БІЛІМДІ ҚОЛДАУ – БОЛАШАҚТЫ ОЙЛАУ

456

0

 Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Жалағаш, Қармақшы аудандарына жұмыс сапарымен барды. Өңір басшысы әуелі Жосалы кентіндегі Ү.Томанов атындағы №183 орта мектептің ашылу салтанатына қатысты. Кеудесіне арман ұялаған түлектер мен олардың ұстаздарын, ата-аналар қауымын мерекемен құттықтады. Елбасының биылғы Жолдауында білім беру саласын жаңғыртуға үлкен мән берілгендігін атап өткен облыс басшысы бұл тарапта аймақта жаңадан бой көтерген білім нысандарының көптігін, оқушылардың жазғы демалыста тынығуына қолдау жасау секілді игілікті шаралар атқарылып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, түлектерге алдағы сынақтан сүрінбей өту үшін дайындықты пысықтай түсу қажеттігін айтып, ақ тілегін арнады.

– Біз алдымызға отыз өркениетті ел­дің қатарына кіреміз деген үлкен мақсат қойдық. Ол үшін экономика ғана емес, әрбір азаматымыз бәсекеге қабілетті болу керек. Халқымыздың асыл арманын, үкілі үмітін іске асыратын балаларымыз бәсекеге сай болуы қажет. Білімінің, кәсібилігінің арқасында алда тұрған заман шақыруларына дайын болып, мақсатына жетуге мүмкіндік алуы тиіс. Бұл орайда мемлекет тарапынан қолдау толастаған емес. Байқап қарасаңыз, қазір барлық 16 облыстың ішінен білім саласына ең көп қаржы салып отырған да Қызылорда облысы. Өйткені, білім – болашаққа бағытталған инвестиция. Алдағы уақытта сіздер білім биігін бағындырып, ел экономикасының келбетін келістіретін, электроника және нанотехнология, материалтану және материалдар технологиясы секілді заман ауанына қажетті мамандықтарды игереді деген сенімдеміз. Ең бастысы, әрбіріңіз  өндіріске тікелей араласып, мықты маман ретінде қалыптасуға күш салуларыңыз керек, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі өңірде үш ауысыммен оқу жойылып, аймақ 3-6 жас аралығындағы балаларға арналған мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерімен толық қамтылғанына да тоқталды. Осы әлеуметтік нысандардың басым бөлігі мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде салынып отыр.

Айта кетейік, жаңадан ашылған шағын ауданнан бой көтерген мектеп құрылысын «Аман Құрылыс» ЖШС жүргізді. Екі қабатты ғимарат заманауи қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Жобаның жалпы құны – 775,5 млн теңгені құрайды.

Жаңа ғимараттың ашылу салтанатында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов елде осындай нысандардың көптеп бой қөтеріп жатқанына қуанышты екендігін жеткізді. Соңғы 5 жылда осы Қармақшы ауданының өзінде ғана 3 мектеп, 4 балабақша және үш дәрігерлік  амбулатория салыныпты. Олардан бөлек, бірқатар ауылдарда клуб салынды. Сонымен қатар, қазір Төребай би ауылында балабақша, ал аудан орталығы – Төретамда спорт кешені салынып жатыр.

Мұнан соң аймақ басшысы Иіркөл ауылдық округіндегі №12 «Самал» балабақшасының ашылуына қатысты. Жалпы құны 180 млн теңге болатын 50 орындық бөбекжайда мектепке дейінгі білім алу үшін бар жағдай жасалған. «Мега ЛТД» ЖШС салған жаңа нысанда ән, би үйірмелері мен спортзал, балалардың интеллектуалды дамуына арналған оқу бөлмелері бар. Іші кең, жанға жайлы. Тәрбиешілердің барлығы дерлік  жоғары білікті мамандар екен.

   

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<