Мәңгі өшпейді майдангерлер ерлігі

906

0

Жеңіс күні Арал ауданында да кең ауқымда тойланды. Жиынға тыл ардагерлері және мемлекеттік органдар мен әскери бөлімдердің, құқық қорғау органдарының өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

Айтулы күнді атап өту ең алдымен Арал қаласындағы Семей полигоны мен Чернобыль апатын қалпына келтіруге қатысқан азаматтар құрметіне арналған ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қою рәсімінен бастау алды. Осы ретте аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бастаған қала тұрғындары Семей полигоны мен Чернобыль апатына қатысушыларға арналған ескерткіш тақтаға және «Тағзым алаңына» гүл шоқтарын қойып, қанды қырғында қаза тапқан майдангерлерді үнсіздікпен еске алды.

Тағылымды шара одан әрі «Тарих ұлықтайтын, ұрпағы ұмытпайтын – Ұлы Жеңіс» атты театрландырылған мәдени көпшілік салтанатқа ұласты. Көпшілік қауымның назарын селт еткізген көрініс барысында «Ұрпағың мәңгі ұмытпас» атты «Жасампаз жасақ» шеруі ұйымдастырылды.

Салтанатты жиында аудан басшысы жұртшылықты Жеңіс мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін арнады. Мұнан әрі жиналған көпшілік аудан өнерпаздарының мерекелік концертін тамашалап, Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған эстафеталық жарыстың куәсі болды.

***

Қазалы ауданының тұрғындары «Жеңіс күні» мерекесін салтанатты түрде атап өтті.

Мерекеге соғыс ардагері Қабақ Смағұлмен бірге тыл еңбеккерлері және тұрғындар қатысты. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев бастаған азаматтар гүл шоқтарын қойып, Отан қорғау жолында мерт болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Мереке «Жеңіс» саябағында жалғасты. Салтанатты шарада аудан басшысы жұртшылықты Жеңіс күнімен құттықтады. Сұрапыл жылдары жалын кешкен батырларымыз барлық құрметке лайық екенін айтып өтті.

Айта кету керек, Қазалы ауданынан 10770 азамат майданға аттанса, 6229 жауынгер ғана аман-есен елге оралған. Бүгінгі күнде Пірназар Мырзатаев, Тілеуберген Тобабергенов, Қалеп Бектұрғанов, Лепес Әуесбаев, Қабақ Смағұл секілді майдангерлер арамызда жүр.

***

Жосалы кентінің орталық алаңында қармақшылықтар Ұлы Жеңістің 73 жылдығы мерекесін атап өтті. Аудан әкімі С.Мақашов құттықтап, ізгі лебізін жеткізді.

Шарада театрландырылған көріністер қойылып, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Сонымен бірге майдангерлер мен еңбек және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді.

***

Жеңіс пырағын бейбітшілік шырағына айналдырған жалағаштықтарда орталық алаңда мерекені қарсы алды.

Алдымен аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев, бір топ еңбек және тыл ардагерлері орталық алаңда орналасқан «Ер есімі – ел есінде» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтардың рухына құран бағыштап, бір минут үнсіздікпен еске алды.

Қайратбек Әубәкірұлы сұрапыл соғыс кезінде қазақ даласы қандай көмекпен қолдау көрсеткенін, қарыштап дамып келе жатқан ел әлеуетінің барша жетістіктері соғыс өртін өшірген аталарымыз бен аналарымыздың еңбегі арқасында екендігін атап өтті.

Салтанатты шара орталық алаңда театрландырылған қойылыммен жалғасын тапты. Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінің көркемөнерпаздары тұрғындар назарына концерттік бағдарлама ұсынды.

***

Ұлы Жеңістің 73 жылдық мерекесі Сырдария ауданында кең көлемде аталып өтілді. Мерекелік шара соғыс және еңбек ардагерлерінің, тұрғындардың қатысуымен өткен «Жасампаз жасақ» шеруінен бастау алды.

Шеруге қатысушылар екінші дүниежүзілік соғысына қатысушы ата-әкелерінің суреттері ілінген портреттерін қолына алып, кенттің А.Иманов, Д.Қонаев көшелерімен «Тағзым» алаңына дейін жүріп өтті.

«Тағзым» алаңында Мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылып, соғыста шейіт болып кеткен майдангерлерді еске алды. Мерекелік шара орталық алаңда жалғасып, аудан әкімі Ғанибек Қазантаев жиналғандарды Ұлы Жеңістің 73 жылдығымен құттықтады. Соғыс және еңбек ардагерлеріне мерекелік сыйлық табыс етті. Шара барысында әскери парад ұйымдастырылды, аудан өнерпаздары әуелете ән шырқап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

***

Ардагерлерді ардақтап, қарттарды құрметтеу – қанымызға сіңген үрдіс. Әрі мұндай өнегелі қадамның ұрпақ тәрбиесіне де тигізетін әсері мол. Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің отбасына барып, Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады.

Ең алдымен Айдар Жолбаевтың отбасына барған аудан басшысы 98 жастағы соғыс ардагеріне облыс әкімінің құттықтау хатын табыстап, сый-құрмет көрсетті. Мұнан соң Бұғыбай Нәрікбаев және Сәрсенбек Байжановтың шаңырағында болды.

Майдандағы жеңіске тыл еңбеккерлерінің қосқан үлесі зор. Ұлы Отан соғысы жылдарында ерен еңбек үлгісін көрсеткен Серғара Ізтілеуов және Үсенбек Кенебековке құттықтау хат тапсырып, сый-сияпат көрсетті.

Құрметке бөленген соғыс және тыл ардагерлері аудан басшыларына ризашылықтарын айтып, ынтымағы жарасқан елдің алар асуы мол екендігіне сенім білдірді.

***

Арада қанша уақыт өтсе де қайғылы қантөгістің қасіретін санадан сызып тастау әсте мүмкін емес. Ұлы Жеңіске жеткізген әрбір майдангерді құрметтеу бүгінгі ұрпақтың парызы. Отан үшін от кешкен жауынгерлердің ерлігі Жаңақорған ауданында да ұлықталды.

– Өмір мен өлім белдескен қан майдандағы боздақтардың әрбір әрекеті ерлікпен пара-пар. Жаумен бетпе-бет келіп, Отан үшін жан қиюға әзір болған жауынгерлер осындай қайсарлықтың арқасында жеңіс туын желбіретті емес пе? Біз үшін бүгінгідей бейбіт өмірді бағалай білу басты парыз, – деді аудан әкімі Ғалым Әміреев.

Екінші дүниежүзілік соғысқа Жаңақорған ауданынан 4947 адам аттанса, олардың 2280-і елге оралмады. Өкінішке орай, Жеңіс туын желбіретіп, елге аман келгендердің қатары жыл санап сиреп барады. Қазір ауданда небәрі 6 майдангер қалды.

Ш.АЛТЫНБЕКҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<