Әннен әр, өлеңнен өң кетті

428

0

Құлақтан кіріп бойды алатын, тыңдаған жан ойланатын ойлы әуендер сиреп барады. Даңғыр-дүңгір, даңғаза музыкалар қазақылық қанына сіңген қоңыр дауысты аңсаған елді мезі еткені рас. Кең тынысты, еркін, көсіле орындалатын еліміздің ұлттық, дәстүрлі әндері бүгіндері замана ағымына әлі келгенше ілесіп бағуда. Әйтсе де жыр тыңдап, терме десе тебіренетін жастар ілуде бір ғана. Әлемжеліні жарқыратып тұрған заманауи әндер, жеңіл-желпі өлең ұйқастарынан құралған рэп белең алып, етек жаюда. Ойлы, салмақты, сезімге толы өнер туындыларының сұранысы азайғандықтан ба, әншілер мен сазгерлер де осы ағынның, дүлейдей дауылдың ығына жығылып бара жатқандай. Құлаққа түрпідей тиетін жағымсыз әндер, өлеңін оқығанда төбе шашың тік тұратын сұрықсыз сөздер, үйлесімсіз ұйқастар, варваризмге толы теңеулер. Бұл – көрермен мен тыңдарманды сыйламау! Мұндай «өнер» атты өзен ағынының әзір тоқтар түрі жоқ.

Бұл тақырыпты талқылағанда адам­дардың пікірі екіге бөлінеді. Бірі дәстүрді дәріптеп, ескіні ұлықтау керек десе, енді бір топ таптаурындардан арылып, жаңа дүниенің де дәмін татып көрген жөн дейді. Расымен де, әр іс – өз кезегімен, өз дәуірімен жалғасып отыратыны заңды құбылыс. Бірақ, кез келген өнер туындысы ақылға салынып, тұшымды болып шыққанына не жетсін?!

Халық шедевр күтеді. Рухани жаңғыр­ғысы келетін жұрт төрт аяғын тең басқан өлең мен есті әуен тыңдаса, ұрпақ парасатты тәрбиеленетіні айқын. Неге солай жасамасқа?! Қазіргі таңда тыңдалып, хит болып жүрген әуендердің бірен-саранын сараптап, сөз мағынасына назар салып көрдік.

«Шудың бойында» деп шулатқан әнді көбі жақсы біледі. Осы ән шумағының қайырмасы:

– Шудың бойында сені іздедім,

Бәрі ойымда, үміт үзбедім.

От боп күйгеннен мені іздедің,

Сенің мойныңда менің іздерім, – деп өріле кетеді. Әні: А.Отыншиев, сөзі: Б.Арыстандыкі. Біріншіден, өлең логикасы дұрыс құрылмаған. Қыз жігітті іздеп жүр ме, әлде жігіт пе? Сорақысы, қыздың мойнына ақын қандай із салғанын ашып айтпаған. Мұны қалың қазақ сүйсініп тыңдап жүрді. Той-томалақтарда асыр салып биледі. Ән сөзінде айтылған «Бәрі мәңгі тұрмайды» демекші, бұл музыка да лезде жарқ етіп, тез ғайып болды.

Келесі сөз Ninety One тобы төңірегінде болмақ. Тәуелсіздіктің төл құрдастары деуге ауыз бармайды. Бірақ, солай! Киім киістері, мәдениеттері дау-дамайдың астында қалған жас жігіттер елдің назарын бірден баурап алды. Өйткені бұрын жасалмаған жаңа бағытты қазақ еліне әкеліп, қыз сынды сырға тағып, шаш бояп, қысқасы «желіні жарды». Мамандардың айтуына қарағанда, әндерінің сапасы жоғары. Ал ән мәтіндерінен адам шошиды. Тіпті соңғы жарияланған әндері былапыт сөзге толып кеткен. Мұның өзі халық тарапынан сынға ұшырады. Ең алғаш жарияланған «Айыптама» атты әнді алып, талқылап көрдік.

– (Еее) Менен күнде-күнде,

Сұрайсың не бәле?

Мінезіңді білем, бірақ келіспейм(ін),

(Ааа) Менің басым аурад(ы)!

Күніге неге менің басым аурад(ы)?

Таң қала сен сұрама!

Өзің де тигіздің әсер санама, – деп өлең жалғаса береді. Шынымен басты ауыртатын өлең. Негізінен мұндағы жақшаға алып қойған сөз соңындағы дыбыстар айтылмайды әнде. Қатесіз болуы үшін қоршап жазып қойып отырмын. Одан қалды мына текст өлең деуге де келмейді. «Бүгіндікке күтпе мені» деген сынды стилистикалық қателер көзге ұрып тұр. Өлең формасы дегенге сүйенер болсақ, буын мен бунақ, ұйқастар заңдылығы тіпті сақталмаған. Соның өзінде осындай жеңіл-желпі әуендер ел арасында әлі айтылып жүр.

Бұл тізімдегі әншілер қатарына Кенталды да қосуға болады. «Аман бол, халқым» деп бір ауыз сөзбен бір әнді бітіре салған әншіні де халық сынның астына алған болатын. Оның «Құдағи бір би» атты әні жарық көрді. Ол да оңып тұрған жоқ. Сылдыр сөз. Мағынасыз сөйлемдер. Мысалға:

– Құдағи, құдағи бір би,

Құдағи, құдағи бір би.

Бір партия…

Құдағи, құдағи бір би,

Құдағи, құдағи бір би, – деп әндетеді. Бұл – әннің негізгі қайырмасы. Мұнда ойға түйерлік, көңіл толтырарлық ештеңе жоқ. Құр қаңқа ғана.

Аспен ұрғанды таспен ұрудан аулақпыз. Десе де, осы бір шоу бизнестің қазанында қайнап жүрген әншілердің пікіріне де назар салдық.

– Қазіргі қазақтың мен деген азамат әншілері той мен сахнаны шатастырып алды. Оған менің Роза Рымбаева апамның басы ауырып, біраз әңгіме айтқан болатын. Мақпал апамыз да бас қатырды. Бибігүл апамыз да осы тақырып төңірегінде біраз әңгіме қозғады. «Не дүние, мынау не бәле, сахнаны сайықмазақ қылдыңдар» деген сынды түрлі пікір айтылды. Мен олардың әр сөзіне қосыламын. Киелі сахна мен көптің қуанышын арқалаған тойды шатастыруға болмайды. Әннің де естісі бар, есері бар, – деп Тоқтар Серіков әншілерге репертуарды арзанқол әндермен ластамауға кеңес берді.

Әріптесінің бұл пікірін Меруерт Түсіпбаева да қолдайды. Ол да қазіргі таңда саны көп, сапасы жоқ әндердің көбейіп кеткенін айтып жатыр.

– Баяғыда танымал жұлдыздар жылына 1-2 ән ғана жаздыратын. Қазіргі таңда Шәмшінің, Төлеген Мұхамеджановтың немесе Кеңес Дүйсекеевтің әніндей құлақтың құрышын қандыратын туындылар азайып кеткен. Олар барлығын шетелден, қыр­ғыздардан, өзбектерден алады, – дейді әнші.

Ақындар да үнсіз қалып жатқан жоқ. Дабыл қағып, мәселе көтеруде. Қазақтың әйгілі ақыны Мұхтар Шаханов қазақ тілін қорлап жүрген әншілерді сынға алғаны елдің әлі есінде.

– Телеарнаны басып қалсаңыз болды, жеңіл әндер. Мағына жоқ, мазмұн жоқ. Сөздерін де өзі жаза салған. Күлкілі жағдай. «Супер келіншек» деген ән шығыпты. Сонда бұлар қазақша жазуға ерінеді. Орысшаны араластырып жаза береді. Қазіргі қоғамдағы ең бай адамдар – әншілер. Әрқайсының бірнеше қабат үлкен үйі бар. Ең сорлап қалған әншінің өзінің екі үйі бар. Ал өнері «арзан», – дейді Мұхтар Шаханов.

«Шапалақты ұрып қаспенен», «Тағыма отыр», «Шаштары үрбейіп, билейді ырбиып», «Су, үй жақта кездесу», «Ей, бері қара бұл қап-қара Шымкент. Көшедегі шара-бара, бәріне жетеді. Бізді шектетеді, как будто шетелдей», «Ақ пәкетпенен, көк пәкетпенен» деген сынды әнге айналған вирус сөздер әлден жастар арасында кең таралған. Дер кезінде мәдениет министрлігі көркемдік кеңес ашып, өнерге сүзгі жасамаса, мұның салдары не бұлары бәріне белгілі.

Балқадишадай бал тамған, Маңмаңгердей мағыналы, Елім-айдай емірендіріп жібере­тін жібі түзу ән әлі-ақ дүниеге келер. Көпке топырақ шашып, сазды әндер мен өңді өлеңдер жоқ деуге де ауыз бармас. Бірақ олар сирек. Байқағаныңыздай, жастар арасында мазмұнсыз әндер мұз бетінде аққан қызыл судай тез жайылу үстінде. Рухани жаңғырғысы келетін жастарды алаңдататын да – осы дүние.

Сол үшін де әнге әр, өлеңге өң берші, әнші!..

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<