«НҰР ОТАННЫҢ» – ЖАҢА ҒИМАРАТТАРЫ

827

0

«НҰР ОТАННЫҢ» – ЖАҢА ҒИМАРАТТАРЫБейсенбіде облыс әкімі, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен Арал, Қазалы аудандарында болды. Аймақ басшысының әрбір келген қадамынан жаңалық күтетін жұртшылықтың үміті бұл жолы да ақталды. 
Арал қаласындағы «Нұр Отан» ХДП филиалының жаңадан бой көтерген ғимаратының ашылу рәсіміне қатысқан Қырымбек Елеуұлын көпшілік қошеметпен қарсы алды. Көк байрағымызды көтеріп, «Қазақстан», «Нұрсұлтан», «Нұр Отан» деп ұрандаған жастар өкілдерінің шынайы пейілі атырапты жаңғыртты. Айта кетерлігі, осы аумаққа көптеген мемлекеттік мекемелер шоғырланыпты. «Бір терезе» қағидасымен қала әкімдігі, салық басқармасы, прокуратура, «Халық» банкісі, басқа да құзырлы орындардың орналасуы тұрғындарға аса қолайлы. Яғни іздегенін қиналмай табады. Әсіресе, құжат әзірлеуде уақыт үнемдейсіз. Енді бұған «Нұр Отан» ХДП-ның ғимараты қосылды. 
«Нұр Отан» ХДП Арал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алдаберген Жолановтың айтуынша, теңіз төскейінде 33 бастауыш партия ұйымы, алты мыңға жуық мүшесі бар. Өңірдің өркендеуіне, халықтың ынтымақ-бірлігінің артуына қомақты үлес қосып келе жатқан партияның қатары жылдан жылға ұлғая түсуде. Кәсіпкерлердің қаржылай қолдауы, демеушілігімен қолға алынған нысан бас-аяғы екі айда пайдалануға берілді. 
Лента қию рәсімінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев көшбасшы партия «Нұр Отанға» ел ықыласының ерекше екендігін, бүгінгі шараның соны айғақтайтынын, баршасы жетекші партия мүшелеріне құрмет ғана емес, үлкен міндет те жүктейтінін айта келе халық пен партияның бірлесе атқарған жұмыстарының алдағы уақытта да жемісті болатындығына сенім білдірді. Арал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кішкене Айбосынов бүгінгі шараның ауызбіршіліктің символы екендігін қуанышпен жеткізді. 
Түс ауа аймақ басшысы Қазалыдағы нақ осындай шараға қатысты. Аудандық филиалдың жаңа ғимаратының құны 15 млн. теңгені құрайды. Бұл нысан да кәсіпкерлердің қолдауымен іске қосылды. Көркем де әсем ғимарат сапалы салыныпты. 
Жиналғандар алдында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде еліміздің өсіп-өркендегеніне тоқталды. Әсіресе, инвестиция тарту қарқынды дамыған. «Қазақ халқының маңдайына жазылған Отаны – Қазақстан. Осынау қадірлі ұғымды ұрпақтарымыз қадірлеуге тиісті. Елбасымыз тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын орнатты. Шаңырағын көтерді. Аға буын адал қызмет жасады. Ендігі міндет, ел болашағы – жастардың еншісінде. Сыр елінің тарихы бай. Ғұламалардың мекені. Оның ішінде Қазалының орны ерекше. Биыл ауданның бюджеті өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым көбейді. Көптеген толымды тірліктер тындырылды. Бірақ тоқмейілсуге болмайды. Келешекте атқарылуға тиісті шаруалар мұнан да қомақты. Нұротандықтар партиялық бақылауды күшейтуі қажет», – деп сөзін түйіндеген облыс әкімі билік пен халық арасындағы алтын көпір «Нұр Отан» партиясының ғимараты қашанда ашық тұруы керектігін атап өтті. 
Мұнан соң облыстық мәслихат депутаты, аудандағы кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы, «Тілеп» ЖШС директоры Ібайдулла Тілеп көпшілікке өзінің құттықтау лебізін арнады. 
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал, Қазалы аудандары.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<