Аралда қала тазалығы қадағаланады

672

0

Арал қаласының тазалығы бүгінде күн тәртібінен түспейтін негізгі мәселелердің бірі. Бұған дейін қала аумағы 7 секторға бөлініп, сол аймақтың тазалығына жауапты топ басшылары бекітілген болатын.


Соған сәйкес, тұрғындар арасында белгіленбеген орындарға қоқыс тастау жағдайларын болдырмау бағытындағы шаралар атқарылып, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді.


Бүгін аудан әкімі Серік Сермағамбетов қаланың шет аймақтары мен көшелердің тазалығын қадағалап шықты. Қала аумағын аралауды Барсакелмес табиғи қорығының артқы жақ бетінен бастады. Бұл маңда ретсіз тасталған тұрмыстық қалдықтар көп кездеседі. Тіпті әрбір тұрғын үйдің ауласының сыртында қоқыстар тасталған. Осыған орай аудан басшысы жақын маңдағы тұрғындармен сөйлесіп, тұрғылықты жерін таза ұстау қажеттігін ескертіп, автокөліктердің жол жиегіне қоқыс тастағанын көрген жағдайда дереу 102 нөміріне хабарласу қажеттігін жеткізді. Ал аудандық полиция бөлімі басшысына туған өлкенің тазалығына жаны ашымай, тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орынға тастаған адамдарға айыппұл салуды қатаң тапсырды.


Бұдан бөлек, аралау барысында Арай көп қабатты тұрғын үйінің айналасы, «Тас мола», «Жарбол» қорымдарының маңы, Арал ауданаралық аурханасының арт жағы, әскери қалашықтың маңы және Шанхай, Жаңа ауыл мөлтек аудандарындағы сорлы аймақтар мен қала ішімен өтетін темір жол және автокөлік жолдарының айналасы назардан тыс қалмады. Негізінен аудан орталығының шеткері аймақтары тұрғындар үшін қоқыс алаңына айналғандай. Ал тасталған заттардың көпшілігі кәсіпкерлік нысандар мен кафе, мейрамхана, автокөлік жөндеу орталықтарынан шыққан қалдықтар мен шыны, бөтелкелер екендігі белгілі болды.


Қала аймағын толық аралап, жағдайды көрген соң аудан басшысы: – Өзіміз тұрып жатқан қаланы таза ұстау – баршамызға ортақ міндет. Халық арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру үшін көше комитеттері мен учаскелік полиция инспекторлары бірлесіп жұмыс жасауы қажет. Ал шет аймақтың тазалығы үшін қалаға кіретін негізгі жолдарды ғана қалдырып, қалған кашпа жолдарды жабамыз. Тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандар тазалыққа жауапты «Қуанышбек» ЖШС-мен келісімшартқа отыруы керек. Тұрғындарға қолайлы болу үшін жақын жерден контейнерлер қою жағдайларын да қарастырамыз. Жаңа көріп шыққанымдай тазаланып, ескертпе орнатылған жерлерге де тұрғындар қайта қоқыс тастаған. Бұл өте ұят жағдай. Бұндай жағдайларды анықтау үшін полиция бөлімі қадағалауды күшейтіп, бейнекамераларды көбейту керек»-деді.

Мұнымен бірге аудан әкімі әр сектордың топ жетекшілеріне тұрғындармен кездесіп, түсіндірме жүргізіп, бірлесіп жұмыс жасауды және ауқымы үлкен қоқыс алаңдарын тазарту үшін қажет болған жайдайда техникаларды қолданып, кәсіпкер азаматтарды тартып тиісті жұмыстарды үйлестіруді тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<