Қант тапшылығы неден туындады?

1018

0

Елімізде қант тапшылығы неден туындады? Бұл тұрғындар тарапынан жиі қойылатын сұраққа айналды. Сыр өңірінде де қант мәселесіне байланысты түйткіл бар. Кейбір сауда орындарында баға қымбат, әлеуметтік дүкендерде тез таусылып қалады. Қысқасы, қазір қант қасқалдақтың қанындай қат дүниеге айнала бастады. Осы орайда тиісті сала мамандары ешқандай алаңдаушылыққа негіз жоқ екенін айтып, мәселені шешу үшін қажетті іс-шаралар атқарылып жатқанын жеткізді.

Экспортқа шығарудан Бразилия көшбасшы

Жұмыр жер бетінде қант өндірісімен қазына қазанына қыруар қаржы құйып отырған мемлекеттер бар. Бұл жөнінен көшбасшылық тізгінді қолға алған Бразилияда қант құрағы мыңдаған гектарға өсіріледі. Аталған мемлекет тропиктік аймақта орналасқан. Сондықтан онда қант құрағының өнімділігі жоғары. Тіпті, одан жылына екі мәрте өнім жинауға мүмкіндік бар. Әлемдегі қант өндірісінің ширек бөлігі сол елдің үлесіне тиетіні көп жағдайды айғақтайды. Сондай-ақ, дүниежүзінде Таиланд пен Үндістан да аталған өнімді өндіру ісін жолға қойған. Еуропада Германия мен Финляндия қант өндіру арқылы мол несібеге кенеліп отыр. Солтүстіктегі көршіміз Ресей бұл жөнінен әлемдік өндірісте небәрі 2 процентті иеленеді, рейтинг бойынша алдыңғы сегіздікте тұр. Қант негізінен қант құрағынан және қант қызылшасынан алынады. Қант құрағының өндірісі жылына 1,4 млрд тоннаны құрайды. Ал қант қызылшасының үлесі – 270 млн тонна.

Елімізді қантпен қамтамасыз ету ісі 90 процентке жуық импортқа тәуелді. Мамандар қызылша өсіруді дамытуға үлкен мүмкіндіктер бар екенін айтады. Табиғи-климаттық жағдайына байланысты Алматы облысының аумағында көбірек өсіруге болады. Сондай-ақ, Жамбыл облысының Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мерке секілді 5, Түркістан облысының Мақтарал, Отырар, Сарыағаш, Шардара секілді 4 ауданында өсіруге әбден болады. Тоқсаныншы жылдарға дейін Жамбыл облысында қант қызылшасының көлемі 42 мың гектарға жеткен еді. Кейінгі жылдарда аталған жұмыс саябырсып қалды. Қазір ол істі қайта жандандыруға көңіл бөлінуде. 

Қолдағы дерекке сүйенсек, елімізде қанттың 90 проценті шетелдік шикізат – қант құрағынан жасалады. Өкініштісі, шикізаттың қалған бөлігі ғана өзімізде өндіріледі.

Кім қанша тұтынады?

Дүниежүзінде қантты тұтыну мөлшері сан түрлі. Атап айтқанда, америкалықтар көп тұтынады, жылына 70 келі қант жейді. Осылайша АҚШ әлемде қантты көп тұтынатын мемлекетке айналып отыр. Одан кейінгі орындағы Канада тұрғындары жылына 63 келі қант пайдаланады. Еуроодақ елдерінде ол жылына 50-60 келіні шамаласа, Ресей тұрғыны жылына 44 келі қант жейді. Ол елімізде орта есеппен 26 келіні құрайды.

Сала мамандары елімізде қант мәселесі Ресей мен Украина арасындағы қалыптасқан жағдайға байланысты туындап отырғанын айтады. Облысымыз қант нарығында негізінен импортқа тәуелді. Оның біршама бөлігі Жамбыл, Алматы облысынан жеткізілсе, тағы бір бөлігі Ресейден тасымалданды.

– Еліміздегі қант зауыттарына қант құрағы негізінен Ресей арқылы Бразилиядан жеткізілді. Қазір Ресейде қалыптасқан жағдайға байланысты ол басқа логистикалық тасымалдану арқылы жүргізілуде. Бұл қант бағасының өсуіне әсерін тигізді. Себебі, логистикалық тасымалдау жолының арақашықтығы ұзарып, қосымша шығын пайда болды. Ресми статистикалық мәліметке сәйкес облыс бойынша қанттың орташа бағасы – 455 теңге. Ал, әлеуметтік дүкендер мен әлеуметтік бұрыштарда ол 263 теңгеден тұтынушы қолына жол тартты, яғни, нарық бағасынан екі есеге арзан. Бүгінде тұрақтандыру қорында 78,9 тонна қант бар. Ал қарыз алушылар айналым схемасы бойынша 155,6 тонна міндеттеме белгілеген. Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы қант қоры жасақталып, тұрақтандыру қорына жеткізу жұмыстары жүргізілуде, – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Тілеулеева.

Қажетті өнім Қызылордаға жеткізілді

Қазірге дейін «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы 272 тонна қант тұрақтандыру қорына жеткізілді. Ол 38 әлеуметтік дүкен мен әлеуметтік бұрышта тұрғындарға төмен бағада ұсынылуда. Аталған қорға қосымша қант өнімін сатып алу жүргізілуде. Бұдан бөлек қант бағасын тұрақтандыру үшін облыс әкімдігі «Көксу қант зауыты» ЖШС-мен 612 тонна өнім алу жөнінде келісімге келді.

Ірі сауда орталықтарының тапсырысы негізінде қант тиелген вагондар облысқа жеткізіліп, кәсіпкерлерге беріледі. Бүгінгі күнге 2 вагон жеткізіліп, ол сауда желілеріне таратылды. Тағы 2 вагон қант таяу күндері тұтынушыға жол тартады. Жалпы жыл аяғына дейін жоспарланған 3314,8 тонна толығымен жеткізілмек. Ол үнемі жүйелі түрде толықтырылады. Айта кетерлігі, біздің өңірде қант және өзге де әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдер бойынша ешқандай жетіспеушілік жоқ.

– Тұрақтандыру қорында 484,8 млн теңгенің 1167 тонна өнім қоры бар. Оның ішінде қант 78,9 тоннаны құрайды. Оған қоса қолымызда 257,8 тонна бірінші сұрыпты бидай ұны, 273,1 тонна қарақұмық жармасы, 84,1 тонна күріш, 9,5 тонна макарон, 474,2 тонна өсімдік майы бар. Жыл басынан бері тұрақтандыру қорына 272 тонна қант сатып алынған болатын.

Облыс орталығындағы бірқатар әлеуметтік сауда нүктелерін аралап көрген едік. Онда қант алуға ұзын-сонар кезек барын байқадық. Кейбірінде қант тез таусылып жатыр. Мамандар алдағы уақытта бұған қатысты мәселе толық шешімін табатынын жеткізді.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы».  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<