«Әліпби ауыстыру – бір әріптің орнына екіншісін қою емес»

3593

3

Латын әліпбиіне көшу ел тарихындағы жаңа бетбұрыс болмақ. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау керегін айтқан еді. Сол уақыттан бері латын әліпбиінің түрлі нұсқалары ұсынылып келеді.

Осы орайда, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасиловпен латын графикасына көшудің маңызы, жаңа әліпби турасында сөз қозғадық.

– Сұхбатымызды латын әліп­биіне өтудің маңыз­ынан бастайықшы. Жаңа әліпбиге көшу бізге не береді?

–    Қазақ халқы түрлі тарихи кезеңді басынан өткерді. Патшалық отарлау саясаты, Кеңестік саяси жүйе ұлт тіліне үлкен өзгеріс әкелді. Ал тіл – ұлттың бітім-болмысына, болашағына әсер ететін ең маңызды фактор. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында латын әліпбиіне көшу жұмыстарын таяу жылдардағы міндеттерге жатқызуының осындай үл­кен мәні бар. Орыстандыру саясатының салқынынан әсі­ре­се, тіліміздің дыбыстық жүйесі мен сөздік қоры зардап шекті. Ол тұтастай тіл жүйесінің бұзылуына әкелді. Демек оны қайта қалпына келтіру керек. Бүгінде осының сәті түсіп тұр. Әліпби ауыстыру – бір әріптің орнына екінші әріпті қоя салу емес. Бұлай саяз ойлауға болмайды. Әліпбиді өзгерту тіліміздің бұзылып бара жатқан жүйесін қалпына келтіріп, реформа жасап алу үшін керек. Тілдік реформаның басқа реформадан айырмашылығы бар. Айталық, саяси, экономикалық реформа лауазымды тұлға, сала мамандарының қатысуымен кабинетте шешіледі. Оның нәтижесін халық бірден емес, екі, бес, тіпті он жылдан кейін көруі мүмкін. Ал тілдік реформа кабинетте шешілмейді. Тілдік реформа сол тілде сөйлейтін халықтың бойынан өтуі керек. Өйткені қоғамның тілсіз күні жоқ. Сол сияқты тілдің де қоғамсыз дами алмайтыны белгілі. Дегенмен, «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген тәмсілге сүйенсек, әліпбиді лингвистер, оның ішінде тілдің дыбыстық жүйесі мен заңдылығынан мол хабары бар мамандар жасағаны дұрыс. Әліпбидің осы күні 300-ден астам жобасы жасалды. Оған лингвистерден бөлек, осы салаға мүлде қатысы жоқ адамдар да араласып жатыр. Даңғазалық көбейіп, жұрттың бәрі Байтұрсынұлындай бол­ғысы келеді. Бір шешімге тоқтамау себебінен, әліпби жасау ісі үш жылдан бері бір орнынан қозғалмай, тұралап тұр. Бірі орыстың «В» деген әрпі керек, фамилия -ов, -ев жұрнағынсыз қалай болмақ десе, бірі «Ф» керек, философия деген сөзді қалай айтамын деп өз нұсқасын ұсынып әлек.

– Сонда әліпби жасауда бұрынғы қолданылған ескі латын әліпбиі ескерілсе дейсіз ғой…

– Сөзіміз түсінікті болуы үшін тарихқа шегініс жасайық. Қазақ халқы 4-5 әліпбиді басынан кешірді. Ертеректе руна жазуы, ортағасырда араб графикасы, одан А.Бай­тұрсынұлының араб гра­фи­касындағы төте жазуы, Кеңес заманында латын, одан осы күнгі кирилл әліпбиін пайдаландық. Кезінде В.Ленин бүкіл кеңестік елдің латын жазуын қолдануы жөнінде идея айтқан. Оны А.Луначарский деген ғалым дәлелдеп, еңбектерінде жазған. Ленин өмірден өткесін мәселе аяқсыз қалады да,  кейін күн көсемнің сөзін жерге қалдырмай, кеңес құрамындағы 5 түркі халқына тәжірибе ретінде латын әліпбиін енгізеді. Бұл жазу 1929-1940 жылдар аралығында пайдаланылды. Осы әліпбиде бүкіл түркі халықтарының дыбыстарын қамти алатындай ортақтық бар. Сондықтан бұл әліпби түркі халықтарының ынтымақтаса түсуіне жақсы нәтиже беріп, байланыс нығая бастаған. Ал ол Кеңес үкіметіне жақпады. Дереу әліпбиді кириллицаға ауыстыру туралы шешім шығарады. Сөйтіп осы күнгі кирилл әліпбиіне өттік. Жалпы о баста түркі халықтарына латын әліпбиін енгізудің астарында оларды болашақта орыстандыру, біртұтас кеңес халқын жасау саясаты болған. Сондықтан да бұрын араб графикасын пайдаланып жүрген мұсылман халықтарына орыс тілін, орыс графикасын енгізуді бұл біраз оңайлатты. Әліпбиді алдымен латынға, кейін бастама сәтті жүзеге асқасын орыс графикасына ауыстыра қойды. Мұнан бұрынырақта кириллицаға өтудің алғашқы жобаларын Ильминский ұсы­нып, оған Ыбырай Алтын­сарин­ді тартқан. Ильминский – түрколог-ғалым, педа­гог, бірақ патшалық Ресей­дің Қазақстанды мәдени отар­ла­уының көпжылдық жоспарын жасаушылардың бірі. Бұл жобаның нәтижелері Кеңес заманында да пайдаланылды. Н.Ильминскийдің көмегімен Ы.Алтынсарин ашқан мектеп жалпықазақтық сипат ала қоймады. Өйткені орыс графикасын көрген халық балаларымыз шоқынып кетеді деп қорыққан. Осыны ұққан А.Байтұрсынұлы халықты тез сауаттандырудың төте жолын іздеп, қазақтың төл дыбыстарынан тұратын әліпбиді араб графикасында жасады. Араб графикасы қазаққа дін арқылы орта ғасырдан бері таныс. Бұл жазуды оқи алмаса да Құран кітаптан, мешіттен көріп жүр. Міне, А.Байтұрсынұлы халық арасында араб графикасының осындай таныстығын пайдалана келе әліпбиді араб графикасында құрастырды. Бұл әліпби тез арада жалпыхалықтық сипат алып, халықтың тез сауаттануына  жол ашты. Әліпбимен бірге қазақ тілінің күллі жүйесі қарастырылып, ғылым ретінде қалыптасты, әдеби нормаланды. Ғалым тіліміздегі барлық әдеби норманы ауызекі сөйлеу тілінен алып жасады. А.Байтұрсынұлы бұл туралы былай дейді: «Еділден бастап Ертіске дейін, Оралдан бастап Ауғанға шейін қазақта тіл де бір, емле де бір. Қойшы, түйеші, биеші емлесі деген қазақта жоқ нәрсе. Тоқсандағы шалының, тоғыздағы баласының – бәрі­нің емлесі біреу-ақ». Осы тұста орыстың Л.Шерба деген ғалымы А.Байтұрсынұлының әдеби тілді ауызекі сөйлеу тілі арқылы нормалауына қарсы пікір білдіріп, «қазақта Байтұрсынұлы деген біреу ауызекі тілді әдеби тіл етіп жатыр. Онысы дұрыс емес. Әдеби тіл – хатқа түскен тіл. Ауызша айтылған сөз әдеби норма бола алмайды» дейді. Ал А.Байтұрсынұлы: «Өз тілімізден шығарып емле түзгенше, халықтың айту ауанынан шықпаймыз. Басқаларда даяр емле бар ғой, соны алайық деп, қисық емлемен тілімізді қисайтпаймыз. Тілдің ауанына қарамай қаріптің, емленің ауанына бұрып, тілдің көркін бұзған, әдеби тілмен жазамыз деп, жат тілмен жазып, өз тілінен айырылған басқа түріктердің ізіне түсіп, тілімізді аздырғанымызды мақұл көр­мейміз» дейді. Л.Шерба кейіннен А.Бай­тұр­сынұлын мойындап, оны тең­десі жоқ реформатор деп бағалаған. Тілдің өзінің қорғаныш иммунитеті болады. Бірақ түрлі сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен бұл иммунитет те әлсірейді. Соның бірі тілімізге жат дыбыстардың енуін айтуға болады. Бұл қазақтың «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген мәтеліне дәл келеді. Айталық, тілімізге ислам діні, араб тілі арқылы енген  «Ә», «Х», «Ф», «Һ», орыс тілінен енген «В», «Ц», «Щ», «Ю», «Я», «Ч» дыбыстары тілдік жүйені бұзды. Қазір біз соны жөндей алмайтын, қазақ сөзін сауатты жаза алмайтын деңгейге жетіп қалдық. Өзге тілден сөз алу үдерісі тоқтады. Сондықтан да бізге тілдік реформа керек. Баяғы қалпымызға түсу қажет. Қайта түсу үшін өз тіліміздің жүйесіне, заңдылығына сай төл әліпби жасамай болмайды.

– Сіздің ойыңызша,  әліпби тек төл дыбыстардан құралу керек пе?

– Иә, А.Байтұрсынұлы көр­сетіп берген төл 28 дыбыс­тан тұратын ғана әліпби жасалу керек. Өзге тілдің дыбысынан құралған әліпби керек емес. Дүниеде бір халық екінші халықтан сөз алады, бірақ дыбыс алмайды. Мысалы, француздар ағылшыннан сөз алады, бірақ қалай жазамыз деп оның дыбысын алмайды. Орыстарда да солай. Қазір ағылшын тілінің көп қолданылатын «Briefing» сөзін орыстар өз тілінің заңдылығымен «брифинг» деп алады. Соған еріп біз де солай ала саламыз. Неге өз тіліміздің заңдылығымен «брейфейң» деп алмасқа? «Самаурын» деген үлгімен сөзді басып-жаншып, өзімізге ыңғайлы етіп алуға болады ғой. Оған тілдің мүмкіндігі жетіп тұр. Жетпей тұрған құлдық санамыз. Төл дыбыстардан тұратын әліпби жасасақ, тіліміздің жүйесі бұзылмайды, ата-бабамыз сөйлеген тілге барамыз. Шетелден кірген сөздерді қалай жазамыз деген дау болып жатыр. Бірі шетелден енген сөзді өзімізге ыңғайлап айтайық десе, бірі сол түпнұсқа тілде аламыз дейді. Түпнұсқа тіл деген болмайды. Дүниеде әр халықтың тілі өзіне ғана түпнұсқа.

– Жаңа әліпби жасау үшін латын графикасын пайдалануға не себеп болды?

– Латын графикасын әлем халықтарының көбі пайдаланып отыр. Оның себебі де бар. Айталық, кирилл әліпбиінің иесі – орыстар, грузин жазуының иесі – грузиндер, армян жазуы – армяндікі, араб графикасы – арабтыкі, иеороглиф – қытайдыкі. Әрқай­сының өз иесі бар. Ал латын графикасының иесі жоқ. Латын халқы да, ұлты да жоқ. Латын қазір өлі тіл саналады. Сондықтан иесі жоқ жазуды әр халық өзінің тілдік жүйесіне, дыбыстық ауанына ыңғайлап алады. Бұл күнде латын графикасын өздеріне біршама ыңғайлы етіп алған тіл – ағылшын тілі. Қалған француз, неміс, түрік, өзбек, әзербайжанның, т.б. латын гра­фикасын пайдалануында шешілмей жатқан пробле­малары бар. Мысалы, ағылшын тілінде 46 дыбыс бар, сол дыбыстарды 26 латын графикасына сыйғызып отыр. Олар кейде екі әріпті бір дыбыспен де береді. Ал француздар үш әріптен, немістер төрт әріптен бір дыбыс шығарады. Өздерінің тіл заңдылығына орай солай жасап отыр. Ал бізде «бір дыбыс – бір әріп» деген ұғым графикалық санамызда бұрыннан қалыптасып қалған. «Бір дыбыс – екі әріп» деген ұғым біздің санамызға сыймайды. Ол бізде болған да емес. Сондықтан бірінші кезде ұсынылған әліпбидің кемшілігі де сол болды. Ол әліпбиді жасаушылар бір дыбысты екі әріппен бергісі келді. Мысалы, «Ш – SH» нұсқасы. Бұл әліпби бойынша кейбір сөздер дұрыс оқылмай, күлкі тудырса, кейбір сөзде бірнеше нұсқада оқылды. Мысалы, «аshana» дегенді «асхана» деп те, «ашана» деп те оқуға болады. Одан кейін әріпүсті диакритикалар – умлаут (Ää, Öö, Üü), макрон (Ūū), бревис (Ğğ), тильда (Ññ) белгі қою туралы ұсыныстар айтылды. Бұлар қазіргі жетілдірілген әліпби нұсқаларында пайдаланылып жүр.

Біздің тілімізде Байтұр­сынов көрсеткен 28 дыбыс бар. Ағылшындар 46 дыбысын 26 әріпке сыйғызып отырғанда, біз 28 дыбысымызды сыйғыза алмай отырмыз. Екі-ақ әріп жетпей тұр. Бірақ әліпби жасаушылар қазір жетпей тұрған жерден латын графикасындағы «С», «W»  деген таңбаларды пайдаланбай алып тастап отыр. Тіл маманы ретінде айтарым, қазір ұсынылып жүрген әліпби нұсқаларын лингвист ғалым жасамаған сияқты. Әліпби жасау ісінің үш жылға созылуының себебі де осында болуы керек. Ана сөзді, мына сөзді қалай жазамыз деп жат дыбыстарды қайта қосып жатырмыз, алып жатырмыз. Мұндай әліпбидің, біріншіден, ғылыми негізі жоқ, екіншіден, тіл жүйесіне сай емес, сондықтан болашағы да бұлыңғыр ма деп ойлаймын. Бірақ бізге кері шегінуге болмайды, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жасауымыз және болашақта пайдалануымыз керек. Осыған байланысты жұртшылық арасында түсінбестіктен туындап жүрген бір мәселеге жауап бере кетейін. Ол біз қазақ тілін тастап, латын тіліне көшейік деп жатқанымыз жоқ. Біз латын графикасында жасалған жаңа қазақ әліпбиін жасап, тілімізді өркендеткелі жатырмыз.

– Латын әліпбиі қабыл­дан­ған кезде әліпбиді қалай үйренеміз деген үлкендерде сенімсіздік бар. Халықтың жаңа әліпбиге үйренуі қанша уақытқа созылуы мүмкін?

– Қай кезеңде болмасын, әліпби ауыстыру жеке адам үшін түк те проблема емес. Жеке адам кез келген әліпбиді бірнеше сағатта-ақ үйреніп алады. Өзіме бір аудиторияны жаңа әліпбиге үйрет десе, екі-ақ сағатта бәріне түсіндіріп шығар едім. Әліпбиді үйреніп алған соң, оның емлесін бірте-бірте меңгеріп кетеді. Бір адамның басында тіпті бірнеше әліпби жүруі де мүмкін. Ал мемлекет үшін көп қаржы, шығынды талап етеді. Қаншама күш керек. Бірақ тілге реформа жасалса, ұлттық санамызда да сілкініс, үлкен өзгерістер болмақ.

Әңгімелескен

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<