Нұр-Сұлтанға қоқиқаздар ұшып келді (видео)

430

0

Нұр-Сұлтанда Кіші Талдыкөл өзеніне бір топ қоқиқаз ұшып келді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Жағалауда ондаған адам жиналып, сымбатты құстарды тамашалауда. Кіші Талдыкөлге қоқиқаздар шағын топ болып тұрақтаған. Суатта құс саны оннан асады.

Әлі жас құстар болғандықтан, реңі қалыпты алқызыл түске боялып үлгермеген.

Мамандардың айтуынша, олар қоқиқаздың ең қиыр солтүстіктегі тобы мекен ететін Қорғалжың қорығынан оңтүстікке қарай ұшып бара жатыр.

«Бұл аймақта қаншалықты ұзақ болатынын нақты айта алмаймын. Ол өздеріне, мұндағы жайылымға байланысты. Қоқиқаз ауа райын жақсы болжап, алдын ала біле алады. Ауа райының реті келіп, желдің оңтайлы бағдарын анықтаса, ұшып кетеді», – дейді Қазақстанның биотүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылыми қызметкері Руслан Оразалиев.

Ғалымдар бұл астаналықтар үшін қала аумағында қоқиқаз тамашалаудың соңғы мүмкіндігі болуы ықтимал екенін бар. Себебі суат тартылып барады.

«Мен жақын маңда тұрамын. Күн сайын мұнда аққу, үйрек жүзіп жүргенін көремін. Су тартылмайынша, олар өзенге қонақтай береді. Мұнда биік ғимараттар салынғаннан кейін құс тұрақтайтын орын болмайды», – дейді экобелсенді Тәжібай Баулет.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<