АЙМАҚТА ЭПИДАХУАЛ ТҰРАҚТЫ

360

0

Бүгінде аурудың түрі көп. Жұрттың бұрын атын естіп көрмеген дерт түрлеріне шалдығуы да жиілеп кеткендей. Соңғы уақытта елді елеңдетіп, халық арасында дүрбелең туғызып отырған менингококк инфекциясы да со­лардың санатынан.
Республикамыздың бірнеше өңірінде кездесіп отыр­ған сырқат жайлы әркім әртүрлі айтуда, әлеуметтік желілер арқылы да тарап жатқан ақпарат аз емес. Оны оқыған жұрттың алаңы да көбейіп тұр. Негізі, адам бір нәрсе жайында қаншалықты аз хабардар болса, соншалықты үрейлене түседі. Бүгінде тұрғындардың аталған сырқат жайындағы фобия, яғни, қорқынышы да осыдан болса керек.
Менингококк инфекциясы – бактериялар туды­ратын инфекциялық ауру. Менингококк бакте­рия­сының 12 түрі бар екен. Олардың алтауы адам өміріне қауіпті. Бұл бактериялар мұрын мен жұт­қыншақтың шырышты қабығында болады және бір адамнан екіншісіне жұғады. Адам көп шоғырланған жерлерде ауа арқылы таралады. Инфекция ылғалды ауада тез тарап, өрши түседі екен.
Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов хабар­лағандай, бұл инфекция әлемнің 155 еліне таралған. Антибиотик шықпай тұрғанда науқастардың 70 пайызы өліп кеткен. Қазір әр 10 адамның 9-ын аман сақтап қалуға болады екен. Мәліметтерге сүйенсек, Еуропада 100 мың адамға шаққанда – 5 адам, Африкада 100 мың тұрғынға шаққанда – 20 адам, Украинада -8-10 адам ауырады. Жоғарыда адамдардың бір жерде көп шоғырлануы кезінде ауруды жұқтыру қаупі артатынын айттық. Мәселен, қажылық кезінде жаппай осы кеселге шалдығу фактілері бірнеше мәрте орын алғаны белгілі. Яғни, Еуропада оның тұңғыш рет тарауы қажылықпен байланысты болған. Қажылыққа дейін ол елдерде менингококкпен ауыру 1-2 проценттен аспаса, қажылықтан кейін 30 процентке өскен. Содан бастап Меккеге немесе Мединаға қажылыққа барушылардан екпе міндетті түрде талап етілетін болған.  
Республикада менингококк инфекциясы бүгінде Алматы, Астана қалаларында орын алып отыр. Әсіресе, Алматы қаласында белең алуда. Біздің облысымызда да бір жағдай  тіркеліп, арты қайғылы аяқталды. Нақтырақ айтқанда, осы жылдың 31 мамырында Жаңақорған ауданының тұрғынынан инфекция анықталған. 27 жастағы азамат аудандық ауруханаға жатқызылып, 2 маусымда көз жұмды.
Бүкіл елді алаңдатқан мәселе қазір Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың тікелей бақылауында тұр.
Біздің облыста да бірнеше мәрте сала мамандары тарапынан брифингтер өткізіліп, жағдай түсіндірілді.
Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау депар­таментінің басшысы Ұлбосын Аханаева науқаспен қарым-қатынаста болған 65 адам анықталып, олардың барлығынан тиісті анализдер алынып, зертханалық тексерулер жүргізілгенін айтты. Бүгінде 50 адамның зерттеулері теріс нәтиже берген, қалған 15-і зерттелу үстінде. Қарым-қатынаста болғандардың барлығы 10 күн бойы мамандар бақылауында болмақ.
– Қазіргі кезде эпидемиологияға қарсы және профи­лактикалық шаралар ұйымдастырылуда. Аудандық аурухана қызметкерлері үй аралау арқылы аталған сырқатқа күдіктілерді анықтау және ақпараттандыру шараларын жүргізуде, сонымен бірге барлық емдеу, алдын алу ұйымдары, «Жедел жәрдем» қызметі күшейтілген   режимде    жұмыс   жасауға көшті. Медицина қызметкерлері арасында арнайы семинарлар ұйым­дастырылып, аурудың клинкасы, емі жөнінде кеңінен түсіндірілуде. Тұрғындар арасында да аурудың алдын алу шаралары жөнінде жан-жақты мәліметтер берілуде, Call орталықтары ұйымдастырылды,– деп атап өтті департамент басшысы.
Ұ.Аханаева Қызылорда менингококк инфекциясы бойынша қауіпті аймақ қатарына жатпайтынын айтады. Себебі,  бізде ауа райы құрғақ әрі ыстық. Мұндай ауа райында инфекция таралмайды екен.
Тағы бір айта кетерлігі, бүгінде ауруға қарсы ақылы негізде вакциналау жұмыстары жүргізілуде. Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов оның ақылы болуын да түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, елімізде бұл ауру сирек кездеседі. Сондықтан да ол   Қазақстанның ұлттық тегін екпелер күнтізбесіне кірмеген. Күнтізбеге кірмеген екпе ақылы түрде ғана салынады. Министрдің мәлімдеуінше, Қазақстанда вакциналау мәселесі 100 мың адамға шаққанда 10 науқас тіркелген кезде көтеріледі. Қазір бұл көрсеткіш 7 еседей төмен.
Біздің облыста вакциналау №6 қалалық емханада жүргізілуде. Бельгиялық вакцинаның аймаққа 50 дозасы жеткізілген.
Кеше өткен брифингте облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ұ.Аханаева аймақта менингиттің жаңа жағдайы тіркелмегенін жеткізді. Кешелі бері аурудың алдын алу бағытындағы жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Бірнеше мәрте облыстық штаб отырыстары өткізіліп, жағдайға сараптама жасалуда. Облыста эпидемиологиялық ахуал тұрақты деп бағалануда. Сондай-ақ, департамент басшысы екі күннен бері жедел жәрдем шақыртушылар санының күрт өскенін айтты.
– 5 маусымдағы мәлімет бойынша жедел жәрдем қызметіне жүгінгендер саны облыс бойынша 1300-ді құрап, шақырту 25 процентке артып отыр. Оның ішінде дене қызуына байланысты шақыртулар 15 процентке артқан. Бұл дегеніміз, тұрғындардың аталған сырқат жайында хабардар болғанын, өз денсаулықтарына бей-жай қарамайтынын білдіреді, –деп атап өтті ол.
Ұ.Аханаева тұрғындар барынша жеке бас гигие­насын сақтауға көңіл бөлулері қажет дегенді айтады. Әсіресе, жас балалардың қолды жиі жууын, таза жүруін бақылау қажет. Егер қандай да бір мазасыздық болған жағдайда дереу дәрігерге қаралуды естен шығармаған абзал.

Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<