Атымызды әлемге танытқан алтын дән

934

0

Қазір егіс науқаны қызған шақ. Гүрілдеген техниканың даусы құлақ тұндырады. Ала жаздай еңбек еткен диқандар егін жинауды орталап қалды. Ендігі міндет – еккен егінді жауын-шашынға қалдырмай, төкпей – шашпай жинап алу. Қырманға дән толса, еңбектің ақталғаны. Күріш тау-тау болып биіктеген сайын жігерлене түскен шаруа адамының жүзі қуаныштан бал-бұл жайнайды. Бұл – қажырлы еңбекпен келген бақыт.

Дала төсін дүбірлеткен диқан қауымының бір күні қалай өтеді? Таң атқаннан қас қарайғанға дейінгі тынымсыз тірлік ағымына зер салғанда, табысқа жетудің сырын ұққандай болдық.

Жастар іске жігерлі

 

Еңбегімен елге танылған «Абзал и К» толық серіктестігі – ауыл шаруашылығы саласын жандан­дыруға барынша үлес қосып келе жатқан бірден-бір компания. Егіс ба­сындағы қызу тірлікті көзбен көру үшін ең алдымен «Абзал и К» – ның офисіне бас сұқтық. Санамызда мұндай іс­тің басы-қасында аға буын жетек­шілік жасайды деген түсінік қалып­тасқаны жасырын емес. Алай­да, жауапкершілік жүгін ар­қа­лаған орда бұзар жасқа жетпеген жігерлі жастарды көргенде іштей риза болып қалдық. Таң­ғалатындай себеп бар. Бүгінде қолына диплом алып, тәуір қызмет күтіп, жұмыссыздар қатарын көбейткендер жетерлік. Тіпті, ауылда еңбек етуге бетте­мей­тіндер бар. Ал біз көрген екі жігіт – шетелде білім алып, тәжірибе жинап, алған білімін туған жерді түлетуге жұмсасақ деген жастар.

Жалақысы көптің түсіне де кір­мейтін белгілі компаниялардың тәуір ұсынысынан бас тартқан.  Олар­­дың әңгімесінен елге деген жа­на­шыр­лықты байқадық.

Компанияның тыныс-тіршілігі жайында жауапкершілігі мол істің тізгінін ұстаған жастар «Абзал и К» толық серіктестігінің бас директоры Мағжан Ералиев пен компанияның коммерциялық директоры Сағи­дул­ла Сыздықов әңгімелеп берді.

«Абзал и К»-ның күрішін іздейміз

Күріш сатып аларда оның сортына емес, қалта сыртынан «Абзал и К» деген жазуды іздейтінімізді мойындаймыз. Күріштің қандай сорты екені маңызды емес, ең бастысы «Абзал и К»-ның өнімі болуы тиіс. Бұл – көпшіліктің берген бағасы. Мұның сырын  компания басшылығынан сұрадық.
«Абзал и К» толық серік­тестігі өзіне қарасты мекемелермен бірге биыл 5300 гектар жерге күріш еккен. Егілген күріштің 90 проценті «Янтарь», қалғаны «Партнер», «Сыр сұлуы», «Ай-Керім» сорты. Ал, әлгінде айтылғандай, елдің «Абзал и К»-ның күрішін іздеуінің сыры мынада екен.
– Компания өнім өндіру про­цесіне толық қатысады. «Не ек­сең, соны орасың» дегендей, біз ең әуелі тұқым сапасына баса мән береміз. Мекемеде тұқым шаруашылығы жолға қойылған. Тұқым зауыты  неміс бренді – «Петкус» құрал-жабдығымен жаб­дықталған. Ал, әрі қарайғы жұмыс білікті маманның қолын­да, – дейді компания бас директоры М.Ералиев.
Маман демекші, маңдайы күнге күйген әрбір еңбеккердің ауыл шаруашылығы саласы бойынша білімі бар. Қара кетпеннен цифрлық технологияға дейінгі уақытты есептесек, бүгінгі талап бір ізбен жүре беруді көтермейді. Бүгінгі комбайнер үсті май-май боп жүретін адам емес. Барлық басқару тетігі пультке алмасқан жаңа техникаларды жүргізу үшін де білім керек. Өнімнің сапалы болуы білікті маманның қолында екенін ертерек болжай білген компания елде еңбек етемін деген талапты өрендерді өздері оқытуды мойнына алды. Мектеп бітірген соң Ресейдің белгілі оқу орындарында білім алған жастар бүгінде «Абзал и К»-да еңбек етуде. Кеңседе емес, егін даласында.
– Тұқым себілген соң уақы­тында тыңайтқыш беру, оның мөлшерден сәл де болса ауытқымауы мамандар бақы­лауында. Бұл білім мен білікті талап етеді. Сәл ауыт­қудың өзі өнім сапасына әсер етеді. Сондықтан бұл процестің бар­лығы жоғары білімді маман­дардың қатысуымен жүзеге асады. Компанияның бас агрономы Краснодардағы ауыл шаруа­шылығы университетінде магистратура тәмамдаған. Екі жас маман осы оқу орнында бакалавр мамандығын аяқтап, магистратураны жалғастыруда. Мұнан бөлек барлық қызметкерлердің Жапония, Оңтүстік Корея, Германия, Ресейдегі әріптестік байланыс орнатқан компанияларға жыл сайын барып білімін жетіл­діріп, тәжірибе алмасуы дәстүрге айналған, – дейді ком­па­нияның коммерциялық директоры С.Сыздықов.
Мұндағы лаборанттар да жоғары білімді маман. Қай жылдары швейцариялық «Nestle» компаниясымен әріптестік байланыс өнім сапасына мән беруге талапты тіпті күшейтті. Сырбойылық өнімге тапсырыс беруші алпауыт компания үш жылда екі рет өнім сапасының халықаралық стандартқа сай болуына бақылау жасап отырады. Бұл жергілікті компанияның жұмысының алға басуына сеп­тігін тигізді. Өз кезегінде лаборанттар «Nestle» компания­сына тәжірибе алмасуға барып тұрады. Нәтижесінде күріш­ті егуден бастап жинауға дейінгі жұмыстың барлығы дүние­жүзі­лік стандартқа жетті.
Басты ұстаным – еңбекті бағалау

Күріш өндіруден танымал компанияның 25 жылдық тарихында жалақыны кешіктіру оқиғасы болмаған. Ең алдымен ұжым еңбеккерлерінің жал­а­қысы уақытылы төленуі тиіс деген ұстаным берік қалыптасқан мекемеде жалақы, сыйақы, мате­риал­дық қолдау басты назарда.

– Облыстағы күріш өсірумен айналысатын мекемелердің арасында ең жоғары жалақы бізде. «Алтын дән» қорытындысымен жылына бір рет сыйақы беріледі. Сыйақы көлемі әркімнің еңбе­гіне қарай 4,5 млн теңгеге дей­ін. Мұнан бөлек ай сайын сыйақы беру қалыптасқан. Алайда сыйақы алу үшін де тәртіп пен еңбек керек,– дейді коммерциялық директор.
 Ай соңында тәртібі мен еңбегі үйлесім тапқандар ғана сыйақы алады. Сондай-ақ, бас­панасыз жас отбасыларға жеңіл­дік бар. Яғни, олар бір жыл компа­ния меншігіндегі пәтерде тегін тұрады. Сол мерзімде алаң­дамай еңбек етіп, баспанаға қол жеткізуге тырысады. Бұл пәтер жағалаған жастарға үлкен қолдау екені сөзсіз.
Күріш егумен ғана емес, ауылды көркейтуге үлес қосқан компанияның ерен еңбегінен кейін мұнда тұрақтылық сезілді. Ауыл жастары бұрынғыдай жұмыс іздеп Астана, Алматыға емес Нағи Ілиясов секілді ауылдарда еңбек етуге ынталанды. Себебі, жастарға білім алуға, жақсы табыс табуға мүмкіндік бар. Сөзімізге дәлел – «Абзал и К» толық серіктестігінде еңбек ететіндердің 80 проценті жастар. Қуанатындай жаңалық!

«Жас мамандар кеңесі»

«Жас келсе, іске» деген осы. Компания ұжымы жастардан құралған соң мұнда «Жас мамандар кеңесі» құрылған. Тек еңбек етіп, табыс табу ғана емес, қоғамдағы жақсы бас­тамаларды қолдауды, әрбір құ­былысқа өз ой-пікірлерін біл­діруді құп көрген абзалдық жастар ауыл-аймақтың, қаланың тазалық жұмыстарына қатысып келеді. Тіпті өздері бас болып сенбіліктер ұйымдастырып, көгалдандыру жұмыстарына атсалысқан жастар ай сайын түрлі шараларда бас қосады екен. Жастар бастамасымен Жеңіс күнінде соғыс ардагерлерін құттықтап, жаз мезгілінде «Атамекен» ауылындағы балаларды қуантқан сәттері аз емес. Сондай-ақ спорттық шараларды жиі ұйымдастыру достықты бекемдей түсті. Бос уақытты даңғазалықпен емес, мәнді шаралармен өткізетін жастардың бұл бастамасының тәрбие үшін де үлкен ықпалы бар. Себебі, мұнда еңбек етуге келген әрбір жас осындай ортада тәрбиеленеді. Олар – туған жеріне жанашыр, еңбек ұстаханасында шыныққан жастар.
Цифрлы технологияға қадам

Компанияның базасында бүгінгі күнге дейін күріш ақтайтын екі зауыт болса, жақында тағы бір зауыт іске қосылмақ. Қос зауыт жылына 20 мың тонна күріш ақтайды. Зауыттан шыққан өнімнің 60 проценті экспортталуда.  
Жақында іске қосылатын үшінші зауыт Оңтүстік Кореядан әкелінген. Ерекшелігі – еліміз бойынша ең алғашқы цифрлық зауыт.
– Бұл – нарық сұранысы. Біз шетелдік зауыттарға барып жүрміз, онда адам қара­сы көрінбейді. Барлығы цифр­лан­дырылған, роботтар басқарады.  Біз де осындай жағдайға жетуіміз керек. Жақында іске қосылатын жаңа зауыттың диспетчерлік орталығында барлығы компьютер арқылы басқарылады. Барлық статистиканы компьютер автоматты түрде шығарып береді. Мұнда бір ғана адам компьютермен тіпті смартфонмен басқарып отырады, – дейді компанияның бас директоры.
Цифрлық зауыт сапалы өнім шығаруға да, жұмыс тиімділігі үшін де маңызды.

Шаң болмайтын зауыт 

 Компания базасындағы кү­ріш ақтайтын зауытқа бас сұқ­тық. Әдетте, мұндай зауыт­тар­дың шаңы аспанға көтеріліп жа­татыны белгілі. Мұнда мұн­таздай тазалық. Жұмыс бір сәтке тоқтар емес. Оңтүстік Кореядан әкелінген жабдықтармен жа­рақталған зауытта күрішті ақтау, қаптау процесі жүріп жатыр.
– Егіс алқабынан әкелінген дән ақ күріш болып қапталғанша бірнеше процестен өтеді. Комбайннан төгілген күрішті бірден зауытқа апара алмаймыз. Ең алдымен тазалау кезеңінен өтеді. Тазалағыш жабдық та Оңтүстік Кореядан әкелінген. Күріш ақтайтын зауытқа шаңнан, түрлі артық заттардан тазарған күріш тасымалданады. Мұнда да бірнеше процес­тен өткен маржандай ақ күріш қапталып, елге жетеді, – дейді зауыт жұмысымен таныстырған коммерциялық директор.
Зауытта лаборатория жұмыс істеп тұр. «Сапа бақылау бөлімі» деп аталатын лабораторияда күріш сапасына бақылау жүргізіп отырған сапа менеджері Ақзира Биғали бүгінде Сыр елінің брендіне айналған «Абзал и К» өнімі мінсіз болуын бақылайтынын айтты.
– Өнім сапасын стандартқа сай болуын бақылаймыз. Сәл де болса ауытқушылық байқалса, дабыл қағамыз. Себебі, сапаға жауап беру – біздің міндетіміз, – дейді ол.
Зауыт жұмысымен таныса жүріп, мұнда майланған күріш шығатынын естідік. Кәдімгі «Янтарь» сортының екінші түрі «Камалино янтарь» деп аталады. Күріштің бұл түрінің ерекшелігі – майлану процесінен өтетіндігі.
– Өте дәмді. Қазанға саларда жуудың қажеті жоқ. Ерекшелігі, жабыспайды әрі дәмі ерекше. Алайда, жергілікті тұрғындар мұны ала бермейді. Шетелде сұранысқа ие, – дейді мамандар.

Қос дипломды агроном 

Мекеме басшысының ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Асқар Әлиакбаровтың бастауымен қала іргесіндегі Баймұрат батыр ауылындағы егіс алқабына бардық. Алыс­тан мен мұндалаған техника гүрілі айналаға сән бергендей. Еңбектің қызған шағы. Мұнда «Абзал и К» толық серіктестігі 600 гектар жерге күріш еккен. Ауылдың 20-дан аса адамы еңбекке тартылған. Әрине, ауылдағылар үшін жұмыс көзі. Әне-міне дегенше диқанның жаз бойғы еңбегінің ақталар сәті жақын.
Қызу тірлік басында жүрген агроном Азат Ербатыров жас та болса, өз ісінің маманы. Ол Н.Ілиясов ауылындағы №132 мектеп түлегі. Еңбекке бейім баланы мектеп партасынан таныған «Абзал и К» басшылығы оны жоғары оқу орнына оқытуға ұсыныс жасайды. Талап бойынша диплом алған соң, туған жерге қызмет ету керек. Бұл ұсынысты қабыл алған Азат Краснодар аграрлық университетінде білім алып, 2017 жылы тәмамдады. Қазір магистрлық білімін жалғастыруда. Екінші дипломын алатын уақыт та жақын.
– Краснодар университеті күріш өсірудің қыр-сырын те­реңірек оқытады. Ақ алтынның табиғатын түсініп білген соң, білімімізді тәжірибе жүзінде іске асырдық. Күріш баладай мәпелеуді қажет етеді. Тегіс жерде, жеткілікті суы болса, жақсы өседі. Жер-Анаға дән себілген соң, күн сайын бақы­лаймыз. Кетпен арқалаған диқанның еңбегі еш кетпесе екен дейміз, – деген агроном Азат қос дипломмен керзі етік киіп, егіс алқабында жүргенін намыс санаған емес. Керісінше, кез келген жас тәуе­кел ете бермейтін саланы көте­руге үлес қосып жүргенін мақтан етеді.
Жас агроном ауыл ша­руашылығы саласына тың серпін әкелу, оны өрге сүйреу өзі сияқты білімді жастардың қолында екенін айтты. Кейбір замандастары секілді кабинетте емес, еңбек даласына білімі мен білігін дәнмен бірге себе білгеніне дән риза.
– Биылғы өнім өте жақсы. Біздің компания гектарына 77 центнерден өнім жинауда. Ал, Баймұрат ауылына егілген күріштің гектарына 65 центнерден өнім жиналуда. Ендігі мақсат – жауын-шашынға қалдырмай, жаздайғы еккен өнімді ысырапсыз жинау,– дейді ол.
Осы сәтте әңгімемізге қосылған жол бастаушы Асқар Әлиакбаров «Негізі жаман жер болмайды, баптай алмайтын адам болуы мүмкін. Жер-Ана мәпелей білсең, несібеңді ортайтқан емес» деді, қарбалас тіршілікке сүйсіне көз жіберіп.
Бұл – егіс алқабындағы бір күннің түйіні.
Айтпақшы, бүгінде қамбаға 10 мың тонна дәнді құйған абзалдықтар биылғы болжам 50 мың тонна екенін жасырмады.

Гүлмира ДІЛДАБЕКОВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<