Терезеге абай бол немесе балаңызда қанат жоқ

753

0

Қазір балалардың қайғылы жағдайға ұшырауының негізгі себептерінің бірі терезеден құлау болып тұр. Жауапты мамандардың айтуынша балаларды қараусыз қалдыру салдарынан оқыс оқиғалар жиі тіркеледі екен. Көпқабатты үй тұрғындары сақтық шараларын барынша ұстанып, балаларды терезе маңына жақындатпаған жөн.

Болған жағдайларды талдағанда, ата-аналар баланы терезе жанында жалғыз қалдыратынын білдік. Егер терезе тормен жабдықталған болса, онда ол екі есе қауіпті. Кейбір ата-аналар торды қорғап қалады деп ойлайды. Бірақ ол жай тор ғана.

Жақында «Арай» шағын ауданында 3 жасар сәби 4-қабаттан құлап, ауруханаға жеткізілді. Аталған оқиғаға сәйкес полиция қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізіп, баланың жағдайы жақсы екенін айтты. Биыл осындай 3 жағдай тіркелсе, былтыр 10 бала терезеден құлаған. Өкінішке қарай, оның 2-і қаза тапты. Осыған орай, төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындарына жаз бойы түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.

– Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, зардап шеккендер – 1 мен 6 жас аралығындағы жеткіншектер. Басты себеп – балалардың ата-ананың қарауынсыз қалуы, қорғағыш торлардың нашар бекітілуі және балалардың терезе алдында ойнауы, – деді қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Жасұлан Түйменов.

Мұндай жағдайдың алдын алу үшін құтқарушылар кішкентай жеткіншектерді жалғыз қалдырмауға кеңес береді. Сонымен қатар үй жиһаздарын терезеден алшақ қоюды ұсынады.

Бала – кішкентай зерттеуші, ол айналасын танып-білу үшін түрлі әрекеттерге барады. Әрине, терезе және оның арғы бетіндегі әлем – бала үшін қызық әрі беймәлім. Сол әлемді тамашалау үшін кішкентай жеткіншектер терезе алдына шығып, көп жағдайда терезеге арналған торға сүйкенеді. Ондай торларға сену қауіпті одан әрі күшейтпесе, құлаудан сақтамайды. Ең сапалы тордың өзі баланың салмағын қысымды көтере алмайды. Бала ойнайтын бөлменің терезесін немесе балконның есігін жауып қойған дұрыс. Терезені өз бетімен ашпас үшін арнайы бекітетін құралдарды қолданған жөн.

Оқыс оқиғаларға байланысты сәуір айынан бастап көпбалалы отбасылардың үй терезесіне арнайы қауіпсіздік ілмешегі орнатылды. Сондай-ақ, «Ақмешіт», «Арай» шағын аудандары және сол жағалауда тұратын тұрғындарға үйде жеткіншектерді жалғыз қалдыруға болмайтыны туралы ескертілді. Мұнан бөлек мектеп директорларына терезеге қауіпсіздік құлыптарын орнату маңызды екені айтылды.

LED экран, әлеуметтік желі және де ақпарат құралдары арқылы «Ашық терезе – балаға төнген қауіп!», «Терезені жабыңыз, балаңызда қанат жоқ» тақырыптары бойынша арнайы хабарламалар мен бейнекөрсетілімдер жолданды. Осындай жағдайларға сәйкес ТЖД қызметкерлері қала аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында арнайы міндеттерді орындау үшін 24 сағат жұмыс істейтінін жеткізді.

Ата-ана бала үлкеннің іс-әрекетін қайталайтынан есте сақтағаны жөн. Сол себепті үйдегі ересек адамдар да терезенің алдына отырудан, терезеден басын шығарып қараудан және далада жүрген адамдармен сөйлесуден аулақ болу керек. Балаларға терезенің қаншалықты қауіпті екенін, оның алдына шықпау керектігін түсіндірген абзал.

Аружан Ералы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<