Бүгін – Қадір түні

796

0

Күндердің қайырлысы – жұма болса, түндердің қайырлысы – Қадір түні. Маусымның 11-інен 12-сіне қараған түні Ораза айының соңғы он күнінің бірінде атап өтілетін – Қадір түні, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дін қызметшілерінің айтуынша, Қадір түні – сауаптар еселеніп жазылатын ерекше түн. Себебі, бұл түні қасиетті Құран Кәрімнің аяттары түсе бастаған.
«Анығында Біз Құранды Қадір түні түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Ол түні періштелер мен Рух Раббыларының әмірімен жерге түседі. Ол таң ағарып атқанша жалғасады», – деп келтіреді ҚР Мұсылмандары діни басқармасы «Қадір» сүресінен үзіндіні.
Ислам ғұламалары Қадір түнінде Алла тағала адамдардың келесі жылғы тағдырын, яғни өмірі мен өлімін, ризық-несібесін жазатындығын айтқан. Араб тілінде «қадір» және «тағдыр» сөздерінің түбірлестігінен де осыны аңғаруға болады. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл «тағдырлар жазылатын түн» дегенді білдіреді.
Қадір түнін мүминдер ғибадатпен, құлшылықпен өткізіп, тым болмаса тарауих намазынан кейін біршама уақытын дұғаға арнауы керек. Өйткені, бұл түні жасалатын дұғалардың қабыл болатынына деген нық сенім бар.
Қадір түнінің уақыты күн батқаннан сәресіге дейін жалғасады. Мұсылман қауымы құлшылықтарын мешіттерде, сондай-ақ үйлерінде де орындай алады.
Еске салайық, биыл Ораза айы 17 мамырдан 14 маусымға дейін жалғасады. 15 маусым (жұма) күнi Ораза айт мейрамы басталады. Пітір садақа құны бір адамға – 300 теңге.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<