Мәжіліс депутаттары «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС-нің жұмысымен танысты

335

0

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері  Абзал Ералиев, Нұрлан Дулатбеков,Бейбіт Мамраев, Бақтияр Мәкен, Кәрібай Мұсырман кеше жұмыс сапарымен Қызылорда өңіріне келіп, аймақтағы Елбасы Жолдауы мен 5 әлеуметтік  бастамасынан туындайтын міндеттердің орындалысын бағамдады.

Сапар барысында «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Шиелі ауданына ат басын бұрып, онда қуаттылығы жылына 1 млн тонна  цемент өндіретін «Гежуба Шиелі Цемент» зауытының жұмысымен танысып, жұмысшыларымен сұхбаттасты.

«Гежуба Шиелі Цемент» зауыты өткен жылдың аяғында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір аясында іске қосылды. Жобалық құны 64 млрд. теңгені құрайды. Қытай халық республикасымен бірлескен және индустрияландыру картасына енгізілген аудандағы  ірі жобалардың бірі. Бүгінгі таңда компания жергілікті 200 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оларды оқыту мәселесі де жолға қойылған, -дейді зауыт басшысының орынбасары Алмас Сұраншиев

-Біз алдымен жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыру мақсатында Қытай еліндегі зауытта 100 адамды арнайы оқудан өткіздік. Қазір қытайлық инвесторлар ауданымызда Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің базасында жергілікті жастар арасынан 100 маман даярлауда. Бұл өз кезегінде моральдық  және материалдық жағынан бізге өз тиімділігін көрсетіп отыр.

Кездесу барысында халық қалаулылары Елбасы Жолдауындағы әрбір бағыттың халық игілігіне бағытталғандығын атап өтіп, бұл бағытта жалпы аудандағы қолға алынып отырған жұмыстарды оң бағалады. Сондай-ақ зауыт жұмысы  аграрлы аймақтан индустриалды аймаққа айналған Сыр өңіріне ғана емес, еліміздің дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.

– Тампонажды цемент бұл өнім құрылыс, мұнай және газ сондай-ақ уран өндірісінде кең қолданысқа ие. Зауыттың қуаттылығы да  өте жоғары. Жаңа технологиялардың енгізіліп жатқанын да көрдік. Цифрландыру жүзеге асырылуда. Сондықтан зауыттың ел экономикасына қосар үлесі өте зор. Меніңше, мұндай алдыңғы қатарлы кәсіпорындарды  әрі қарай дамытып, олардың айналасында кіші және орта кәсіпкерлікті жетілдіруіміз керек, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі  Бейбіт Мамраев.

Ал депутат Кәрібай Мұсырман кәсіпорын жұмысын Мемлекет басшысының елімізге инвестициялар мен жаңа технологияларды тарту аясындағы Қазақстан-Қытай серіктестігінің және еліміздегі қалыптасқан қолайлы инвестициялық ахуалдың жемісі екендігін атап өтті.

Айта кету керек жоба 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. 51 бірлескен қазақстандық-қытайлық жобалар тізіміне кірген. Бас мердігер «Чайна Триумф Интернэшнл» – халықаралық көшбасшы компаниялардың бірі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<