Әлеуметтік-экономикалық жағдай тұрақты

1043

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабайдың қатысуымен брифинг өтті. Басқарма басшысы облыстың 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын сөз етті.


Оның айтуынша, өткен жылы өңірде тұрақты әлеуметтік-эконо­микалық жағдай қалыптасқан. Мәселен, ҚР Үкіметі мен облыс әкімдігі арасында бекітілген меморандум аясында инвестиция тарту көлемі 27 процентке, тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспары 3 процентке асыра орындалған. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 142,6 млрд теңгені құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 1,9 процентке артты. Оның ішінде мал шаруашылығы өндірісінде 2,4, өсімдік шаруашылығында 1,8 % өсім қалыптасты. Бұдан бөлек, тұтыну бағаларының индексі желтоқсан айында 107,2%-ті құрады.


– Өткен жылы индустрияландыру бағдарламасы аясында 1,5 млрд теңгенің 3 жобасы іске асырылды. Олар – тауарлы балықты өсіру және терең өңдеу кешенін кеңейту цехы, балықты тереңінен қайта өңдеу зауыты мен пластикалық қайық жасау цехы және кварц құмын байыту бойынша тау-кен байыту комбинаты. Былтыр облыс тұрғындарын жергілікті өндіріс тауарларымен қамтамасыз ету үшін облыстың 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары қабылданған. Соның негізінде бизнес өкілдеріне 265 жоба ұсынылды. Сондай-ақ, 7 млрд теңгеден астам қаржыға 89 жоба іске асырылып, 1047 жұмыс орны құрылды, – деді басқарма басшысы.


Өңірде мұнан басқа “Ауыл – ел бесігі” арнайы жобасы шеңберінде 8 елді мекенде 60 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Нәтижесінде 3 мыңнан астам тұрғын үйге сервистік су желісі жүргізіліп, 23 шақырымнан астам ауылішілік көшелер жарықтандырылды.
Жалпы былтыр облыс бюджеті 301,7 млрд теңге көлемінде бекітіліп, 6 рет нақтылау барысында 376,4 млрд теңгеге жеткен. Бұл өз кезегінде аймақ қаржысының 25%-ке артқандығын көрсетуде.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<