Білікті мемлекеттік қызметші – ел тірегі

332

0

Мемлекеттік қызметтің миссиясы халыққа адал қызмет ету және еліміздің ұлттық мүддесін қорғай білу. Елдің даму жолында, ауқымды реформаларды іске асыруда мемлекеттік аппарат маңызды рөл атқарады. Демек, олардың біліктілік пен кәсіби қабілетті тұрақты түрде дамытуы аса маңызды. Осы орайда «Мемлекеттік қызметшілерді жаппай құқықтық оқыту» семинары өтіп, оған қала әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілері қатысты. 

Бүгінде «Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының облыс бойынша филиалы «ҚР 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат» тұжырымдамасына сәйкес мемлекеттік қызметшілерге жаппай құқықтық семинарын ұйымдастыруда. Аталған жиында норма шығармашылығы қызметін жетілдіру, әкімшілік құқық бұзушылық және әкімшілік жауапкершілік кодексі, бюджеттік кодекстегі өзгерістер, төртінші деңгейлі бюджетті енгізу мәселелері, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және басқару тәсілдері, еңбек құқықтық қатынастары тақырыбында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 

Ағымдағы жылы мемлекеттік сатып алу заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Мемлекеттік сатып алу заңнамасында өзгерістер болған жағдайда, алдымен тікелей шарт жасасу жолымен бір көзден сатып алу тәсілдері қысқартылмақ. Сондай-ақ, биылғы жылдың 1-қаңтарынан бастап төртінші деңгейлі бюджет енгеніне байланысты заңда өзгерістер орын алады. Бүгінде 65 ауылдық округте өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті қалыптастырылған. Аталған ауылдық окуругтардың әкімдеріне қолдау көрсету мақсатында 100 АЕК олар үшін 3000 АЕК дейін жоғарылайды деп көзделіп отыр. Демек, ауылдық округтар нақты бюджет енгізген кезде елді мекен әкімдері 3000 АЕК дейінгі тауарды тікелей шарт арқылы бір көзден жасай алады. Аталған заңнамада жекелеген санаттардағы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру бабы бар. Жекелеген санатқа мүгедек қоғамдық бірлестіктер мен мүгедек қоғамдық бірлестікті құрған ұйымдар жатады. Олар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің заңнамасымен арнайы мүгедек қоғамдық бірлестіктері, яғни тауарды әкелетін, қызмет көрсететін мүгедек ұйымдары ретінде тіркелген. Осы тұлғалармен жүзеге асыралатын шарттар барысында көрсетілетін қызметтерге қатысты біршама шектеулер орын алады.

Семинар барысында мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың тәжірибелік дағдыларын түсіндірумен қатар, әкімшілік-құқықтық нормалардың мазмұны, бюджеттік жоспарлаудың қолданыстағы практикасы талқыланды.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<