Инвесторларды қолдаудың игі қадамы

367

0

Форум аясында жаңартылатын энергия көздері бойынша жобаларды енгізу мәселелері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы энергия тиімділігі, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру барысында өткен секция жұмысына облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов қатысты.
«Жасыл» экономиканың бағыты көп. Қазақстан «жасыл» экономикаға өту жолын 2013 жылы бастады. Сол уақытта арнайы тұжырымдама қабылданып, негізгі жұ­мыс бағдары анықталды.
Секция жұмысына қатысқан мем­лекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Абзал Мұхимов экономикалық идеялардың алға жылжуы үшін инвестиция қажеттігін атап өтті. Ал, сол инвестицияны елімізге алып келетін және еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосатын, әрине, инвесторлар. Сондықтан елімізде инвесторларды қолдау, олардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау бойынша шаралар қабылданып жатыр.
– Алайда, сырттан келетін инвес­торлар кез келген мемлекетте, біз­дің елімізде инвестициялық жоба­ны жүзеге асыру барысында бір­неше тәуе­келдерге, әкімшілік ке­дер­гі­лер­ге кездесуі ықтимал. Осы­ған сәй­кес біз инвесторларды болуы мүмкін түрлі тәуекелден жан-жақты қорғауы­мыз қажет. Агенттік қолайлы инвес­тициялық климатты нығайтуға ба­ғыт­талған алдын алудың тиімді тетік­­терін белсенді пайдалану мінде­тін анық­тайтын инвесторлардың құқық­тарын қорғау жөніндегі жоба әзірледі. Агенттік төрағасы мен Ұлттық бюро департаменті жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлікті және инвестицияларды дамытуға жан-жақты көмек көрсетуге тапсырма берді, – деді А.Мұхимов.
Жәңгір хан атындағы Батыс Қа­зақстан аграрлық-техникалық уни­вер­ситетінің инжиниринг және ресурс­тарды үнемдеу ғылыми-зерттеу инс­ти­тутының директоры Сәрсенбек Мон­таевтың айтуынша, қазір «жасыл» экономика, «жасыл» технология және «жасыл» құрылыс, шикізаттарды үнемдеу, энергетика бағытында он­ға жуық ғылыми жоба бар. Уни­вер­ситеттің инжиниринг және ресурс­тар­ды үнемдеу ғылыми-зерттеу инс­­ти­­тутында осы жобалар жүзеге асы­ры­луда.
– Солардың ішінде Сыр өңіріне жарамды жобалардың бірі – шыны қалдықтарын қайта өңдеп, жылу сақ­тағыш, отқа төзімді материал көбік­ті шыны (пеностекло) шығаруды жүзеге асыруды қолға алып отырмыз. Көбікті шынының пайдасына келетін болсақ, ол жанбайды, жылу сақтағыш қасиеті өте жоғары және ұзақ мерзімге шыдайды, экологиялық тиімділігі өз алдына бөлек әңгіме. Су сіңірмейді, аязға төзімді. Сонымен қатар, мұнай өндіретін өңірде мұнай қалдықтарын өңдеу мәселесі туындайды. Өйткені мұнай қалдықтары мұнайшыларға қажет емес, сондықтан полигондарға көміледі. Мұнай жинайтын сыйымдылықтардың түбінде де шөгінді қалады. Бірақ оны тазалау қиын. Онда «қара алтынды» суынан бөлектейді, түбінде қалатын ауыр фракциялар кәдеге асырылмайды. Ол да мұнай, бірақ құрамы қою, жану қасиетіне ие. Оны мұнайшылар «қалдық» деп атайды. Қалдық жанғанда энергия бөледі. Бізде құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындары энергияны көп пайдаланады. Мысалға, кірпіш зауыттары газды пайдаланады. Керамзит өндірісінде өнім шығаруға соляр майы, көмір қосылады. Осы жобада мұнай қалдығын керамзит, керамикалық кірпіш өндірісіне пайдалану жоспарланған, – деді ол.
Одан кейін «Қалалық мекемелерде энергия тиімділігін арттыру тәжірибесі: Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының нәтижелері мен ұсыныстары» тақырыбында БҰҰ Даму бағдарламасының жобалар менеджері Александр Белый,  «Қазақстан Рес­публикасында күн энергетикасын дамытудың келешегі» тақырыбында «Авелар Соло Технолоджи» компания­сының бас директоры Игорь Шахрай баяндама жасады. Секциялық жұмыс соңында сұрақтар қойылып, ой-пікірлер ортаға салынды.

Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<