Мәңгілік есте

313

0

1997 жылы 24 наурызда қаладағы «Көкөніс» қоймасында алапат өрт орын алды.  Осы өрт оқиғасы салдарынан  қаһарман өрт сөндірушілер Арман Төлеубаев пен Арғын Әшірбеков қаза тапты. Қаза болғаннан кейін олар  «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

 1997 жылы  өрт сөндіру барысында қаза болған Арман  Төлеубаевқа  туған жері – Жалағаш ауданы Бұқарбай батыр ауылынан көше аты берілді. Содан кейін екеуіне де Қызылорда қаласынан  көше аттары берілді. Жақында сол көше бойына орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу рәсімі болып өтті.

 Адам баласы тумысынан мейірімді, адалдықты, қайырымдылықты, еңбек сүйгіштікті өн бойына сіңіріп өсіп, есейе келе кейде адам жолы осы бір асыл сезімдер ерлікпен сабақтасып жататыны бар.

 «Зар жылаған, егілген жан, Қирады талай арман көңілге алған.

Осы күнге жете алмаған, ерлікпен қаза тапқан Арманның рухына бас иіп, бір сәт үнсіздікпен еске алайық,-деді іс-шараның жүргізушісі. Бір минут үнсіздіктен соң Арман Төлеубаев атындағы көше бойына орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына арналған алғашқы сөз ауыл әкімі Сағат Байділдаевқа берілді. Одан соң Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаменті  ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұңғышбай Ботабаев, Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Руслан Қайрақбаев, Жалағаш ауданының құрметті азаматы, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабыланбек Нұрмағанбетов,  Арман Төлеубаевтың ұстазы Гүлзира Нұрбаева, достары атынан Әсем Әбдімәлік, Арманның әкесі Қуанышбай Төлеубаев сөз сөйледі.

 «Ерлікті нағыз батыр жасайды. Бауыржан Момышұлы айтпақшы: «Табандылық,  өр рух, қайсарлық – бұл ерліктің кепілі». Бұқарбай батыр ауылына қойылған бұл мемориалдық тақта Арман Төлеубаевқа  жасалған үлкен құрмет»,-деді олар.

Ескерткіш тақтаға жабылған  ақ желекті ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабыланбек Нұрмағанбетов пен Қызылорда облысы төтенше жағдайлар саласы бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұңғышбай Ботабаев ашты. Содан соң ескерткіш тақта алдына гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

«Мәңгілік ел болу жолына қадам басқан халқымыз аман, ел бірлікте болсын!»,- деген ниетпен іс-шара тәмамдалды.

 

Қызылорда облысы ТЖД

Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы