Қала мерекесіне кәсіпкерлер тартуы

212

0

Ауылда той болатын үйді бірден білесің. Онда ағайындар жиылып, қазан-ошақ дайындап, абыр-сабыр күйге енеді. Қала мерекесі қарсаңындағы әзірлік ағайынның сол ауызбіршілігін еске салғандай болды. 

Шырайлы шаһардың 200 жылдық мерей­тойына арналған дайындық қызу жүруде, тың жобалар қолға алынуда. Ең бастысы, бұл бағыттағы жұмыстарға жанашыр азаматтар елеулі үлес қосып келеді. Мәселен, жуырда қала әкімдігі көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы бейнесін сәулеттік және эстетикалық талаптарға сәйкестендіру үшін жергілікті құрылыс компанияларына ұсыныс білдірген еді. Көп ұзамай біз құрылыс компанияларының көркейту-көгалдандыру және абаттандыру ісіне жұмыла кірісе кеткенін көріп, қуандық. Туған жерге деген шынайы жанашырлығын сөзбен емес, іспен дәлелдеуді құп көрген құрылысшылар қазір Абай, Жібек жолы даңғылы мен Тоқмағамбетов, Әуелбеков, Сүлейменов көшесіндегі 30-дан астам көпқабатты үйдің сырт келбетін өз қаражаты есебінен жаңартып, әрлеумен айналысуда.

Бірі білсе, бірі білмес. Желтоқсан көшесіндегі №2 үй ұзақ уақыттан бері жөндеуден өтпеген болатын. Бірақ, бүгінде тұрғын жайдың сырт келбеті қалыпқа келді. «Нұрталап и К» серіктестігі директорының орынбасары Асқарбек Байкенжеевпен тіл­дес­кенімізде, ол тек баспана сыртын әрлеу ғана емес, ескірген шатырлар мен суағарларға дейін ауыстыру көзделіп отырғанын жеткізді. Осындай игі істі жалғастырушылар қатарында «Бақ береке» ЖШС директоры, қалалық мәслихат депутаты Қайрат Ерназаров бар. «Туған қаланы түлету – парызым» деп білетін «SGS Инжиниринг» серіктестігінің директоры Нұрлан Аманбаев та солардың қатарында. Кәсіпкер әрбір азамат өзінің туып-өскен ауылын, қаласын құрметтеп, оның алдағы өркендеуіне септесер болса, кейінгі ұрпақ та осы бастаманы жалғастыруды дәстүрге айналдыратынын айтады.

– Қаланы абаттандыру, көгалдандыру бойынша бірқатар жұмыс атқарылуда. Мұның барлығы – тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатқан дүние. Біз де туған өлкемізді айшықтауға үлес қосудамыз. Осылайша, сүйікті қаламыздың 200 жылдығына тарту жасағымыз келеді, – деді Н.Аманбаев.

Қала ажарына айрықша мән беру мәселесі күн тәртібінен түспек емес. ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңда да «Тұрғын үйді қалыпты жағдайда күтіп-ұстауға кететін шығынын өзінің ортақ меншіктегі үлесінің көлеміне қарай өтейді және пәтер иелері ортақ мүлікті өз үлесіне тең мөлшерде күтіп-ұстау мен пайдалану бойынша жалпы шығыстарға қатысуға міндетті» делінген. Бұл ретте құзырлы мекемелер тұрғындарды көркейту жұмыстарынан шет қалмауға шақырып отыр.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы».

Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ.