ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫ – ТАБЫСТЫ ЕЛГЕ АЙНАЛУДЫҢ АЙҚЫН БАҒДАРЫ

422

0

Кеше «Достық үйінде» облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен актив жиыны өтіп, онда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындайтын міндеттер сараланды. Жиында  облыс басшысының сөйлеген сөзі толық нұсқада назарға ұсынылады. 

 

 

Құрметті актив жиынына қатысушылар!

Күні кеше Ел Президенті – Ұлт Көш­басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнады.

Елбасының тікелей эфир арқылы халқына жолдаған бұл жолғы Жол­дауының мәні мен маңызы бұрынғыдан да ерекше болды. Жолдаудың әрбір тармағында Елбасы тиісті сала министрі мен әкімдерге, жауапты тұлғаларға жүзбе-жүз арнайы тапсырмалар бере отырып, міндеттерді нақтылай түскенін өздеріңіз көріп отырдыңыздар. Бұл әр азаматтың әл-ауқаты әрдайым Елбасының басты назарында екенін, сондықтан да,  еліміздегі нақты әлеуметтік мәселелердің маңыздылығын көрсетеді.

Сәт сайын құбылып, ғарыштық жыл­дамдықпен өзгеріске ұшырап жатқан қазіргі кезең бізден әрбір ісімізге сергек және барынша жауапкершілікпен қарауды талап етеді. 

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында бұған дейін айтқан дәйектемелердің дұрыстығын тағы да нақтылай түсіп, ел дамуына тың серпін беретін бағыт-бағдарлардың жаңа кезеңін ұсынды.

Ол еліміздің әлеуметтік-эконо­мика­лық дамуының инновациялық өзегіне айналып, бәсекелік қабілетін арттыра түсуі тиіс.

Сондай-ақ, бұған дейін қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың жалғасы ретінде жүйелі жұмыстар мен тың реформаларды қамтыды.

Бүгінге дейін іске асырылған «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Жол картасы-2020», «Рухани жаңғыру», «Президенттің бес әлеуметтік бас­тамасы» секілді мемле­кеттік бағдарламалар аз уақыттың ішінде өз нәтижесін берді. Ендігі міндет – табыс­ты елге айналу.

Елбасы Жолдауда айтқандай, біз тәуелсіздік жылдары көп жұмыс атқарып, жаңа мемлекет құрып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз ете алдық. Қазақстанның халықаралық беделі артып, оның геосаяси рөлінің күшеюіне қол жеткізілді.

Бүгінгі актив жиыны Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қа­зақ­­­­стандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауына және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы бойынша алдағы міндеттерді айқындауға арналады.

Жаһандану заманында әрбір ұлттың өзін-өзі тануға ұмтылуы – заңдылық. Осы ретте, Мемлекет басшысының «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дар­ламалық мақаласы Рухани сілкініске жол сілтеуші бағдар ретінде жаппай қол­дауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін берді. Сондықтан, бұл бастаманы әрі қарай жалғастыра отырып, оның аясын жаңа мазмұнмен және тың бағыттармен толықтыра беретін боламыз.

құрметті жиынға қатысушылар!

Мемлекет пен халықтың күш біріктіруінің арқасында біз Қазақстанда жалпыға ортақ еңбек қоғамын құра алдық.

Өздеріңізге белгілі болғандай, Мемлекет басшысы қазақстандықтардың әл-ауқатын өсіруге тікелей ықпал ететін 6 басымдықты айқындап, нақты тапсырмалар жүктеді.

Ендігі міндетіміз – табысты даму жолында жүктелген міндеттерді абыроймен атқару.

Енді, осы басымдықтар төңірегінде қандай шаруалар күтуде, оларды тиімді жүзеге асырудың шараларын талқыласақ деймін.

І. ХАЛЫҚ ТАБЫСЫНЫҢ ӨСУІ

Елбасы атап өткендей, қазақстан­дықтардың тұрмыс жағдайы бірінші кезекте өмір сапасының артуы мен кірістерінің тұрақты өсуіне байланыс­ты болып отыр. Сондықтан, еңбекақы төлеу жүйесінде бірқатар реформалар жасауды ұсынды. Бұл мәселелерге қатысты  біз тиісті өкілеттік органдармен жұмыстарды пысықтап, әрбір лауазым иесі өз қызметіне лайық табыс алуын қамтамасыз етеміз.

Статистикалық мәліметтерге жүгін­сек, 2018 жылдың екінші тоқсанында орташа еңбекақы 133516 теңгені құрап, осы жылдың 1-ші тоқсанымен салыстырғанда 9,4 пайызға көбейді. Оған әсер еткен – жаңа жұмыс орындарының құрылуы,өндірістің өсуі және жаппай кәсіпкерлікке дамыту арқылы нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған әлеуметтік саясат.

Бұл мақсаттарға бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артуда, республикалық бюджеттің есебінен былтыр 2 млрд теңге қаралса, 2018 жылы бұл сома 3,5 млрд теңгеге дейін  артқан.

Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік кө­мектің жаңа форматы да жұмыс істеуге дайын отырған адамдарға қолжетімді болып, жұмысқа қабілетті азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған.

Енді ең төменгі жалақының 1,5 есеге өсуі еңбегі ең төменгі тарифпен ба­ға­ланатын халықтың аз қамтамасыз етіл­ген бөлігін ынталандыратын болады. Сондай-ақ, жұмыс берушінің жұмыскердің ең­бе­гіне төмендетілген ақы төлеуінен қорғайтын болды. Одан басқа, ең төменгі жалақының өсуі жүктілігі мен босануына байланысты жұмысқа жарамсыздық қағаздарын, жұмысын жоғалт­қанда, ме­ди­циналық көмек көрсету кезінде төлеу үшін жөнелтілім нүктесі болып табылатындықтан азаматтардың әлеу­мет­тік және медициналық сақтан­дыруға ар­налған ресурстарының қосымша көзі болады.

Бұл өз кезегінде «Еңбек» бағдарла­ма­сы аясында көрсетіліп отырған жұмыс­пен қамту шараларына сұранысты көбейтеді.

Сол себепті, Қызылорда қала­сы мен аудан әкімдері жұмыспен қамту­ды үйлестру және әлеуметтік бағдар­ламалар (Т.Дүйсебаев), экономика және бюджеттік жоспарлау басқар­маларымен (м.а. Н.Қордабай) бірлесіп, 2019 жылға республикалық және жер­гілікті бюджеттерден әлеуметтік және қоғамдық жұмыс орындарына жол­данған азаматтардың еңбек­ақысын көбейтуге қосымша қаржы бөлуді қарастыруды пы­сықтауды тапсырамын.

Қазіргі таңда өз ісін дамытам дегендерге барлық жағдай жасалған, қаржы бар, қолдау көрсетілуде. Ал, адамдардың кәсіби біліктілігін дамыту үшін оқыту үдерісін қайта қарау қажет.

Жыл сайын біз еңбек ресурстары балансын әзірлеп, өзектендіреміз. Барлық оқу орындары мемлекеттік тапсырыс алып, жағдайларын бюджеттік қаржы есебінен шешіп отыр. Алайда, оқу бітіргеннен кейін жұмысқа тұру мәселесі неге өз деңгейінде шешілмей отыр? Сондықтан, оқу орындарының білім беру сапасына жауапкершілігін қайта қарау қажет. Сапалы білім болмайынша, мемлекеттік тапсырыс та болмайды. Бұл бизнес кәсіпорындарына да қатысты.

Осы орайда, Қызылорда қала­сы мен аудан әкімдері білім (М.Мелдебекова), жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеуметтік бағ­­дарламалар (Т.Дүйсебаев) басқармаларымен, «Атамекен» аумақтық кәсіпкерлер палатасымен (Ғ.Жақсылықов, келісім бойынша) бірлесіп аумақтағы барлық оқу орындарына оқу бітіргеннен кейін түлектердің жұмыспен қамтылуына және еңбекақы мөлшері тұрғысынан олардың қызметіне баға беріп, талдау жүргізсін.

БІРІНШІ. Мемлекет басшысы биз­несті өркендетудің маңыздылығын тағы да атап өтіп, қазақстандықтардың басым бөлігін табыспен қамтамасыз етуде оның тиімділігінің зор екенін айтты.

Өздеріңізге белгілі, биылғы жылды өңірімізде «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялаған болатынбыз. Осы жұмыстардың оң нәтижесін беруіне орай блыс әкімдігі, мәслихат, «Нұр Отан» партиясының филиалы, қоғамдық кеңес және кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп 2018-2020 жылдарды облысымызда жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы деп қайта жарияладық.

Осы ретте, жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны бойынша жыл басынан бері өңірлер ара­сында көшбасшы екенімізді мақ­таныш­пен айтуға болады. Ағымдағы жыл­дың 1 қыр­күйегіндегі жағдай бойынша облысымызда тіркелген кәсіпкерлік субъек­тілерінің саны 51601 бірлікті құра­са, оның ішінде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 40988 бірлікті құрап, өткен жылдың сәйкес ке­зеңімен салыстырғанда 11,3 пайызға өскен.

Сонымен қатар, аталған бағыт бойынша жасалған жұмыстардың 9 айдағы қоры­тындысымен келесідей жетістіктерге жеттік.

Біріншіден, «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2018 жылы барлығы 1319 млн теңге бөлініп, облыс бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің 377 жобасына қолдау көрсетілді. Яғни:

1) несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 900 млн теңге бөлініп, жалпы құны 4,6 млрд теңге болатын 101 жоба мақұлданған.

2) шағын және орта бизнес несиесі бойынша ішінара кепілдендіруге  219 млн теңге бөлініп,  қазіргі кезде кепілдік құны 988 млн теңге болатын 52 жобаға кепілдік ұсынылды.

3) гранттық қаржыландыруға – 200 млн теңге бөлініп, облысымыздың 224 кәсіп­керлерінің жобаларына ұсынылды.

Екіншіден, «Нәтижелі жұмыспен қам­ту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» шеңберінде Қызылорда қала­сы мен аудандарда микрокредиттер беру үшін 2018 жылы республикалық бюджеттен 3 489 млн теңге бөлінген болатын.

Бұдан бөлек, жыл басында ісін жаңа бас­таған кәсіпкерлерге микрокредит беруді кең­ейту үшін облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражаттар «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына отыр­ғызылды.

Бүгінгі күні бұл бағдарлама бойынша облысымызда жалпы құны 3 млрд теңгені құрайтын микрокредит қаражаттары ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің 904 жобасына ұсынылды.

Осы ретте, ағымдағы жылдың 5 қазанында Елбасының Қазақстан хал­қына Жолдауында «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағ­дарламасын» тағы 5 жылға созуды тапсырды. Ал, бұл шешім өз кезегінде экономика салаларында бизнестің тиімді артуына септігін тигізері анық. Осыған орай, келесілерді тапсырамын:

Кәсіпкерлік және туризм басқармасы (Б.Намаев) «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында тиісті ұсыныстарды салалық министрлікке енгізсін.

Кәсіпкерлік және туризм басқармасы (Б.Намаев) мен «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалы (А.Тастанов, келісім бо­йынша) «Бизнестің жол картасы-2020» биз­несті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағ­дарламасы аясында жұмыстарды күшейт­сін.

Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілетін жұмыстарын одан әрі күшейтіп, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізсін.

ЕКІНШІ. Елбасы экономикада бәсе­келестікті дамыту және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау керектігін айтты.

Қазіргі кезде «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасы Парламент қарауын­да, онда қызмет сапасының стандарттарын сақтау және олардың қызметтерінің тиімділігін арттыруға байланысты табиғи монополия субъектілерінің қызметтеріне тариф бекітудің ынталандыру әдісі қарастырылған.

Бұдан басқа, заң жобасы тариф қалыптастырудың ашықтығын арттыру мақсатында жаңа институттарды ендіруге және қоғамды тариф бекіту процесіне тартуға бағытталған. Тарифтік саясат бойынша Кеңес енгізіледі, сонымен қатар, инвестициялық бағ­дарлама, тарифтік сметаның орындалуына мониторинг жүргізуге қатысу функция­ларымен қамтылған табиғи монополия субъектілерінің қызметін тұтыну­­шылардың Қоғамдық бірлестігін құру қарастырылған.

Осы барлық жаңа бастау тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында тарифті қалыптастыруға қатысты шешім­дердің ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз етеді.

ҮШІНШІ. Мемлекет басшысы биз­несті заңсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалау қаупінен қорғауды арттыра түсу қажеттігін баса айтты.

ТӨРТІНШІ. Елбасы табысты арт­тырудың бірден-бір көзі өңдеу секторын­дағы экспорттаушыларға қолдау көрсе­туге аса мән беру керектігін қадап айтты.

Экспортқа бағытталған, бәсекеге қабі­лет­­ті өндірістерді құру облыс көлемінде ин­­­дустриялық-инновациялық дамытудың Мем­­ле­кеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Осындай ірі жобаларымыз шетелдік трансұлттық компаниялардың қатысумен іске асырылып жатқан шыны, тампонажды цемент және кальцийлендірілген сода зауыттары болып табылады.

Бұл жобалардың іске қосылуы өз кезегінде өңірімізде құрылыс индустриясында жаңа инновациялық өнімнің пайда болуына, жаңа инновациялық технологияны қолдану арқылы өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізетін болады.

Тампонажды цемент зауытын үсті­міз­дегі жылдың желтоқсан айында мер­зімі­нен бұрын іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Сонымен қатар, өздеріңізге белгілі, шыны зауытына инвестор ре­тінде қытайлық трансұлттық Чайна Триумф Интернешнэл Инжиниринг  Компаниясын (China Triumph International Engineering Co) тарттық. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы жобаның екінші кезеңі ретінде қытайлық компания жоғары технологиялық «Планшет, смартфон және күн панельдеріне арнал­ған аса жұқа шыны өнімдерін шығару» жобасын іске асыруға ниет білдіріп отыр.

Сонымен қатар, «Шалқия» қорғасын-мырыш кен байыту комбинатының құрылысы бойынша күні кеше ғана Лондон қаласында «Тау-Кен Са­мұ­рық» акционерлік қоғамы Диберсек компаниясымен ЕРС келісімге қол қойды. Осыған орай жыл соңына дейін кен байыту комбинатының құры­­лысын бастау жоспарлануда.

Сондай-ақ, ішкі нарықты импорт алмастыру мақсатында «Арал Сода» Серіктестігінің каль­цийлендірілген сода зауыты еліміздің сұраны­сының 75%-н қамтамасыз ететін болады. Қазір жобаға инженерлік инфрақұрылым жеткізу мәсе­лесі тиісті министрлікпен пысықталуда, қар­жы­ландыру мәселесі Қазақстан Даму Банкімен қа­рас­тырылуда.

Осыған орай, облыстың әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуына айрықша үлес қосатын барлық жобаларымыздың жағдайын күнделікті бақылауға алуымыз қажет.

Осы салаға жетекшілік жасайтын облыс әкі­мінің орынбасары Ким Евгений Германович, ин­­дустриялық инновациялық даму басқармасы (Р.Сұлтангереев), Шиелі ауданы және Қызылорда қаласы әкімдіктері бірлесіп:

1. «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» жа­уапкершілігі шектеулі серіктестігінің тампо­нажды цемент және «Орда Гласс ЛТД» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігініңшыны зауытта­рының құрылысын кестеге сәйкес жүргізуін тұ­­рақты бақылауға алып, іске қосылуын қамта­масыз етсін;

2. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы (М.Әлсеріков) Қызылорда қаласы­ның индустриялық аймағындағы темір жол тұйығының құрылысын үстіміздегі жылғы 1 желтоқсанға аяқтасын;

3. Индустриялық инновациялық даму бас­қармасы (Р.Сұлтангереев) «Баласауысқандық» ванадий кенішін игеру жобасы бойынша жер қойнауын пайдалану келісім-шартының мерзімін ұзарту мәселесін Инвестициялар және Даму министрлігімен пысықтасын; 

4. Кәсіпкерлік және туризм (Б.Намаев), энер­гетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармалары (М.Усаин) «Арал Сода» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кальций­лендірілген сода зауытына инженерлік инфра­құрылымды жеткізу үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасы аясында қаржы қарастыру үшін бюджеттік ұсынымды Ұлттық Экономика министрлігіне тапсырсын.

5. Облыс әкімінің орынбасары Ким Евгений Германович, индустриялық-инновациялық да­му басқармасы (Р.Сұлтангереев), қытайлық транс­­ұлттық Чайна Триумф Интернешнэл Инжи­ни­ринг  Компаниясының (China Triumph Internatio­nal Engineering Co) «Планшет, смартфон және күн панельдеріне арналған аса жұқа шыны өнім­дерін шығару» жобасын жаңадан құрылатын «Ши­кі­зат­тық емес секторға тікелей инвестициялар Қо­рымен» бірлесіп қаржыландыру мәселесін пысықтасын.

БЕСІНШІ. Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керектігін атап өткен Елбасы осы саладағы еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге көбейту міндетін қойды. Ол үшін мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елі­мізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажеттілігін атап өтті.

Осы тапсырманы Қызылорда облысының Агро­өнеркәсіп кешенін дамытудың 2018-2022 жыл­дарға арналған Агрокартасы аясында жүзеге асырамыз.

Осы Агрокартаға сай биылдан бастап жалпы құны 7 млрд теңгеден асатын 10 инвестициялық жобаны іске асыруды бастадық.

Сонымен бірге, облыстың экспорттық әлеуе­тін арттыру және өткізу нарығын кеңейту бағы­тында біз бақша өнімдерін экспорттауды қайта жандандырдық, көкөністер мен мал етін сырт­қа шығара бастадық. Араб әмірліктері, Иран және Моңғолия елдеріне 2 мың бас қойды экспорт­тадық.

Ағымдағы жылы Қытайға мақсары майын экспорттауды бастадық. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығының экспорт көлемі ағым­дағы жылдың бірінші жартыжыл­дығында былтыр­ғымен салыстырғанда 23,0% артып отыр.

Заманауи агротехнологияларды енгізуде біз Шиелі ауданы Ақмая шаруашылығы негі­зін­де «ақылды ферма» жобасын іске асыруды қолға алдық. Жоба аясында цифрлық платформа негізінде нақты егіншілік элементтерін қолда­намыз. Бұл тәжірибе облыстың барлық шаруашы­лық­тарына таратылатын болады.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өндірісіне 9 жаңа инновациялық  жобалар енгізілді.

Елбасының агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойылған мақсаттарды орындау үшін ауыл ша­руашылығы басқармасына (Б.Жаханов), Қы­зыл­орда қаласы мен аудан әкімдеріне келесідей мін­деттер жүктеледі:

– ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2017 жылмен салыстырғанда 2022 жылы екі есеге арт­тыру (86,1 млрд теңгеден 164,9 млрд теңгеге жеткізу);

– еңбек өнімділігін 2,5 есеге (1,3 млрд теңгеден 3,3 млрд теңгеге жеткізу);

– экспорт көлемін 2,5 есеге (100,5 мың тоннадан 250,1 мың тоннаға жеткізу);

– негізгі қорға салынатын инвестиция көлемін 5,0 млрд теңгеден 7,8 млрд теңгеге жеткізу.

АЛТЫНШЫ. Инновациялық және сервистік секторларды дамыту мәселесіне келер болсақ, Қызылорда қаласында IT парк және Жастарға қызмет көрсету орталығы құрылуда. Аталған орта­лықтардың негізгі мақсаттары – ақпараттық технологиялар мамандығы бойынша әртүрлі ай­мақтармен мемлекетаралық жастардың басын қосып, олардың әлеуетін дамыту, пайдалану. Соны­мен қатар, мектеп оқушыларының, студент­тердің, салалық мамандардың жаңа идеяларын қолдап, IT жобалар бастамаларына қолдау көрсету. Осы арқылы стартаперлердің идеяларын жүзеге асыру,  жеке инвестицияларды ынталандыру, жобаларды коммерцияландыру көзделген.

Сонымен бірге, бірыңғай мобильдік деректерді өңдеу орталығын жүзеге асыру жоспарлануда. Аталған орталық  үлкен деректерді (Big Data) бір жерге жинап, өңдеуге, әрі қарай жасанды ин­тел­лект, блокчейн технологияларын дамытуға мүм­кіндіктер береді.

«Smart квартал» жобасын іске асыру мақ­сатында «Е-шаңырақ» бірыңғай интеллек­туал­дық жүйесіне деректерді беруге есепке алу құралдарымен жабдықтау мақсатында Тасбөгет кентіндегі 13 көпқабатты тұрғын үй таңдалды.

Қазіргі таңда облыстық бюджеттік комиссия­сының шешімімен аталған жобаны іске асыру мақсатында 6 млн теңге қаражат бөлінді.

2022 жыл соңына дейін барлық көппәтерлі үйлерді «Е-шаңырақ» бірыңғай интеллектуалдық жүйесіне қосу жоспарлануда, цифрландырудың жол картасына енгізілген. Нәтижесінде, барлық көппәтерлі үйлердің есепке алу құрылғыларының көрсеткіштері автоматтандырылған түрде жинақ­талатын болады.

Салық және кеден саласындағы ақпараттық жүйелер интеграциясының аяқталуы әкімшілен­дірудің ашықтығын арттырады. 

Қазіргі таңда «Бірыңғай төлем құжаты» жо­басы іске асырылып, қала тұрғындарының бар­лы­ғы бірыңғай төлем құжатымен толығы­мен қамтылған. Нысаналы индикатордың мәніне (85 мың) қол жеткізілді.

Аталған жоба үлгісінде «Борышкерлердің бі­рыңғай порталын» құру жоспарлануда. Аталған порталдың мақсаты: жеке тұлғалардың салық, алимент, кедендік төлемдер, айыппұлдар, т.б. бе­решектер тізімін ашық жариялау арқылы жер­гілікті бюджетке түсімдерді көбейту, борышкерлер санын азайту.

ЖЕТІНШІ. Мемлекет басшысы нақты экономиканы өркендету үшін қаржы секторының рөлін күшейтіп, ұзақ мерзімді макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажеттігін айтты.

II. ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ

БІРІНШІ. Елбасы халыққа қызмет көрсету сапасын елеулі түрде арттыруды қамтамасыз ететін тиісті реформаларды жүзеге асыру үшін Үкіметке 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажеттігін тапсырды.

ЕКІНШІ. Жолдауда Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев мектепке дейінгі білім беру сапасын  түбегейлі жақсарту бойынша  тапсырма берді.

Біз осыған дейін облыста 3-6 жастағы балаларды балабақшамен 100%  қамтамасыз еттік.

Балабақшалардағы оқыту  мазмұнын жақсарту үшін, біріншіден, педагогтардың кәсіби деңгейін көтеру қажет. Өкінішке қарай, балабақшалардағы жасап жатқан педагогтардың 25 пайызы ғана кәсіби мамандар.

Балаларды ерте жастан бастап мамандыққа баулу үшін балабақшаларда мазмұндық бағдарла­малар осы жүйені қамтуы қажет.

Бұл жұмыстар мектепте де үздіксіз жүзеге асырылып, осы тұрғыда енгізіліп жатқан функцио­налдық  сауаттылық негізгі фактор болуы керек.

ҮШІНШІ. Біз  2015 жылы республикада алғаш­қылардың бірі болып «Назарбаев зияткерлік мектептерімен» өзара әріптестік жөнінде меморандум жасадық. Осының аясында Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі таратылатын 46 инновациялық мектептер желісі құрылып, мазмұнды жұмыс жасауда. Елбасының тапсырмасына сәйкес бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жетілдіріп, барлық мектептерге ендіруді жалғастыру қажет.

ТӨРТІНШІ. Елбасы Жолдауда педагог мәрте­­бесін көтеру мәселесіне айрықша тоқталды.

Бүгінгі күні жаңартылған білім беру мазмұны­мен сабақ беретін мұғалімдердің жалақыларына 30%, жаңа форматы бойынша аттестаттаудан өткен ұстаздардың жалақыларына 30-50% көле­мінде үстеме төленуде.

Білім алудың қолжетімділігін арттыру мақса­тында, орын тапшылығы мен апаттық мектептерді жою үшін соңғы 6 жылда облыста 69 мектеп салынды. Нәтижесінде, 2015 жылы үш ауысым­ды мектептер түбегейлі жойылса,  апатты мектеп­тердің мәселесі негізінен  шешілді. Бүгінгі күні облыстағы 1 апатты мектептің құрылысы жүруде.

Жолдауда орта мектептің деңгейінде оқушы­ларды барынша сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби бағыт-бағдар беру мәселесі айтылды.

Жаңғырып жетілудің мүлде жаңа, мазмұндық және сапалық тұрғыдан бұрынғыдан бөлек, әлдеқайда биік сатысына көтерілуге ұмтылған елімізге жасампаз, білікті, өзгерістерден қорық­пайтын мамандар қажет.

Осы ретте, біздің ұдайы назарда ұстайтын ерекше маңызды көрсеткішіміз – түлектеріміздің жұмыспен қамтылуы. Расында, жас мамандар келешек кәсібіне сай, сапалы білім алып, мамандығы бойынша еңбек етсе, құба-құп. Алайда, нақты өмірде, көп жағдайда олай бола бермейді. Мойындау қажет, бізде бұл мәселеде келеңсіздіктер аз емес. Түлектерді бір мамандық бойынша даярлаймыз, ал, олар мүлде басқа саладан орын табады. Олардың қабілеті мен нарықтағы жағдайды ескере отырып, түлектерді дұрыс бағыттау – біздің міндетіміз.

Елбасы Жолдауында айтылған «Нәтижелі жұ­мыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021» жылдарға арналған бағдар­лама облыс экономикасының дамуына ерек­ше серпін беруде.

Қазіргі таңда 2017 жылдан бастап жүзеге асырылған бағдарлама аясында 2000-нан астам студент жұмысшы кәсібі бойынша білім алуда.

Алдағы уақытта «Атамекен» Ұлттық Кәсіп­кер­лер палатасының облыстық филиалымен бірлесе отырып, аймақтың еңбек ресурстары балансына сәйкес, жүзеге асырылып жатқан индустриалды-инновациялық жобаларға және шағын, орта бизнес өкілдеріне қажетті, сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадрлар даярлауды жүзеге асыру қажет.

БЕСІНШІ. Жоғары білім беру саласында маман дайындауда еңбек нарығы сұраныстарын көп  ескеру қажет. 

Жоғары оқу орындарында студенттер үшін білім алу траекториясын таңдау мүмкіндігі жоқ, студенттердің таңдаған пәндері бойынша бағдарлама жасақтау және оқыту жұмысы немқұрайлы жүзеге асырылады. Жергілікті университеттер осы айтылғанды ескере отырып, білім беру бағдарламаларын жыл сайын жаңартып, қайта әзірлеуі қажет. Биылдан бастап күшіне енген академиялық еркіндік қағидасы сіздерге оған жол ашты.

Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемұлы Рүстемов, білім басқармасы (М.Мелдебекова):

– Мектепке дейінгі білім беру сапасын жақсартудың «Жол картасын» әзірлесін;

– Балалар қауіпсіздігі мәселесін қамтамасыз ету үшін  психологтарының жұмысы күшейтілсін;

– Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен (м.а. Н.Қордабай) бірлесіп білім беру ұйымдарын бейнебақылау камераларымен жабдықтау үшін бюджеттік өтінім әзірлесін;

– Жаңа инновациялық әдістерді кеңінен қолдана отырып,  мектептердегі кәсіби бағыт-бағдар беру жұмыстары  күшейтілсін;

АЛТЫНШЫ. Елбасы өз Жолдауында ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажеттігіне тоқталып өтті.

Бұл мәселе біздің өңіріміз үшін  өте өзекті, себебі, облыс  халқының 60 пайыздан астамы елді мекендерде тұрады. Осыған байланысты  соңғы 5  жылда республикалық және облыстық бюджет қаражаты есебінен 54 амбулаториялық нысан жаңадан салынып, бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының 63 пайызы жаңартылды. Сонымен қоса, алдағы 2 жылда денсаулық сақтау жүйесінің желісі нормативке сәйкестендіріледі. Бұл жерде біз республикалық, жергілікті бюджет және мемлекеттік жекешелік әріптестік тетіктерін кеңінен қолдануымыз керек.  Сонымен қоса, емхана қызметкерлерін ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген аймақтық медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейту айтылды. Мұнда алғашқы медициналық көмек маңызды рөлге ие болуы тиіс. Бастапқы буын медицина қызметкерлерінің міндеті – ауруларды ерте анықтауды қамтамасыз етіп қана қоймай, пациенттермен бірлесіп халықтың денсаулығын да тиімді басқару. Ол үшін бүгінгі таңда тиісті мамандарды оқумен қамтып, жоспарлы жұмыстарды жүргізу керек.

Онкология қызметі ерекше мән аударуды қажет ететін сала. Облысымызда қатерлі ісік ауруларын ерте диагностикалауда, емдеу­де оң нәтижелер байқалады. Сонымен қатар, науқастарды емдеуде халықаралық озық тәжіри­белерді кеңінен енгізу керек. Осыған байланысты көпсалалы (онкологиялық профилі бар) 300 төсекке арналған, заманауи медициналық құралдармен жабдықталған аурухананың жоба­лық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге биыл тиісті қаражаты қарастырылып, сол жағалаудан жер телімі бөлінді. Жыл соңына дейін жұмыс жобасына мемлекеттік сараптама қорытындысын алып, 2019 жылы құрылысты бастауымыз қажет. 

Медициналық қызметтің сапасын арттырудың бірден-бір жолы – ол саланы цифрландыру.

Қазіргі таңда облыстағы барлық медициналық ұйымдар 100% ақпараттық жүйелермен қамтыл­ды, интернет жүйесі, компьютермен толығымен жабдықталған. Ендігі кезекте электрондық денсау­лық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттырамыз деп жоспарлап отырмыз. 

Облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемұлы Рүстемов, денсаулық сақтау басқармасы (А.Әлна­зарова):

– облыстағы денсаулық сақтау жүйесінің желісін нормативке сәйкестендіру жұмыстарын Бірыңғай даму жоспарына сәйкес жалғастырсын;

– амбулаториялық деңгейде созылмалы ауруларды басқару бағдарламасына көшу бойынша жұмыстар жүргізіп, ауруларды ерте диагностикалаудың, емдеудің дәлелденген халықаралық озық тәжірибелерін кеңінен енгізсін;

– 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық медицина ұйымдары «қағаз қолданбайтын ауру­ханаға» көшірілсін,  облыс тұрғындарын толы­ғымен электронды денсаулық паспорттарымен қамтамасыз етсін;

– Медициналық ұйымдарда электронды көрсе­тілетін қызмет түрлерінің  үлес салмағы арттырылсын;

– Құрылыс, сәулет және қалақұрылысы басқармасымен бірлесіп (М.Әлсеріков) көпсалалы  300 төсек орынға арналған аурухананың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, жұмыс жобасына мемлекеттік сараптама қорытындысын алсын.

ЖЕТІНШІ. Елбасы өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет екендігін баса айтты.

Бұқаралық спортты одан әрі дамыту үшін мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 2018 жылы бюджеттен 120,6 млн теңге бөлініп, 282 спорт нұсқаушысы 138 елді мекендегі 41 040 мың адамды тұрақты дене шынықтырумен шұғылдануға тартқан, шұғылданушылар орта мектептердегі спорт залдарын сабақтан тыс уақытта пайдаланады.

Спорттық инфрақұрылымдарды дамыту бойынша 2017 жылы орталық стадион жанындағы қосалқы алаң қайта жаңғыртудан өткізілді, қаланың шет аймақтарындағы жастардың спорт нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Олимпиада Комитетінің қолдауымен 4 «Стрит воркаут» алаңдары және жергілікті бюджет есебінен 20 көшедегі спорт алаңдары тапсырысқа берілді. Үстіміздегі жылы Қызылорда қаласында 5 спорт алаңы салынды, келесі жылы Қызылорда қаласында және аудандарда  10 спорт алаңы салынады.

Ауылдық елді мекендердегі тұрғындардың спорт нысандарына қолжетімділігін арттыру үшін үстіміздегі жылы жергілікті бюджет есебінен Еңбекші, Жанқожа батыр, Мәдениет, Ақжарма, Түгіскен, Сексеуіл, Төретам тіректі елді мекендерінде 7 спорт кешені пайдалануға берілді.

Мемлекеттік-жекешелік  әріптестік аясында кәсіпкерлер белсенді қызмет жасап келеді, соның арқасында 2017 жылы Қызылорда қаласында «Тарлан» спорт кешені және «Мерей» мөлтек ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жалға беру жобасы, Шиелі ауданы Ақмая және Алғабас ауылдарынан дене-шынықтыру сауық­тыру кешенін жалға алу жобалары іске қосылды.

Үстіміздегі жылы қосымша 7 жобаны, Жала­ғаш ауданында Жалағаш кенті мен Таң ауылы, Жаңақорған ауданы Жаңақорған кенті мен Сүттіқұдық ауылы, Шиелі ауданында Бестам, Төңкеріс, Бекежанов ауылдарында дене-шынық­тыру сауықтыру кешендерін жалға алуды іске асыру жалғасуда.

Келесі жылы Шиелі ауданы – Сұлутөбе, Жаңа­қорған ауданы – Төменарық және Бірлік, Қармақшы ауданы – ІІІ Интернационал, Арал ауданы – Қамыстыбас және Шижаға,Сырдария ауданы – Бесарық, Жалағаш ауданы – Аққұм, Қазалы ауданы Өркендеу тіректі елді мекендерде спорт нысандарын салу кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады.

Атқарылған жұмыстар нәтижесінде тұрғын­дар­дың спорт нысандарына қолжетімділігі артып, дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын тұрғындар үлесі артады.

Осы ретте дене шынықтыру және спорт басқармасы (О.Акимов):

– дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне секциялық сабақтарды өткізгені үшін қосымша ақы төлеуді және дене дайындығы бойынша балалар-жасөспірімдер клубтарын ашуды қамтамасыз етсін;

– жалпы білім беру мектептерін стандартты спорт залдарымен, қажетті спорттық мүкәммал және тиісті жабдықтармен жарақтандырсын;

– қала, кент, елді мекендер мен мөлтек аудандарда тозығы жеткен спорт алаңдарын жөндеу, бақтар мен демалыс орындарында тренажерлар мен стритбол алаңдарын және қала, аудан орталықтарында жабық жүзу бассейндерін салуды жүзеге асырсын; 

– мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс арқы­лы жұмыс жасайтын спорт нұсқаушы­лары және әдіскерлер санын арттыру және шұғылда­ну­шыларды спорттық құрал-жабдық­тармен қамта­масыз етсін.

СЕГІЗІНШІ. Жолдауда Мемлекет басшысы Үкіметке халықты сапасыз әрі денсаулыққа және өмірге қауіп төндіретін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерден қорғайтын шаралар қабылдауды және осы жұмысты ретке келтіруді тапсырды.

ІІІ. ӨМІР СҮРУГЕ ЖАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Бұл басымдық төңірегінде Елбасы тұрғын үй қолжетімділігін арттыру, сапалы инфрақұры­лыммен қамтамасыз ету міндеттерін айқындады.

2018 жылы Қызылорда облысы бойынша 1747 пәтерді құрайтын 69 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы (123,3 мың ш.м.) жүргізілуде (оның ішінде жеке құрылыс компаниялары арқылы 860 пәтерлік 21 көпқабатты тұрғын үй – 70,0 мың ш.м.).

«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерін дамытуға мемлекеттік бюджет есебінен барлығы 11,9 млрд теңге қаржы бөлінді.

Сонымен қатар, құнды қағаздар шығару есе­бінен кредиттік тұрғын үйлер бойынша Қызыл­орда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалауында 60 пәтерлік 4 тұрғын үй құрылысына 2,1 млрд теңге бөлінді.

2018 жылы  облыс бойынша 667,4 мың шаршы метр тұрғын үй салу және жеке тұрғын үй құрылысы аумақтарына 495 шақырым инженерлік желілер жүргізу жоспарлап отырмыз.

Бүгінгі күнге облыс бойынша жергілікті атқарушы органның тұрғын үй алуға барлық санаты бойынша кезекке тіркелгендер саны 27 274 азаматты құрап отыр. Оның ішінде «Мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік сала қызметкерлері» санаты бойынша 11 571 болса, «Халықтың әлеу­меттік жағынан осал топтары» бойынша 13 712 азамат тіркеліп отыр.

Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында облыста арнайы «Орда» тұрғын үй құрылысының «Жол картасы» әзірленіп, облыстық бюджеттен жыл сайын қажетті қаржы бөлу туралы шешім қабылданды.

Алынған пәтерлер тұрғындарға кейін өтеу құқығымен ай сайынғы жалға алу құны шарты бойынша беріледі. Бұл бағдарламаның ең бас­ты ерекшелігі – тұрғындар алғашқы жарнасын төлемейтін болады.

Жол картасын тиімді жүзеге асыру мақсатында Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жаға­лауында жеке құрылыс компаниялары есебінен салынып жатқан 18 көпқабатты тұрғын үйдің (770 пәтер, 59,4 мың ш.м.) 4 және 5 қабаттарындағы пәтерлерді сатып алу туралы облыс, қала әкімдіктері мен құрылыс компаниялары арасында үшжақты келісім жасалды.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша облысымызда бастапқы тұрғын үйдің ең жоғары құны 15 млн теңге болып бекітілген.

ҚР Ұлттық банкі облыстық филиалының мәліметі бойынша Бағдарламаға екінші деңгей­дегі 8 банк қосылғандарын растады, олар «Банк Центркредит», «Еуразиялық Банк», «АТФ банк», «Цеснабанк», «Халық банкі», «Ресей Жи­нақ бан­кі», «Fortebank» және «Қазақстанның тұр­ғын үй құрылысы жинақ банкі» акционерлік қоғамдары.

Облыс бойынша екінші деңгейлі банктермен 355 кеңес беріліп, 18 өтініш (173,9 млн тг.) қабылданған, оның ішінде 16 өтініш (156,2 млн теңге) мақұлданып, «Банк Центркредит» АҚ арқы­лы пәтер алуға 11 ипотекалық несие (104,9 млн тг.) берілді.

«7-20-25» бағдарламасымен екінші деңгейлі банктер арқылы рәсімдеуге Қызылорда қаласының «Нұр Орда» тұрғын ауданы, «Құралай» және «Ақбаян» тұрғын үй кешендерінен 100 пәтер дайын.

2018 жылы облыс бойынша Бағдарламаның талаптарына сәйкес келетін 1010 пәтерлік 21 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде (77,2 мың ш.м.). Бұл үйлердің пәтерлері 2019 жылдың 1-тоқсанынан бастап өткізіледі деп жос­парлануда.

Осы ретте, облыс әкімінің орынбасары Серік Жүсіпұлы Сүлейменов, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы (М.Әлсеріков) жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны жергілікті бюджет есебінен қаржыландыру жолдарын пысықтап, ұсыныс берсін.

Аудандар мен Қызылорда қаласының әкім­діктері, ішкі саясат басқармасы (Т.Маханов) бұқа­ралық ақпарат құралдары, аудандар және қала әкімдіктерінің сайттары арқылы «7-20-25» Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағдарламасын облыс тұрғындары арасында  кең көлемде ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізсін.

Аудандар мен Қызылорда қаласының әкім­діктері «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламасы аясында бас жос­пар мен тұрғын аумақтардың егжей-тегжейлі жоспар­лау жобаларына сәйкес инженерлік-коммуни­кациялық инфрақұрылымдар мен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына арналған жалға берілетін тұрғын үй құрылысының жобаларын әзірлесін.

Бүгінгі күні облыс бойынша 260 ауылдық елді мекеннің 199-ы немесе 76,5 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды (2012 жылы бұл көрсеткіш 178 елді мекен немесе 69 пайызды құраған болатын). Бұл елді мекендерде халықтың  96 пайызы қоныстанған. Бұл – рес­публика бойынша алдыңғы көрсеткіштердің бірі.

Қолданыстағы су жүйелерін жаңғырту мақса­тында 2016-2018 жылдары «Нұрлы жол», «2020 жылға дейін Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен 79 жобаға барлығы 15 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Нәтижесінде, 774 шақырым ауыз су жүйелері жаңғыртылып, желілердің орташа тозуы 15 пайызға дейін төмендеді. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады.

Осы жұмыстарды жалғастыруға «Облыс елді мекендерін ауыз сумен жабдықтау жүйесін дамытудың 2025 жылға дейінгі Кешенді жос­пары» әзірленіп Инвестициялар және даму ми­нистрлігіне ұсынылды.

Аталған бағдарламалармен біз 2019 жылға 4,4 млрд теңге, 2020 жылға 2,2 млрд теңгені құрайтын 29 жобаға бюджеттік өтінім тапсырдық.

Осы орайда, энергетика және тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылық басқармасы (М.Усаин):

– алшақ ауылдық елді мекендер саны көп Арал ауданындағы Абай, Ақбасты, Тоқабай шалғай елді мекендеріне «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырын жеткізудің жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстарын 1 желтоқсанға дейін аяқтап, Су ресурстары комитетіне тапсырсын;

– Су ресурстары комитетімен бірлесіп құры­лысы салынып жатқан «Талап-Сырдария», «Жи­делі» топтық су құбырларына қосымша қаржы бөлу;

– ауыз суды Байқоңыр қаласынан сатып алып отырған Төретам, Ақай елді мекендеріне Байқожа топтық су құбырын жеткізудің жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу мәселелерін пысықтасын.

Облыста жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында және жергілікті бюджет қаржылары есебінен жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендер көшелерін дамытуға (77 жоба) 14,2 млрд теңге бөлінді (республикалық бюджеттен – 4 228,0 млн теңге және облыстық бюджеттен – 10 038 млн теңге). Осы қаражатқа жалпы ұзындығы 277,8 км автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін жөндеуден өткізу жоспарланған.

Сондай-ақ, Қызылорда қаласындағы «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалы құрылысы жобасын мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы «BI-Industrial» (БИАЙ-Индустриал) жауап­кер­ші­лігі шектеулі серіктестігі бірлесіп жүзеге асыруда.

Осы орайда, облыс әкімінің орынбасары Серік Жүсіпұлы Сүлейменов, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы (Е.Әбді­қалықов) 2025 жылға дейін облыстағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қана­ғаттанарлық жағдайдағы үлесін 90 пайызға жеткізуге тиісті іс-шараларды жүргізсін;

– облыс аумағындағы республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолына қайта жаңарту (реконструкция) жұмыстарының жобасы 2018-2019 жылдары әзірленіп, 2020-2022 жылдары іске асырылуына тиісті министр­ліктермен бірлесіп жұмыстар жүргізілсін;

– Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары (Е.Әбдіқалықов), ішкі саясат (Т.Маханов) басқармалары бірлесіп, облыстағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының дамытуда атқарылатын іс-шаралар бойынша бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы және телеарналардан бейнероликтердің жүйелі түрде жариялануын қамтамасыз етсін.

Қауіпсіздік тұрмыс сапасының ажырамас бөлігі деп айқындаған Елбасы құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажеттігін айтты.

Мемлекетіміздің тыныштығы мен халқы­мыздың бейбіт өмірі, амандығы – бәрінен қымбат.

Бұл ретте, полиция қызметі – қоғамдағы құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды құрылымдарының бірі.

Осыған байланысты, біз ішкі істер органдарына қажетті жағдайлар мен материалдық-техникалық базасының жақсаруына әрдайым қолдау көрсетіп келеміз.

Өкінішке қарай, кейбір полиция қызметкерлері құқық бұзушылық және  қылмыспен күресудің орнына өздері заң бұзушылықтарға барып, дөрекілік танытып жатады. Тіпті, өздерінің қызметтік мін­деттерін білмейтіні және құқықтарын асыра пайдаланатыны жөнінде «YouTube» интернет кеңістігінен көптеген бейне жазбаларды көруге болады.

Азаматтардың санасында «Полиция» деген ұғым «жазалаушы» деген түсінік болып қалып­тасқан.

Сондықтан, Қайрат Болатұлы, алдағы уақытта қайта аттестациялау кезінде бұл мәселелерге аса назар аудару қажет. Тек, кәсіби деңгейі жоғары, үздік қызметкерлер ғана өз қызметтерін жалғастыруы тиіс.

Өзге дамыған мемлекеттердің тәжірибесін зерделеп, өңірімізге қолайлы болып табылатын жобаларды енгізу жөнінде нақты ұсыныс беріңіз. Қоғамның полицияға деген сенімін арттыруымыз қажет.

Республикамызда жыл сайын 4 миллионнан аса азамат сот процесіне қатысады.

Статистикалық мәліметтерге қарап, Қызыл­орда облысында адам басына шаққанда әрбір бесінші азаматтың сот дауына тартылып, соттасып жүргендігін байқауға болады. Сәйкесінше, бұған қаншама күш, қаражат, уақыт жұмсалады.Сондықтан, артық шығындар мен уақытты талап ететін сот рәсімдерін барынша қысқартуымыз қажет.

Ағымдағы жылы Жоғарғы сот Төрағасы, жерлесіміз Жақып Асановтың қоғамдағы дауларды сотсыз шешу институттарын дамыту жөніндегі ұсынысына сәйкес, біз республика бойынша алғашқы болып «Сотсыз татуласу орталығын» ашу жөніндегі жұмыстарды бастап кеттік.

Осы жоба арқылы қоғамдағы даукестік дең­гейін төмендетіп, қақтығысты шешу мәдениетін қалыптастырып, соттасудағы мәселелерді оңтай­лы жолмен шешуге қол жеткіземіз деген ойдамыз.

Сондықтан, ішкі саясат басқармасына (Т.Ма­­ханов) облыстық сотпен бірлесіп жыл аяғына дейін осы жұмыстың жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырамын.

Биылдан бастап «Сотсыз татуласу орталығы» іске қосылуы қажет.

IV. АЗАМАТТАР СҰРАНЫСЫНА БЕЙІМДЕЛГЕН МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТ

БІРІНШІ. Елбасы атап өткендей, сапа – мемлекеттік қызметші өмірінің жаңа стиліне, ал, өзін-өзі жетілдіру – оның басты қағидатына айналуы тиіс.

Осы ретте, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін тұрақты түрде арттыруға бізде барлық мүмкіндік пен жағдайлар жасалуда.

Бұл процесте бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілерді оқытуға аса көңіл бөліп келеміз.

Бүгінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша біздің облыстан 2 мемлекеттік қызметші шетелдің беделді жоғары оқу орындарында білім алуда. Оның ішінде, облыс әкімі аппараты басшысының орын­басары Ысқақов Руслан Америка­ның Нью-Йорк қаласындағы әлемге та­ны­мал Колумбия (Колумбийский) уни­вер­ситетінде білім алуда.

Одан бөлек, «Болашақ» бағдарла­масы­ның 6 стипендианты мен Мемле­кеттік басқару академиясының 14 тү­легі облыстың жергілікті атқарушы органдарында қызмет атқаруда.

Сондай-ақ, біздің бастамамызбен Ресей Федерациясы Президентінің жа­нындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясымен тығыз әріптестік байланыс орнатылды. Бірлесіп әзірленген арнайы бағдарлама бойынша соңғы 3 жыл ішінде облыстың барлық басшылық құрамы (облыс әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, облыстық басқарма басшылары мен олардың орынбасарлары) сол Академияда «Евроменеджмент» қысқа мерзімді оқу курстарын бітірді.

Қазіргі таңда 9 қызметкеріміз осы оқу орнында магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша білім алуда.

Ендігі кезекте, Мемлекет басшысы­ның тапсырмасына сәйкес, Мемлекеттік басқару академиясы мен Назарбаев Университеті бірлесе отырып, «Жаңа формациядағы басшыларға» арналған арнайы курстар өткізетін болады.

Өздеріңіз білетіндей, осы жылдың басынан бастап республикадағы 4 мем­лекеттік органда (Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Әділет министрлігі, Маң­ғыстау облысы мен Астана қаласының әкімдіктері) пилоттық жоба ретінде еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілді. Жаңа жүйеге сәйкес аталған мемлекеттік органдардағы жалақы көлемі 2-2,5 есеге дейін ұлғайды. Келесі жылдан бастап, бұл жүйе біздің облыста да енгізілетін болады. Бұған жауаптылар – облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Дос­майылұлы Ысқақов, аппарат басшысы Марат Нұрсайынұлы Делмұханов, эконо­мика және бюджеттік жоспарлау (м.а. Н.Қордабай), қаржы (Т.Жақыпбаев) басқармалары.

Қазіргі таңда, жалақы көлемін көте­ру­мен қатар, мемлекеттік органдарды оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде.

Облыс әкімінің орынбасарларына, әкімдерге және басқарма басшыларына оңтайландыру жұмыстарын тиімді атқаруды міндеттеймін. Тиісті ұсыныс­тарыңызды енгізіңіздер!

ЕКІНШІ. Күрделі кезеңде бөлінетін әрбір теңгенің қайтарымының мол болуы­на қол жеткізу керек.

Өздеріңіз білесіздер, облыстың қор­да­ланған, түйткілді мәселелерін шешу үшін республикадан қомақты қаржы тар­­ту оңай шаруа емес! Біз әрдайым өз­де­ріңізбен бірлесіп, шешімін табуды қажет ететін проблемалық мәселелерімізді дер кезінде сараптап, Үкіметке ұсынып отырамыз.

Нәтижесінде, біздің дәлелді-дәйек­терімізге қарай қажетті қаражаттар бө­лі­ніп отыр. Дегенмен, қолданыстағы мемле­кеттік сатып алу процеду­ралары­ның жетілдірілмеуі – біздің кейбір жобаларымызды уақытылы іске асыруға кері әсерін тигізетіні жасырын емес.

Сондықтан, менің тапсырмаммен Үкіметке тиісті ұсыныстар берілді. Қазір Парламентте мемлекеттік сатып алу туралы Заңның жобасы қаралуда. Оған біз ұсынған нормалар да енді.

Осы орайда, облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақов, мемлекеттік сатып алу басқармасы (Ж.Ер­сейтова) бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғастырылуы тиіс. Ол үшін Қаржы министрлігімен әзірленетін Ережеге саланың жұмысын жетілдіруге бағытталған өз ұсыныстарымызды енгізу қажет.  Бақылауға алыңыз!

Елбасы айтқандай, осы күрделі ке­зеңде әрбір теңге тиімді жұмсалуы және нақты нәтижеге қол жеткізілуі тиіс.

Мен әрдайым айтып жүремін – қы­руар еңбекпен келген қаржыны мақсатты әрі сапалы игеру және жұмысты тиімді жоспарлау бірінші басшылардың жеке жауапкершілігінде.

Тағы да қатаң ескертемін!

Жүктелген міндеттеріңізге жауапкер­шілік танытып, бюджет қаражатын тұр­ғын­дардың нақты қажетіне бағыттау керек. Барлық әкімдерге, облыстық бюд­жеттік бағдарлама әкімшілеріне өзде­ріне тапсырылған жұмысты жоғары деңгейде атқаруды міндеттеймін.

Талап етемін!

ҮШІНШІ. Сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатын болады.

Елбасы атап өткендей, бүгінде жер қатынастары мен құрылыс  салалары – бизнес өкілдері мен жеке тұлғаларды жиі мазалайтын сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары мемлекеттік қызметтер болып отыр.

Бұл бағытта біз әкімшілік кедергі­лерді азайту мақсатында мемлекеттік қыз­меттерді автоматтандыру мен оңтай­ландыруды қолға алдық.

Осы орайда, жақында ғана облыстық цифрлық технологиялар басқармасы құ­рылды. Арнайы осы саланың маманы ретінде облыс әкімінің кеңесшісі тағайындалды.

Басқарма өңір экономикасының түр­лі салаларына заманауи технология­ларды ендірумен қатар, мемлекеттік қыз­мет көрсету сапасын арттырумен тікелей айналысатын болады. Жолдауда айтыл­ғандай, 2019 жылы мемлекеттік қыз­меттердің 80 пайызы электронды форматқа көшуі тиіс.

Бүгінде жергілікті атқарушы органдармен көрсетілетін 195 қызметтің 94-і (48%) «электронды үкіметтің» веб-порталы арқылы көрсетілуде.

Ал, ағымдағы жылдың 8 айында көрсетілген 1,8 млн жалпы қызметтің 40 пайызы ғана (698 мың) электронды қызметтердің үлесін құрап отыр.

Дегенмен, әлі де халыққа түсіндіру жұ­мыстары аз, тұрғындардың компью­терлік сауаттылығын барынша арттыру қажет.

Өткен жылдан бастап, сыбайлас жем­қорлық тәуекелін азайту мақсатында, Кәсіпкерлерді қолдау орталығы арқылы коммуналдық қызметтерге (электр, газ, су, жылу құбырлары) техникалық шарт­тар алудың онлайн механизмі іске қо­сылды. Яғни, кәсіпкерлерге техни­ка­лық шартты монополиялық құрылым­дарға бармай-ақ, 3 күннің ішінде электронды түрде алу мүмкіндігі жасалды. Бүгінгі кү­ні 350 онлайн-техникалық шарт ұсы­нылды.

Сонымен қатар, жер қатынастары бой­ынша «мемлекеттік қызметтердің рег­ла­менттерін» бекіттік. Нәтижесінде жер­ді рәсімдеу мерзімі 3,5 есеге қысқар­ды.

Қазір, аукцион арқылы жер учаскесін сатып алу қызметін электронды формат­қа көшіру жұмыстары басталып кетті.

Атап өтетін жайт, өңіріміз жер саласын цифрландыру бойынша «пилоттық облыс» ретінде айқындалды. Осының аясында кәсіпкерлік және туризм (Б.На­маев), цифрлық технологиялар және жер қатынастары (Д.Бултанов) басқар­маларына «жер саласын цифрландыруды» жалғастыру және «жер қоры туралы қолжетімді ақпарат қамтылатын базаны құруды» тапсырамын.

Негізгі міндетіміз – көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясында мемле­кеттік қызметшілердің тұрғындар­мен тікелей қарым-қатынасын азайтуға қол жеткізу. 

Облыс әкімінің кеңесшісі Алменова Ақма­рал Байжанқызына, Цифрлық технологиялар басқармасына (Д.Бултанов) электронды қызмет­терді автоматтан­ды­ру мен олардың үлесін артты­руға қа­тысты тиісті шаралар кешенін жүргізу­ді тапсырамын.

Облыс әкімінің орынбасары Евгений Германович Ким, осы жұмыстарды үйлестіру Сізге тапсырылады.

V. ТИІМДІ СЫРТҚЫ САЯСАТ

Елбасы Жолдауында тапсырылған тиімді сыртқы саясат орнату мәселесі облысымызда жүйелі жүзеге асуда. Бұл бағытта, 2013 жылдан бері «Baikonyr Invest» Халықаралық инвестициялық форумын ұйымдастырып келеміз. Осы кезге дейін ұйымдастырылған 9 форумның аясында өңір экономикасына 100 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды.

Сыртқы байланыстарды дамыту мақ­сатында атқарылған жұмыстар нә­ти­жесінде Қызылорда облысы мен Ресей (оның ішінде Татарстан), Қытай, Ұлыбритания, Түркия, Өзбекстан, Иран, Франция, Болгария, Жапония, Корея және т.б. мемлекеттер арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық орнаған. Оған қоса, облысымыз Еуропа қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Ислам және Бүкіләлемдік даму банкі сияқты бірқатар халықаралық қаржы ұйымдарымен де тығыз байланыста.

Осы ретте, аймақта Қазақстан-Қы­тай қарым-қатынасы аясында 3 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олар алдында айтып кеткен тампонажды цемент, шыны және кальцийлендірілген сода өнімдері зауыттары. Сондай-ақ, облыста халық тұтынатын тауарлар, азық-түлік, құрылыс заттарын шығару бойынша Түркиямен 3 жоба, Ресеймен 2 жоба және британиялық 1 жоба жүзеге асырылуда. Бұл Жолдауда атап көрсетілген экспорттық әлеуетімізді арттыру тұрғы­сынан ғана емес, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру үшін де маңызды қадамдар болып табылады.

Сонымен қатар, жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытында өңірімізде француз және болгар компанияларымен күн электр станциясын салу жобасы бойынша жұмыстар басталды.

Ендігі кезекте цифрлық технология бойынша Азияның Жапония, Корея секілді алдыңғы қатарлы елдерінен және жаңартылатын энергия көздері бойынша Еуропаның Норвегия, Финляндия секілді дамыған елдерінің компанияларын облысымызға тартып, озық технологияларды енгізу бойынша белсенді жұмыс атқару қажеттілігі туындап отыр. Осыған орай:

1. Облыс әкімінің орынбасары Ким Евгений Германовичке, облыстық ин­дуст­риялық-инновациялық даму басқар­масына (Р.Сұлтангереев) алдағы қараша айында өткізілетін Х «Baikonyr Invest» Халықаралық инвестициялық форумын «Жасыл экономика» тақырыбына арнау­ды тапсырамын. Осы орайда, форум секцияларында баламалы энергетика, жаңа материалдар, биомедицина, үлкен деректер, заттар интернеті, жасанды интеллект, блокчейн және басқа да бағыттарды қамту қажет.

2. Облыс әкімінің орынбасарлары Серік Са­лауатұлы Қожаниязов, Cерік Жүсіпұлы Сүлей­менов өздері жетекшілік жасайтын тиісті басқар­малармен (облыс­тық ауыл шаруашылығы, табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу, жо­лаушылар көлігі және ав­то­мобильдер жолдары, энергетика жә­не тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық, құрылыс, сәулет және қала құры­лысы басқармалары) бірлесіп, форум жұ­мысына әр салаға кем дегенде 1 шетелдік инвестордан тартуды тапсырамын.

3. Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне өңдеу өнеркәсібіне инвестиция салатын, экспортқа бағытталған және импортты алмастыратын өнеркәсіп ашу мақсатында кем дегенде 1 шетелдік компанияны инвестиция салу үшін тартуды тапсырамын.

Бұл ретте, әр қала, аудан әкімдік­терінің жә­не басқарманың жұмысы жыл қорытынды­сымен салаға тартылған инвестиция көлемімен баға­ланатындығын ескертемін.

VІ. ӘРБІР ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫҢ ЕЛІМІЗДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР ҮДЕРІСТЕРІНЕ АТСАЛЫСУЫ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғы­ру» бағдарламалық мақаласы Мәңгілік еліміздің мақсат-мұратын жү­зеге асырудың түп негіздерін, рухани жаң­ғыруымыздың негізгі бағыттарын ай­қындап берген ұлт жадының тұжы­рымдамасы болды.

Бағдарламаны жүзеге асыру мақса­тында аймақта жыл басынан 164 ауқым­ды шаралар өткізіліп, жергілікті бюджеттен 602,9 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда 314,2 млн теңге игеріліп, меценаттар демеушілігімен 11,8 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсалды.

Тың жобалардың қатарындағы Қазақ Орталық атқару Комитетінің (КазЦИК) ғимараты үлгісіндегі қалалық музей мен «Рухани жаңғыру» орталығы пай­далануға берілді.

Облыстық «Рухани жаңғыру» орта­лығы қоғамдық сананы жаңғыртуға ба­ғытталған 105 ауқымды шара өткізіп, бағдарламаның басым бағыттарын наси­хаттауға белсенді атсалысты.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының бірінші кезеңі жүзеге асырылып, облыс бойынша 12 ескерткіш жалпыұлттық, 35 ескерткіш өңірлік маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енгізілді.

Үстіміздегі жылы ортағасырлық Сы­ға­нақ, Жан­кент, Қышқала, Сортөбе, Бәбіш мола қалашық­тарына археоло­гиялық зерттеулер жүргізілді. 3 нысан (Қалжан ахун мешіт-медресесі, Мырзабай ахун, Марал ишан кесенелері) рес­таврациядан өткізілді.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша Қызылорда облысының та­рихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы интерактивті картасы әзір­леніп, облыс аумағындағы 150 ес­керт­кішке QR-код тақтайшалары орнатылуда.

ЮНЕСКО-ның материалдық мұра­лар­дың алдын ала тізіміне Қызылорда облысы бойынша 9 нысан (Сығанақ, Жанкент, Бәбіш мола, Кескен күйік, Жент, Шірік-Рабат, Баланды қалашықтары, Же­тіасар мәдениет ескерткіштері және Сауыс­қандық петроглифтері) енгізілді.

Сондай-ақ, Қорқыт ата мұраларын материалдық емес мәдени мұралар ті­зіміне енгізу үшін тиісті құжаттамалары Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияға тапсырылды.

Сонымен бірге, «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша «Рухани жаңғыру» орталығы (Н.Мыңжас) дене шынықтыру және спорт басқармасымен (О.Акимов) бірлесіп ауылдық жерлерде спорттық кешендер, дене шынықтыру алаңдарын салу және оны білікті мамандармен қам­тамасыз ету мақсатында меценаттар тарт­сын;

Мәдениет, архивтер және құжаттама басқар­масы (М.Әбуова):

– Білім (М.Мелдебекова), кәсіпкерлік және туризм (Б.Намаев) басқармалары­мен бірлесіп, мектеп туризмін дамыту, сабақтан тыс бос уақытын тиімді өткізу мақсатында өңіріміздің тарихи-мәдени ескерткіштерімен, қоршаған ортамен та­нысу үшін «Өз жеріңді танып біл!» ту­ристік экспедициясы жобасын жүзеге асырсын;

– Тарихи-мәдени ескерткіштерге архео­логиялық зерттеу жұмыстарын жал­ғастырсын;

– Жастардың рухани-мәдени деңгейін көтеру, оларды театрға, музейлерге, клуб ұйымдарына тарту мақсатында уақыт талабына сай креативті жұмыс түрлерін кеңейту, Сыр бойындағы зор әлеуетке ие дәстүрлі өнер түрлерін одан әрі жетілдіре түсіп, әлемдік кеңістікке шығару және таланттарымыздың рухани бәсекелестігін өркендету үшін олардың шетелдердегі түрлі фестивальдар мен байқауларға қатысуына қолдау көрсетсін;

– Дәстүрлі ұлттық өнерімізді ұлықтап, мәңгілік мұра етіп қалдыру және мәдениет пен өнер саласына кәсіби маман даярлау мақсатында Қазақ дәстүрлі өнер академиясын ашу бағытында кешен­ді жұмыстарды жалғастырсын.

Өздеріңіз білесіздер, Елбасымыз Жол­­дауда жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік сая­сат­тың басымдығына айналуға тиіс деп атап өтті.

Ол үшін жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыруды тапсырды.

Ал, келер жылды «Жастар жылы» деп жариялауы – облыс тұрғындарының 25 пайызын (190 мың) құрайтын Сыр жас­тары үшін де үлкен қуаныш. «Жастар жылын» жоғары деңгейде атап өтуге бізде тәжірибе де, барлық мүмкіндік те бар.

Бұған дейін де Біз жастар саясатында бірқатар оң нәтижелерге қол жеткіздік. Соңғы 5 жылда мемлекеттік жастар сая­сатын жүзеге асыруға бағытталған әлеуметтік жобаларды қаржыландыру көлемін 71 млн-ға дейін арттырдық.

Республикада алғашқылардың бірі болып «Қызылорда облысының мемле­кеттік жастар саясатын дамытудың 2021 жылға дейінгі Жол Картасын» бекіттік. Қазір бұл жоба Үкіметпен енгізілген NEET санатындағы жастармен жұмыс жасауға арналған Картаға бейімделіп, дамытылуда.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес аймақтағы 15-28 жас аралығындағы NEET санатындағы жастардың үлесі 8,3% құрайды (2014 жылдың осы кезеңінде 12,0% құраған).

Бұл көрсеткіш екінші тоқсан (9,3%) қорытындысымен 1 пайызға төмен­дегенімен, әлі де болса оны барынша төмендетудің нақты шараларын қабыл­дауды қажет етеді (республикалық көр­сет­кіш – 7,7%).

Облыс бойынша 16-28 жас аралы­ғындағы жастардың жұмыс күші 110,3 мың адамды құраса, соның ішінде жұмыспен қамтылған жастар – 105,6 мың  адам. Жұмыссыз жастар саны – 4,7 мың адамды құрады.

Жастар арасындағы (15-28 жас)жұмыссыздық  деңгейі  – 4,3%. Осыған сәйкес, жыл сайын еңбек нарығындағы сұраныстар мен қажеттіліктерді анық­тауға мүмкіндік беретін еңбек ресурстарының балансы жаңартылады. Нәтижесінде жыл сайын еңбек нарығына Жоғарғы және арнаулы оқу орындарынан 9 мыңнан аса түлек (2018 жыл бойынша ЖОО-5047, орта арнаулы оқу орындары – 4769) дайындалса, есесіне мектептерден 5 мыңнан аса оқушы бітіреді (барлығы 14 мыңнан аса адам).Сондықтан, бұл бағытта да шұғыл шаралар қабылдау аймақтағы жастар саясатында негізгі басымдық беретін басты ұстанымдардың бірі болуы тиіс.

Біз 2014 жылдан бастап мектеп түлектерін мақсатты түрде үздік отандық  және ресейлік жоғары оқу орындары мен колледждерге жіберіп келеміз.

Үстіміздегі жылы алғашқы 74 жас маман Ресейдің маңдайалды инженерлік оқу орын­дарының дипломдарын алып, елге оралды, қызметтерін бастады.

Жыл сайын 100 дарынды әрі талапты ауыл балалары, оның ішінде, аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан жастарды еліміздің белді жоғары оқу орнына облыс әкімінің грантымен оқуға жолдаудамыз. Биылғы жылы оқу грантының санын 100-ден 200-ге дейін немесе 2 есеге ұлғайттық. Осылайша, бүгінгі таңда грант иегерлерінің саны 878 адамға жетті.

Облыстық жастар ресурстық орталығымен қатар, қала, аудандарда да орталықтар құра отырып, жастармен жұмыс жасаудың жаңа моделіне көштік (Ұлыбритания тәжірибесінде).

Облыс жастарына бір терезе қағидаты бойынша қызмет көрсету мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік те­тік­терін пайдалана отырып, жаңадан бой көтерген Сырдария өзенінің сол жағалауында Жастарға қызмет көрсету орта­лығының құрылысын бастадық (1,4 млрд теңге), келер «Жастар жылы» аясында оны пайдалануға беретін боламыз.

«Жастар жылына» байланысты алдағы жылы бүкіл түркі еліне ортақ тұлға – Қорқыт бабамыздың мәңгілік мекен тапқан аймағы Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалдық кешенінде «Түркі халықтары жастарының Фести­валін» өткізу, Қызылорда облысы туризмін республиканың белсенді жас­тарына насихаттау мақсатында «Жас Отан» Жастар қанатының «Жастар – Отанға!» республикалық лагерін Қамбаш көлі басында өткізу, Елбасы Жолдауында атаған ауылды әлеуметтендіруде ауылға жас мамандарды тарту мақ­сатында екі мәрте Социалистік Еңбек ері Ы.Жақаев мекені ретінде Қызылорда облысында «Жастар – ауылға!» ұранымен республикалық ауыл жастары слетін ұйымдастыру ұсынылуда.

Осыған сәйкес, облыс әкімінің орын­басары Руслан Рүстемұлы Рүсте­мов, жастар саясаты мәселелері басқар­масына (Қ.Жанұзақов), облыстық бас­қар­малар, Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, 1 ай мерзім ішінде облыста «Жастар жылын» атап өтудің кешенді жоспарын әзірлеп, бекітуге енгізуді;

– «Жастар жылы» аясында жаңа ба­ғытта өткізілетін шаралар мен жоба­лардың бюджеттік өтінімдерін әзірлеп, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына ұсынуды;

– сәйкесінше, экономика және бюд­жет­тік жоспарлау басқармасына (м.а. Н.Қор­дабай) ұсынылған бюджеттік өті­нім­дерді қолдау шараларын қабыл­дауды тапсырамын;

– кәсіпкерлік және туризм (Б.Намаев), жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар (Т.Дүйсебаев) бас­қармалары жастар кәсіпкерлігін дамыту арқылы жұмыссыз жастардың жұмыспен қамтылуына ықпал етіп, өз кәсіптерін ашуына, кәсіби қайта бағдарлануын қамтитын шаралар қабылдасын;

– аудан әкімдері жергілікті жерде жас­тар мәсе­лелерін қолдаудың белсенді шараларын қабылдасын.

Құрметті жиынға қатысушылар!

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айт­қандай, Тәуелсіз Еліміз үшін «ең басты құн­дылық – тұтастық!»

Қазақ елі тегінде бар тектіліктің, қанында бар қасиеттің, ұрпақтан-ұрпақ­қа жалғасар ұлттық идеологияның алтын тамырына сызат түсірмей, әлем алдындағы абыройын сақтап отыр.

Олай болса, біз «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» отырып, «жұ­мылған жұдырықтай» қалпымызбен  Елбасының алға қойған міндеттерін бірлікте жүзеге асыруға тиіспіз.

Ынтымағы жарасқан елдің ырыс-берекесі де мол болмақ. Осы жолдағы баршамыздың еңбегіміз нәтижелі, халқымыздың несібесі көп болсын!

Алда талай биік белестерді ауыз­біршілікпен бағындыра берейік!

Еліміз еңселі, Елбасымыз аман, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!

Рахмет!

Облыс басшысының баяндамасынан кейін әртүрлі сала мамандары Елбасы Жолдауында көтерілген мәселелерге орай пікір білдіріп, бастамаларға үн қосты. Берілген тапсырмалардың орындалуына, межеленген міндеттердің іске асуына үлес қосуға әзірліктерін білдірді.    

М.Өтеев, «Сыр маржаны» ЖШС директоры: –  Елбасы биылғы Жолдауында заманауи технология мен озық тәжірибелерді қолдана отырып, ауыл шаруашылығы саласында  еңбек өнімділігін, экспорт көлемін арттыру туралы мәселе көтерді. Бұл міндетті орындауға қомақты қаржы бөлу жөнінде Үкіметке тапсырма берді.

Қазір біз күріш егуді, одан жо­ғары өнім алуды меңгердік. Дегенмен, соңғы жылдары егістікті әртараптандырып, күріштен басқа дақылдардың көлемін арттыруға ден қойдық. Бұл бізге алатын өнімнің түсімін көбейтіп, мал азығын әзірлеуге мүмкіндік беріп отыр. Мал басы көбейіп, бордақылау алаңдары салынуда. Енді Жолдауда айтылғандай мал өнімдерін өңдеп, шетелдерге сату үшін заманауи ет комбинатын салу жоспарланған. Құрылыс бас­талды. Алдағы жылы комбинат іске қосылады.

Елбасы кәсіпті өркендетуде шет­елдік озық тәжірибелер мен технологияларды пайдалану туралы  айтып келеді. Жақында Жапон елінде болғанымда өнім сапасы жоғары, ол терең өңделіп, тұтынушыға ұсы­нылатынын байқадым. Ендігі жоспарым – келесі жылы жапондық технология бойынша күрішті ерте көктемде жылыжайда егіп, арнайы техникамен көшеттеп отырғызу. Бұл тәжірибе Қазалы ауданында күріштің өсу кезеңін қысқартуға, суды үнемдеуге және егінді шығынсыз жинап алуға мүмкіндік береді.

Елбасы Жолдауындағы бастамалар шаруаларды ерекше  ынталандырып, жаңа жетістіктерге жетелеп отыр.

А.Махамбетов, облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы: – Елбасы Жолдауы бизнес қауымдастығы көптен күткен үмітті ақтады. Бір сөзбен айтқанда, биылғы Жолдау – бизнестің Жолдауы болды. «Форбс Қазақстан» интернет-ресурсының зерттеулеріне қарағанда, бизнестегі  басты кедергі – екінші деңгейлі банктер тарапынан қаржыландырудың жоқтығы. Енді бұл бағытқа Елбасы тапсырмасымен 600 млрд теңге бөлінетін болды. Ең төменгі жалақының өсуі сұраныстың да өсуіне әсер етеді.

Мемлекет басшысының әсіресе, салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізуге тапсырма бергені мені және әріптестерімді қуантты. Тағы бір кедергі – сыбайлас жемқорлық. Оны  төмендетудің ең төте жолы – цифрландыру. Қазір бұл бағытта көп жұмыс атқарылуда.

Жолдауда атап көрсетілген «Биз­нестің жол картасы» бағдарламасы мерзімінің ұзаруы, оған жыл сайын 30 млрд теңге қаржы бөлінуі кәсіпкерліктің кең қанат жаюына қызмет етеді. 

Н.Әмитов, облыстық медицина орталығының директоры: –  Елбасы Жолдауының басты бағыты – адами капиталды арттыру. Сондықтан Үкіметке « 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажет» деп тапсырма беруі осының дәлелі.

Медициналық қызмет сапасы – халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті. Осы салада 30 жылдан аса жұмыс істегендіктен және облыстық мәслихат депутаты болғандықтан, елмен етене араласамын. Соңғы жылдары барлық аудандық емханалар жаңартылып, апатты жағдайдағы аудандық ауруханалар, барлық елді мекендердегі дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық бекеттердің салынуы жүйелі жұмыстардың атқарылғанын көрсетеді. Қазір денсаулық сақтау саласында алғашқы медициналық-санитарлық көмекке басымдық беріледі. Аймақтық дәрігерлердің жүктемесі азайып, науқастардың  сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігін кеңейту үшін дәрігерлік аймақтағы халық саны төмендетіліп отыр. Бұл сапаның көтерілуін, қолжетімділікті арттырады.

Елбасының алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсыруы мамандардың мәртебесін биіктетуге жасалған қадам деп білеміз.

Облыстық медицина орталығында 1500-ге жуық қызметкер жұмыс атқарса, оның 200-ден астамы дәрігерлер. Біз ішкі мүмкіндіктерді пайдалана отырып, Байқоңыр филиалында еңбек ететін қызметкердің еңбекақысын өсірдік.

Елбасының ауруханалар мен ем­ха­налардың медициналық құ­жат­тар­ды қағазсыз, яғни цифрлық форматта жүргізу туралы тапсыр­масы толық орындалады. Компью­терлік сауаттылық және ақпа­раттық жүйелерді игеру бойынша қызметкерлер оқытылды. Қазір облыс­тың емдеу мекемелері дәрігерлік консилиум жасауға мүмкіндік беретін телемедициналық жүйеге қосылған. Саланы цифрландыру уақытты үнем­дейді, қағазбастылықтан арылтады.

 Ж.Смаилова, Санкт-Петербург мемлекеттік технологиялық өсімдік полимерлер университетінің тү­легі, «СКЗ-U» күкірт қышқылы зауытының инженер-технологы: – Мен қазіргі сұранысқа ие инженер-технолог мамандығы бойынша диплом алып, туған жерде еңбек жолымды бастадым.  Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша ашылған күкірт қышқылы зауытында жұмыс істеймін. Елбасы жастар мәселесін ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Биылғы жаңалық – алдағы жылдың «Жастар жылы» болып жария­лануы. Бұл бастама жас мамандарға елдің дамуына, Жастар жылына өз үлесімізді қосуға мүмкіндік береді. Мен атаулы жылдың айшықты өтуіне атсалысатыныма қуандым. 

Ұлт көшбасшысы жастармен бір кездесуінде халықаралық бәсекеге төтеп бере алатын жастарды қолдау туралы айтты. Жас мамандар қолдау мен қамқорлықты сезіне отырып, бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастырудың жаңа көшін бастауға, еліміздің Мәңгілік ел болуы­на қызмет етуге дайынбыз. Өйткені, біз жаңа заман шақыруларына әрдайым әзірміз.   

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы».

Суреттерді түсірген

Бағдат ЕСЖАНОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<