Облыс әкімі: «Мейірбикелердің еңбегіне ризашылығымды білдіремін»

1050

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында медицина саласының өкілдерін 12 мамыр күнгі төл мерекелерімен құттықтады.

Онда былай делінген:

«Қадірлі мейірбикелер!

Сіздерді мейірбикелер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке 1971 жылы Халықаралық мейірбикелер кеңесінің шешімімен осы саланың негізін салушы, ағылшын мейірбикесі Флоренс Найтингейлдің құрметіне туған күнінде – 12 мамыр болып белгіленгені белгілі.


Ұлт саулығы – мемлекеттің негізгі капиталы десек, сол баға жетпес қазынаны қызғыштай қорып жүрген Сіздердің еңбектеріңіз қашанда жоғары бағаланады.


Біздің әрқайсымыз үшін өзіміздің, туған-туыстарымыздың өмірі мен денсаулығынан артық бағалы құндылық жоқ.


Бүгінгідей әлемді жаулаған індетпен күресуде мейірбикелер қызметін ерекше атап өткім келеді.


Өзінің емес, өзгенің денсаулығын ойлап, күн-түн демей қызмет етіп жүрген барша мейірбикелердің еңбегіне ризашылығымды білдіремін.


Сіздердің адал еңбектеріңіз бен абыройлы қызметтеріңізге баршамыз куәміз. Алайда, бұл қауіпті вирус әлі де толық күшін жойған жоқ, сол себепті, босаңсуға жол бермей, әрі қарай да күресуді жалғастыруымыз қажет.


Бүгінгі күні облыс көлемінде 8724 орта буын медицина қызметкерлері жұмыс жасайды. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында өңірімізде мыңдаған адам түрлі індеттерден айығып, отбасына қуаныш әкелуде.


Мерекелеріңізбен құттықтай отырып, Сіздерге мықты денсаулық, күш-жігер, отбастарыңызға құт-береке, айналаңызға амандық тілеймін!


Ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз әрдайым нәтижелі болсын!
Біз біргеміз!»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<