Көпшіліктің қызығушылын тудырған көрме

384

0

Көпшіліктің қызығушылын тудырған көрме Қызылорда облысының әкімдігі мен Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігінің ұйымдастыруымен Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы көркемсурет галереясында «Фирдоусидің Шахнамасы Тұрмағамбет Ізтілеуұлының туған жерінде» атты көрмесінің ашылу рәсімі өтті.
Шараға Қызылорда облысының зиялы қауым өкілдері, өнер қайраткерлері, студенттер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Көрменің мақсаты – Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы мәдени-тарихи байланысты нығайту, өзара ынтымақтастықты дамыту.
Көрменің ресми ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов аталмыш көрменің көршілес өңірлердің өзара мәдени-тарихи байланысының ілгерілеуіне із қалдыратынын, тарихымызды еске алып, болашаққа байлам жасаудың тамаша көрінісі екенін атап көрсетті.
Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі Масуд Шейх Зейнеддин қазақ елінің қонақжайлығына ризашылығын білдіре отырып, екі мемлекет арасындағы мәдени байланыстардың маңызына тоқталып, бүгінгі мәдени және рухани байланыстың екі ел арасындағы мәңгі достықтың бекем негізін қалайтындығын айтып өтті.
Көрмеге «Шахнаме» шығармасының қазақша нұсқасы, шығарманың мазмұнын сипаттайтын суреттер, орыс тіліндегі Иран жазушы, ақындарының шығармалары қойылды. Сонымен қатар, көрмеге келушілер ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатырған жануарлардың сүйегі тұріндегі мозайкалардан тұратын әртүрлі ағаштардан жасалынған қобдишалар, түрлі сюжетті композициядан тұратын тағамдар, ерте кезеңдегі технологиямен жасалынған дастархан т.б заттар арқылы Иран елінің мәдениетімен таныса алды.
Иран Қазақстанның тәуелсіздігін мойындап, Қазақстанда елшілік ашқан алғашқы мемлекеттердің бірі. Иран Ислам Елшілігінің Қазақстандағы мәдени орталығы өз қызметін 22 жыл бұрын бастаған. Орталықтың бас кеңсесі елордаға 8 жыл бұрын көшіп келіп, өнер, мәдениет, ғылым және білім саласында тығыз жұмыс жасауда. Біздің қарым-қатынасымыз экономика, саясат, көлік, сауда бағытында дамуда.
Екі мемлекет арасындағы сенімнің жоғары деңгейін, өзара түсіністік пен қолдау дәстүрлерін, Қазақстан-Иран ынтымақтастығының сындарлы үлгісін ашып көрсететін көрме материалдары көпшіліктің қызығушылын тудырды. Көрмеге барлығы 82 зат қойылды, оның 30-ы картина.

Көрме 28 мамыр-6 маусым аралығында дейін жұмыс жасайды.
Жұмыс уақыты: сағат 9.00-дан 19.00.
Көркемсурет галереясы
Мекен-жайы: И.Тоқтыбаев №2 тұйығы құрылым №1

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<