбен көру – әрбір саяхатшының арманы. Сол себепті де дүниенің әр қиырынан күніне ағылып келетін туристердің санында шек жоқ. Сол туристерге жол көрсетіп, жөн сілтеп жүретін мұнара қызметкерлерінің құрамы да айтарлықтай ауқымды. Айсұлу туристерге көмек қолын ұсынып жүрген полиглоттардың қатарына қалай қабылданғанын былайша тарқатты:
– Францияға келген соң   жылдан астам уақыт ортаға үйреніп, тіл меңгергеннен кейін жұмыс істегім келді. Эйфель мұнарасы мен Луврға, басқа жерлерге түйіндеме жіберіп едім, бірінші болып Эйфель мұна­расының әкімшілігі ша­қырды. Сұхбат ағылшын және француз тілдерінде өтті. Екі кезеңнен тұратын сынақтан өткен соң, әкімшілік «Сіз бізге қажетсіз, қабілетіңіз де керек» деп хабарласты. Тиісті құжаттарымды рәсімдеген соң, бірден жұмы­сымды бас­тап кеттім. Мен мұны сәттілік деп қабылдадым. Өйткені, мен барғанда бос орын болды, – дейді ол.
Айсұлудың айтуынша, Гус­тав Эйфельдің атымен атала­тын атақты мұнараны көру үшін жер-жаһанның түкпір-түкпірінен жылына 6 млн-нан астам сая­хатшы келеді. Биік мұнараны бір мезгілде 10400 турист аралай алады. Биіктік демекші, 1889 жылы салынған Эйфель мұнарасының биіктігі – 322 метр. Ал салмағы – мың тонна! Алып мұнара үш бөліктен тұрады.  Ең жоғарғы, яғни үшінші бөлігі – 247 метр биіктікте орналасқан. Оған лифтімен де баспалдақпен де шығуға болады. Баспалдақ саны – 1792.
Айсұлудың негізгі міндеті  – мұнараға келген қонақтарға қызмет көр­сету. Олар қандай да бір қиын­­дыққа тап болса, сондай-ақ, аяқ астынан тех­никалық ақау туындаса, ше­шімін табуға тырысу. Қажетті ақ­парат ұсынып, бағыт-бағдар бе­ріп тұрған қағілез қызға саяхатшылар да дән риза.
Айсұлу әйгілі мұнараны тама­шалауға келгендердің арасынан ара-тұра қазақтарды кезіктіргенде айрықша қуанатынын айтады. «Олардың қазақша сөйлеп жат­қанын естісем болғаны, төбем көкке жетіп, қасына жетіп бара­мын да, қазақша сөйлей жөне­лемін. Осылайша, мауқымды бір басып, марқайып қаламын» деп, ағынан жарылды ол.
 Әлемдегі ең танымал сәулеттік туынды – Эйфель мұ­­­нарасының қалай салынғаны, сәулетші-құрылысшы Г.Эйфель туралы әскерде жүрген кезімде, сонау 1989 жылы одақтық бір басылымнан оқығаным есімде. Сол тұста мұнараның салынғанына ғасыр толған-ды. Сәл тарихын тарқатсақ, ғажабы сол, Париждің символы 1889 жылы уақытша ғимарат ретінде бой көтерді. Сол жылы дүниежүзілік EXPO көрмесінің кіреберіс дарбазасы қызметін атқару үшін жобаланып, салынған темір мұнара Манхэттендегі Крайс­лер салынғанға дейін 40 жыл бойы әлемдегі ең биік мұнарасы болып саналды.
Тіпті, «Teletex Holіday тур» фирмасы жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша Эйфель мұнарасы әлемнің 7 кереметінің ішінде екінші орында тұр екен. Дана қазақтың «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім  біл!»  деген қағидасын өмірлік ұста­нымына айналдырған Ай­сұлуға қалай риза болмассың?!
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз