Альбина Гадирова: Сыр өңірінің әрдайым орны бөлек

370

0

 Менің ұлтым – лезгин. Әкем мен анам Латвияда танысып, сонда отау көтерген. Мен сол елдің Юрмала қаласында дүниеге келдім. Одан кейін 1994 жылы қазақ еліне келіп, ата-анам азаматтық алды.
Мен үшін қазақылық қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінің әрдайым орны бөлек. Дәл осы жерде қазақ тілін жетік меңгердім. Әкем лезгин болса да, қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанып өтті. Мен де сол бағыт-бағдармен, қазақ еліне, тіліне деген сүйіспеншілікпен өз жолымды салып келемін. Қазір орыс сыныптарына қазақ тілінен сабақ беремін. Қазақтың ұлы ақыны Абай даналығын жас ұрпақ санасына сіңіруге күш салып келемін.
Ұстаз беделін шәкірті көтереді. Ол әрбір оқушысын мақтан тұтады. Білім сапасы – мұғалім жұмысының көрсеткіші. Шәкірттері пәндік олимпиадада, ғылыми жоба жарыстарында жоғары деңгейден көрініп келеді.
Шәкірттерім республикалық, облыстық деңгейдегі ғылыми жобалар сайысынан толайым табыстармен оралып жүр.
Тұңғыш Президент – Елбасының қолдауымен өмірімізге енген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұстаз ретінде жастарды өлке тарихымен сусындатуға мән беремін, Қазақтың киелі жерлермен таныстырып, туған жерді қастерлеуді үйретудемін.
Сыр өңірі ұлттық және әлемдік тарих беттеріне атын алтын әріптермен жазып қалдырған тұлғаларға кенде емес. Ендігі кезекте жас буынға аға буын ұрпақтары қалдырған мол мұраны, өмірлік аманатты жадында сақтап, абыроймен көтеріп жүруіне жәрдемдесуіміз керек. Алайда, ұстаз және екі баланың анасы ретінде осы тәрбие жұмыстарын әрбір ата-ана отбасында да жүргізгенін қалаймын. Бүкіл арман-мақсатымды орындауға қолдау білдіріп келе жатқан жерлестеріме ризашылығымды білдіремін. Қазақ халқы барлық этнос өкілдерімен тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Дүние жүзіндегі барлық мемлекеттер біздің еліміздегі осындай бірлік, татулық, ауызбірлікке қызыға қарайды.

Альбина Гадирова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<