КҮРЕ ЖОЛДЫҢ БОЙЫНДА КӘСІП ТЕ КӨП

745

0

КҮРЕ ЖОЛДЫҢ БОЙЫНДА КӘСІП ТЕ КӨП Батыс пен шығысты жалғап жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің салынуы елімізге орасан зор пайда әкелуі тиіс мегажоба боп есептеледі. Өйткені жол болса, өңірлердегі экономиканың дамуы қарқын алады. Ішкі-сыртқы сауда дамиды. Жұмыс орындары ашылады. Отандық рынокта ғаламдық көлік компанияларының шоғыры қалыптаса бастайды. Көлік кешені дамып, халықаралық байланыс күшейеді.

Бес ғасырдан соң Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту ісіне 35 мың адам араласты. Жалпы ұзындығы 8445 шақырым болатын күре жолдың 2787 шақырымы Қазақстанның бес өңірін бойлай өтіп жатыр. Ең бастысы, ол 40 күндік теңіз жолын 4 есе қысқартты. Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, былтыр еліміз бойынша автодәліз арқылы жүк айналымы 600 мың тоннаға жетті. 2020 жылы бұл көрсеткіш 33 млн тонна шамасында болады деген болжам бар.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы Қызылорда облысының да транзиттік әлеуетін және экономикасын арттыруға айтарлықтай үлес қосып үлгерді. Жоба аясында 9 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Күре жол бойында көлік қатынасы күшейді. Сөзіміздің дәлелі – 2016 жылы оның үстімен күн сайын 3 мың көлік жүрген болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 5 мыңға жетті. Қазіргі күні күре жол арқылы облыс аумағынан тәулігіне 9 мыңға жуық темір тұлпар қатынайды, соның 800-ден астамы – жүк көліктері. Тақтайдай түзу, айнадай жалтыраған жолдың бойында орналасқан сервистік кешендер саны да уақыт өткен сайын артып келеді. Ауқымды жоба аясында 41 кешен салу жоспарланса, бүгінге дейін соның тең жартысына жуығы іске қосылды.

Қармақшылық жеке кәсіпкер Әли Рагибов – жол бойында алғаш болып бизнес бастағандардың бірі. ІІІ Интернационал ауылының маңындағы «С» санатты «Ақ­сарай» кешенінің құрылысы былтыр ма­мырда басталып, жыл аяғына таман пайдалануға берілді. Кешенде 120 орындық тамақтану орны, 50 орындық кафе-бар, қонақүй, дүкен, монша, автокөлік жөндеу және жуу орталығы, автотұрақ пен эстакада, жазғы демалыс орны, жылыжай және газ құю бекеті орналасқан. Жалпы құны 350 млн теңгені құрайтын кешенде қазіргі күні 25 адам жұмыс істейді. Олардың барлығы – ІІІ Интернационал ауылының тұрғындары.

– Ағайын-туыстың көмегімен басталған кәсіп ақырын алға жылжып келеді. Тасжол ашылғалы бері көлік ағыны көбейді. Күн сайын бұл жерге орта есеппен 80-90 адам аялдайды, – дейді кешен иесі.

Жыл басында Қызылорда қаласының іргесінде ашылған «Қызылорда» жол бойы сервистік кешенін де отбасылық бизнес деуге болады. Жеке кәсіпкер Гүлмира Гейдарова мұның мемлекет қолдауынсыз, отбасылық бюджет есебінен жүзеге асырылғанын айтады. Сервистік кешен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің 1803-шақырымында орналасқан. Құны 300 млн теңге болатын жоба бойынша кешенде 17 бөлмелі қонақ үй, 85 орындық дәмхана, автобөлшектер мен азық-түлік дүкені, желімдеу, көлік жуу орындары, душ, автотұрақ қарастырылған.

Ал жеке кәсіпкер Ахмет Сейітжаппаров өз кәсібін дөңгелету кезінде мемлекеттік «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының шарапатын көрді. Бағдарлама аясында алған несиеге автожол бойынан 2015 жылы «Амангелді» қызмет көрсету орталығын ашты.

– Бізде жайлы қонақүй, кең әрі жылы дәмхана, техникалық қызмет көрсету стансалары бар. Күніне 70-100 шақты адам келіп, қызметімізді пайдаланады, – дейді кәсіпкер.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің пайдалануы жол бойында орналасқан ауыл-аймақтың тіршілігіне жан бітіріп, тұрғындардың жұмыспен қамтылуына жол ашты. Ал сапалы сервистік кешендер қатарының көбейе бастауы, әсіресе, әрлі-берлі жүйткіген көлік иелері мен жолаушылар үшін үлкен мүмкіндік.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<